Алдағы уақытта елімізде екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының тұрғындарға несие беру тәртібі өзгереді. Бұл ретте ел билігі азаматтарға да, қаржы мекемелеріне де қатысты талап-шарттарды қатаңдатуды көздеп отыр. Әйтпегенде, соңғы жылдары тұтынушылық несиенің көлемі бизнес-несие сомасынан айтарлықтай асып, бұқара берешекке белшесінен батып жатыр.

Кәсіпкерлерден асып кетті

Сөзіміз дәлелді болу үшін бір ғана статистикалық мәліметті келтірейік. Ұлттық банктің дерегі бойынша, бүгінде қаржы ұйымдары берген несиелердің жалпы сомасы 34,6 трлн теңгені құрады. Оның ішінде 16,2 трлн теңге немесе кредиттердің жиынтық көлемінің 46,8 пайызы бизнес жүргізу мақсатында мақұлданған. Яғни, бұл қомақты соманы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер кәсіпкерлік мақсатында алған. Ал 18,4 трлн теңге немесе жалпы берешектің 53,2 пайызы – халыққа берілген несиелер. Осыдан-ақ тұрғындардың қарыз «қақпанына» түскенін айқын аңғаруға болады.

Бұл ретте Мемлекет басшысы қазақстандықтардың қарыз жүктемесін азайтудың тетіктерін қарастыруға қатысты тапсырма берген болатын. Соның аясында несие беру ережелеріне өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасын дайындалды. Олай болса, негізгі тұстарына тоқталайық.

 

Кімдерге қарыз берілмейді?

Несие алушыларды «құртатын» басты мәселе – қарыздың уақытылы қайтарылмауы. Кейбіреуі түрлі қиындыққа байланысты берешегін банк белгілеген уақытта бере алмай әуре-сарсаңға түссе, енді бірі қасақана төлемей, қаржы ұйымдарынан «қашып» жүреді. Бұдан былай «көлеңкеде» қалып қоятын мұндай азаматтарға несие беруге тыйым салынбақ. Атап айтқанда, банктер мен микроқаржы ұйымдарында 90 күннен аса мерзімі өткен несиелері болса, оларға мүлде берешек ресімделмейді. Есесіне банктер мен микроқаржылық ұйымдарға өтелмеген тұтынушылық несиелер бойынша 90 күн кешіктірілгеннен кейін сыйақы есептеуге де тосқауыл қойылды. Бұған дейін үш ай бойы төленбей жүрген несиенің үстіне пайыздық сыйақылар қоса есептелсе, енді мұндай болмайды.

Сондай-ақ, жаңа ережеде жеке несиені коллекторлық агенттіктерге мерзімі өткен күннен бастап 24 ай өткенге дейін сатуға шектеу енгізіледі. Сол арқылы қарыз алушыға айыппұл, өсімпұл және комиссияларды толық жоюды қоса алғанда қарызды өтеу мүмкіндігі беріледі. Яғни, үш айдан соң бірден коллекторлар мен сот орындаушылардың қолына
түспейді.

Өзгерістерге сәйкес, тұрғындарға берілетін тұтынушылық несиенің көлемі де бекітілмек. Енді банктер тек 5 млн теңгеге дейін, микроқаржы ұйымдары 3 млн теңгеге дейінгі сомада ғана тұтынушылық несие беруге құқылы. Оған қоса, микроқаржы ұйымдары 45 күнге дейінгі мерзімге беретін 50 АЕК көлеміне дейінгі қарыздың түрі алынып тасталады. Ал барлық микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі белгіленеді.

Заң жобасында әскерге аттанған азаматтардың жағдайы да ескерілді. Енді мiндеттi әскери қызметке шақырылған тұрғындардың банк несиелерi мен микрокредиттер бойынша берешекті қайтаруы автоматты түрде кейiнге қалдырылады. Бұл аралықта несиелеріне сыйақы есептелмейді.

 

Жалғыз үйден шығармайды

Тұрғындардың банк алдындағы берешегінің бір бөлігін тұтынушылық несиелер құраса, қалған бөлігі ипотекалық несиеге тиесілі. Көпшілік өз үйіне қол жеткізу үшін баспананы банк бағдарламалары көмегімен сатып алады. Бірақ кейін ұзақ жылға алған несиесін уақытылы төлей алмай қиналады. Әдетте мұндайда банк сот орындаушылар арқылы сол баспананы тартып алып жатады. Ендігі ретте бұл процеске де өзгеріс енгізілмек. Кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларды және мүгедектігі бар адамдарды жылыту маусымында жалғыз тұрғын үйден шығаруға тыйым салу, сондай-ақ қарыз алушының банк шотында сақталатын ақша сомасын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1-ден 2 есеге дейін (87 мың теңге) ұлғайту енгізіледі. Бұдан басқа, банктерге халықтың әлеуметтік осал топтары жататын бұрынғы меншік иелеріне балансқа өткен тұрғын үйді жалға беру құқығы беріледі. Сол арқылы банк қаржысына баспана сатып алған азаматтарға жеңілдіктер жасалмақ.

Өткен жылдың наурыз айында банк алдындағы қарызын уақытылы төлей алмай жүрген азаматтар үшін жеке тұлғалар банкроттығы енгізілген болатын. Жаңа заң жобасы бұл бағытты да қамтиды. Соған сәйкес, борышкерге мерзімі өткен берешекті өтеуді растайтын құжатты ұсыну талабын алып тастайды. Сол сияқты есеп айырысу және өндіріп алу рәсімін жүргізу мерзімін 18 айдан 12 айға дейін қысқартады. Бұл да өздерін банкрот ретінде жариялауды қалайтын азаматтардың мәселесін жеңілдетуі тиіс.

Өкінішке қарай, кей адамдар алаяқтардың құрығына ілініп, сан соғып қалып жататыны тағы бар. Сондықтан бөтен біреу «мойнына іліп» берген несиені өтеуге мәжбүр болады. Енді пысықайлардың мұндай қитұрқы әрекеттеріне тосқауыл қою үшін міндетті биометриялық сәйкестендіру енгізілді. Одан өтпей, электронды банк қарыздары мен онлайн-микрокредиттер беруге тыйым салынады. Сондай-ақ, несиенің алаяқтық жолмен берілгенін айғақтайтын сот шешімі болған жағдайда банк клиенттеріне қатысты несие талаптары тоқтатылады.

Атап өтерлігі, жаңашылдықта банк омбудсменінің азаматтардың барлық несиесіне қатысты дауларды қарау жөніндегі өкілетін кеңейту және микроқаржы омбудсменін құру қарастырылған. Омбудсмендердің шешімдері банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық ұйымдар үшін міндетті болады.

Осылайша, депутаттар, сала сарапшылары дайындаған заң жобасы қарыз жүктемесін азайтып, тұтынушыларға қойылатын талаптарды жеңілдетуді көздейді. Аталған жоба Мәжілістің екінші оқылымында қабылдады. Қазір Сенат депутаттарының қарауына берілді. Жоба толығымен мақұлданса, жоғарыда аталған өзгерістер күшіне енеді. Бірақ бұл – арқаны кеңге салуға болады деген сөз емес. Алмақтың да салмағы барын естен шығармау керек. Сондықтан несие ресімдейтін кезде «жеті рет өлшеп, бір рет кессе», артық болмас.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.