Ғылым-біліммен тұрақты шұғылдану, өз зерттеуің бойынша талмай еңбек етіп, түбіне дейін жету әркімнің қолынан келе бермейді. Себебі, ғылым жолы — ауыр жол. Алға қойған мақсат пен бағыттан адаспай нәтижеге жету үшін еңбек, сабыр және төзімділік керек.

Міне, ғылым жолын таңдап, қазіргі қоғам үшін ең өзекті саналатын экологиялық салада күрделі ғылыми зерттеулер жасап жүрген ғалымдардың бірі — Марғұлан университетінің профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Айнагүл Оспанова.

Айнагүл Кенжешқызы Семей өңірі, Абай ауданына қарасты Медеу орта мектебін күміс медальға бітірген. 1991 жылы Павлодар педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен тәмамдаған. Қолға диплом тиген соң ауылға тартып кетпей, университет қабырғасында оқытушы болып қалуды шешкен. Ол кезде қазақ топтарына беретін мамандар тапшы болған екен. Біріншіден, осы олқылықтың орнын толтыруды көздесе, екіншіден,
өзі білім алған саланы терең зерттеп, ғылымға бет бұруды көздейді. Алдымен биология кафедрасында бір жылдай лаборант, содан кейін оқытушы болып жұмысын жалғастырған.

— Оқытушы болып жүріп ғылыми зерттеулермен айналыса бастадым. Ғылымға келуіме сол кездегі профессор оқытушылық құрам тікелей әсер етті, қолдау көрсетті. Олардың қатарында Ботакөз Шаймарданова, Қанат Ахметов, Айгүл Акимова, Бақытжамал Ғабдулқаева, Нұргүл Сағиқызы  сынды ұлағатты ұстаздардың еңбегін атамай кетуге болмайды. Ол кісілер көп жастарды ғылым жолына жетелеп әкеліп, үлкен ғалым болуға ықпал етті. Сол кезде ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары сабақ беретін. Бұл кісілердің берген білімдері арқылы ғылымға деген құштарлығым артты. Сол кезден бастап, жеке ғылыми жобаларға қатыса бастадым. Торайғыров университетінде ботаника саласы бойынша аспирантура ашылған еді. Сонда түсіп, ғылыми жетекші ретінде Сардарбек Абиев есімді ағамызды таңдап алдым. Кандидаттық диссертация тақырыбы Павлодар облысындағы ағаш және бұта өсімдіктерінің ауру қоздырғыш саңырау құлақтарын зерттеуге арналды. Осы зерттеу бойынша ботаника және фитоинтродукция институтының зертханасында жұмыс істедім. Сол зертхананың мамандарынан көп тәжірибе алдым, — дейді Айнагүл Кенжешқызы.

2009 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Сонымен қатар, ғылыми мақалалар жазып, түрлі халықаралық деңгейдегі журналдарда жария- лай бастады. Осы саладағы талмай жүргізілген ізденістерінің, зерттеулерінің нәтижесінде 2020 жылы толық профессор атағын алды. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен көрсеткіштердің нәтижесінде «Үздік оқытушы» конкурсында жеңімпаз атанды. Жалпы, жоғары рейтингті журналдарда 40-тан астам авторлық мақаласы жарық көрген.

Қазіргі күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан бекітілген ауқымды ғылыми жобаның ғылыми қызметкері ретінде жұмыс істеп келеді. Ғылыми жоба тақырыбы —
«Баянауыл ұлттық паркі өсімдіктерінің климаттық және антропогендік факторлардың әсерінен қазіргі жағдайы мен динамикасын бағалау». Қазір Айнагүл Оспанованың жетекшілігімен бір студент докторлық диссертацияға дайындалуда.

— Егер біз ағаш өсімдіктеріндегі ауруларды зерттеп, оны жоймайтын болсақ, болашақта экологиямыздың бұзылуына әкеледі. Бұл — бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі. Сондықтан осы тақырыпқа деген қызығушылық жоғары болды. Жалпы, саңырауқұлақтармен жұмыс жасау оңай емес, оларды өсіру және одан кейін құрамын анықтау керек. Бұған дейін саңырауқұлақтардың құрылымы зерттелмеген екен. Болашақта олардың ДНК-сын анықтау жұмыстарын шетел мамандарымен бірге жүргіземіз деген жоспар бар, — дейді Айнагүл Оспанова.

Профессор шетел ғалым-дарымен де тығыз әріптестік байланыс орнатып, кейбір жаһанға ортақ мәселелерде пікір алмасып отырады.

Атап айтқанда, Түркия және Пәкістан университеттерінің профессорларымен, эколог ғалымдарымен бірлесіп, күрделі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізбек. Сонымен қатар, жоғары рейтингті журналдарға бірлескен ғылыми мақалалар жариялау жұмыстары жоспарлануда.

— Оқытушылық жұмыс пен ғылымды бірге алып жүру оңай емес, оның сыртында отбасыға да қарау керек. Сондықтан ғылымда белгілі бір дәрежеге жету үшін түрлі кезеңдерден өтіп, түрлі кедергілерді жеңуге тура келеді. Қазақта: «білім инемен құдық қазғандай», — деген сөз бар. Ғылыммен айналысу, ғалым болу оңай емес. Әсіресе нәзік жандылар үшін бұл саланың салмағы ауыр. Мысалы, мен бір ғана профессорлық атақты алу үшін осы жолда тоғыз жыл талмай еңбек еттім. Бұл жерде түрлі тақырыпта мақалалар жазу, түрлі зерттеулер бойынша эксперименттер жасау сынды көзге көрінбейтін және аса маңызды кезеңдер бар. Сондықтан ғылымға үлкен дайындықпен және нақты көздеген мақсатпен келген жағдайда ғана оның жемісі мен нәтижесін көресіз, — дейді профессор Айнагүл Оспанова.

Тілеуберді САХАБА