deaf mute patient use video conference, make online consultation by sign language with doctor on tablet application about illness, medicine via vdo call. Telehealth, Telemedicine, online hospital

«Бір ымды түсіну үшін денедегі 1600 нүктені оқимыз» дейді «Signbridge» жобасының жетекшісі, павлодарлық ғалым Нұрзада Амангелді. Ол қазақша ымдау тілін танитын заманауи интеллектуалдық жүйе жасап шығарған. Бұл – Қазақстанда теңдесі жоқ жоба. Күні кеше жерлесіміздің өнертабысы «World Summit Awards» әлемдік байқауының үздіктерінің қатарынан табылды. БҰҰ беделді сыйлығының халықаралық сарапшылары тарапынан іріктелген жалғыз қазақстандық жоба болып отыр.

Бүгінде Нұрзада Амангелді Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де еңбек етеді. Өнертабысын да осы шаңырақта шыңдауда. Оның «Signbridge» жобасы «World Summit Awards» әлемдік байқауының үздіктерінің тізіміне енді. Бұл – БҰҰ беделді сыйлығы. Ал ғалымның аталған жұмысы – халықаралық сарапшылар іріктеп алған жалғыз қазақстандық жоба. Байқауға барлығы 180-нен астам мемлекеттен инновациялық әзірлемелер ұсынылған. Нұрзада Амангелдінің жобасы «Inclusion and emprowment» аталымы бойынша 80 жаһандық инновациялық өнертабыстың ішінен үздік атаныпты.

Талантты ғалым осы бағытта бес жылдан бері зерттеу жүргізіп келеді. Ғылыми жоба жасанды интеллектке негізделген және сөйлеу мен есту қабілеті бұзылған жандарға арналған. Ең бастысы, жүйе қазақша ымдау тіліне бейімделген. Негізгі бірегейлігі де осында. Себебі, елімізде есту және сөйлеу қабілеті нашарлаған азаматтарға қатысты маңызы мәселенің бірі – білім алу. Тағы бір мәселе – қазақ тілі ым-ишарасының болмауы. Қазір олар орыс тілінің ым-ишарасы негізінде сөйлейді.

Жүйені әзірлеу барысында ғалым бір ымның бірнеше нұсқасын дайындаған. Оларды көрсетілу күрделілігі бойынша топтарға бөліп, әрқайсысына жасанды нейронды желі моделін әзірлеген.

– Басты мақсатым – ым тілінде сөйлейтін адамдармен қоғам арасындағы кедергіні жою. Сол үшін де жобаны «Signbridge» деп атадық. «Ым тіліндегі көпір» деген мағынаны білдіреді. «Құлағы естімейтін, сөйлемейтіндер мектепте қалай оқиды, қалай білім алады, мемлекеттік мекемелердің қызметін қалай тұтынады?» деген сауал мені жиі мазалайтын. Осы ойдың жетегімен 2019 жылы жаңа жобаны қолға алдым, – дейді ғалым.

«Signbridge»-дің көмегімен ым тіліндегі сөздерді компьютерге көрсетсеңіз, жүйе оны табиғи тілге аударып бере алады. Қазір сөздерді сөйлемге түрлендіретіндей деңгейге жеткен.

– Ең алдымен ым тілінің әліппесін оқып, үйрендім. Одан кейін тек қолдың қимылын танитын жүйе жасадық. Ал сөздерді толыққанды тану үшін жүйеге адамның денесінің қозғалысын да қосу қажет болды. Себебі, ымның тілі тек қолдың қимылынан тұрмайды. Адамның денесінің, ернінің қозғалысы, эмоциясы, барлығы ескерілуі тиіс. Ең қиыны да осы. Бір әріпті біздің нейрондық жүйеміз дұрыс көрсетуі үшін оны жүз рет жазамыз. Бұдан бөлек, бір ымды түсіну үшін денедегі 1600 нүктені оқимыз, – дейді Нұрзада Амангелді.

Жобаның маңыздылығын мына бір көрсеткіш дәлелдеп тұрғандай. Елімізде есту, сөйлеу қабілетінен айырылған 32 мың адам тіркелген деседі. Оның ішінде 5-тен 17 жасқа дейін 3 мың бала бар. Олар толыққанды білім ала алмауда. Жоғары оқу орындарына оқуға түсу көрсеткіштері тіптен төмен. Себебі, елімізде сурдоаудармашы мамандар тапшы. Онымен қоса, қоғаммен қалыпты байланысуы қиын болған соң мұндай жандардың мамандық таңдауында да шектеу бар. Мысалы, әйел адамдар көбіне тігінші, ер азаматтар етікші болады.

– Болашақта бұл жүйе арқылы ым әліпбиі мен ым тілін білетін сурдоаудармашыларды даярлауға болады. Мұндай мамандар түрлі мемлекеттік ұйымға қажет екені анық. Енді біз мобильді қосымша жасауға кірістік. Оның көмегімен ым тілімен өзара сөйлесуге болады. Сөйлеуді мәтінге, мәтінді ымға және керісінше түрлендіретін жүйе құрылады. Осы жобаның арқасында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мектепте толыққанды білім алып, медициналық және мемлекеттік мекемелерде қызмет алуы және адамдармен еркін сөйлесуіне жол ашылады, – дейді Нұрзада Амангелді.

Ғалым алған ілім-білімнің, меңгерген ғылымның өтемі болуы тиіс деп есептейді.

– Мемлекет бізге ғылыммен айналысуға мүмкіндік берді. Бакалавр білімін, магистратураны, докторантураны тегін оқып, шәкіртақымды алып жүрдім. Мұның барлығы бізге жұмсалған қомақты қаражат қой. Бәлкім ол жайында ойланбайтын шығармыз. Соның өтемі болуы керек. Бұл ғалым ретінде маған жүктелген жауапкершілік деп есептеймін, – дейді ол.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА.