Павлодарға көктем кеш келеді десек те, су тасқынына дайындық өз уақытында жүргізілуі керек. Себебі қар көбесі сөгіле бастаған күннен-ақ өзен-көлдерге, су қоймаларына жақын орналасқан елді мекен тұрғындарын су тасқынының қаупі алаңдатып, үрей құшағында ұстайды. Биылғы қыс қарлы болғанын ескере отырып, облыста су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Жақында әлеуметтік желілердің бірінде Павлодар қаласы мен Атамекен ауылы, Ақсу қаласы және Павлодар ауданындағы бірнеше көшені су басқаны туралы ақпарат тарады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі аталмыш аудандарға қарасты елді мекендерде еріген суды сору жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, ведомстводағылар әзірге тұрғын үйлер мен басқа да нысандар зақымданған жоқ мәлімдеді.

– Павлодар, Ақсу қалаларының аумағында еріген суды сору жұмыс-тары жүргізілуде. Бір тәулікте шамамен 25-30 мың текше метрден астам су сорылады. Ақсу қаласында Бөкейханов көшесінің оңтүстік-шығыс бөлігінде су бұру каналы өткізілді. Атамекен кентінде экскаватордың көмегімен 3 жерде ашық шұңқырлар қазылды. «Атамекен-Ақсу-Көктөбе-Курчатов» республикалық маңызы бар авто-жолының 15 және 129 шақырымы арқылы судың өтуінің алдын алу мақсатында трасса бойында 620 дана қапшық төселді және 45 тонна инертті материал төселді. Жұмыстарға барлығы 51 түрлі техника, 115 адам және 21 мотопомпалар жұмылдырылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда, – деді департаментте.

Сонымен қатар, жақында Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Атамекен кентіндегі жұмыстардың қалай жүріп жатқанын тексеріп, жедел штабта кеңес өткізді. Оның айтуынша, аталмыш ауылдағы тұрғын үйлерді су басу қаупі жойылды. Құтқарушылар төрт жерде жасанды бөгет орнатты.

– Алдын алу шарасына 10 арнайы техника мен мотопомпалар жұмылдырылып, ауыл тұрғындарының бау-бақшалары мен жеке аулаларынан су сору жұмыстары жүргізілді. Соңғы он күнде арнайы құралдармен 30 мың текше метрден астам су сорғызылды. Қала көшелерінде 20-ға жуық арнайы техника, соның ішінде 4 мотопомпа қар суын сорғызу жұмыстарына жұмылдырылған. Жеке секторлар және аулаішілік аумақтар, яғни кварталішілік аймақтар да қамтылған, — деді қала әкімі.

Шаһарды қар суынан тазалауға төтенше жағдайлар департаменті де атсалысып жатыр. Қазіргі уақытта алдын алу шарасына 40 техника мен 85 адам жұмылдырылды.

Жалпы, облыста су шаруашылығы жағдайы мен гидротехникалық құрылымдардың жай-күйіне тұрақты бақылау жүргізуде. Сонымен қатар, барлық гидротехникалық құрылымда су тасқынының алдын алу шараларының жоспары әзірленіп,  төтенше жағдай туындау қаупі бар объектілерінің тізімі жасақталды. Аталған тізімде облыс бойынша су басу қаупі жоғары 43 елді мекен бар.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ескерту басқармасының басшысы Шәкір Ахметов көктемде су тасқынына басты қауіп Ащысу, Бала-Шідерті, Қарасу өзендері арқылы келетінін атап өтті. Айтуынша, су басу қаупін азайту мақсатында былтыр Баянауыл ауданындағы Жаңатілек, Сәтбаев, Ұзынбұлақ және Жаңажол ауылдық округтерінде 6700 гектар аумақты алатын өзендерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде мұнда бөгеттер үшін топырақ төсеу және шлюз реттегіштері орнатылған. Сонымен қатар, Ертіс өңірінде 7 бөлімнен тұратын су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы қабылданды.

– Төрт кезеңнен тұратын дайындық пен инженерлік-техникалық жұмыс жоспарларын бекіттік. Біз қазірдің өзінде үлкен көлемдегі, яғни, қолданыстағы бөгеттерді жою, жағалауларды қорғау, кейбір тереңдіктерді тереңдету сынды жұмыстарды қолға алдық. Республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдардағы барлық су өткізгіш құбырларды тазалап, жаптық. Жергілікті атқарушы органдар қап контейнерлерін, су тасқынының алдын алатын барлық құралдарды сатып алуды жүзеге асыруда. Жалпы, су тасқынына қарсы әрекет ету үшін төтенше жағдай департаментінің жеке құрамындағы 1500 адам мен 600 техника сақадай сай, – деді Ш.Ахметов.

Сонымен қатар, басқарма басшысының айтуынша, су тасқыны кезеңіне дайындық үшін елді мекендердің айналасына қорғаныш бөгеттерін салу, авто және теміржол жолдардың астындағы құбырларды жөндеу және тазалау, қар шығару жұмыстары жүргізілуде екен. Гидротехникалық құрылыстарды, нөсерлі-кәріз жүйелерін, арық-дренаж жүйелерін салу және жөндеу, жергілікті құлақтандыру жүйесін орнату мен автожол учаскелерінде су өткізу құбырларын реконструкциялау жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, су басу қаупі бар аймақтарда өзен арналарының жағаларын нығайту, түзету, тереңдету және тазарту жұмыстары жүзеге асуда.

 

А.МҰҚЫШЕВ.