Биылғы жылыту маусымы әзірше аяқталған жоқ. Дей тұрғанмен, облыстағы қалалар қазірден-ақ алдағы жылу беру кезеңінің қамына кірісу қажет. Осы жылы орын алған олқылықтарды жойып, тозу көрсеткіші мен ақауларды азайту үшін кешенді жұмыстар атқаруы тиіс. Облыс әкімі Асайын Байханов өңірдегі үш қалада осы мәселеге арналған арнайы жиын өткізді.

 

Былтыр Павлодар қаласында үш жылу-электр станциясындағы 15 негізгі жабдық жөнделіп, 30 шақырым жылу желісін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде ақаулар 20 пайызға азайды. Биыл жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін жылу орталықтарындағы тағы 15 негізгі жабдық пен шамамен 25 шақырым желіге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ, Қамзин көшесі бойында ЖМ-13 жаңа жылу магистралінің және Абай-Кривенко көшелері аума-ғында ТСС-5 жаңа сорғы станциясының құрылысы жоспарланған.

Ал оған дейін жылу беру маусымы аяқтала сала гидравликалық сынақтар өтеді. Оңтүстік желілік ауданда жоспар бойынша 15-22 сәуір, солтүстік аймақта 26-30 сәуір аралығында жүргізіледі. Сынақтан өткен желілер 5-7 күн аралығында қайта қосылуы тиіс. Ал ақаулар анықталған жағдайда оларды жою және кейін ыстық суды қосу жұмыстары қолға алынады. Осыларды ескере отырып, оңтүстік желілік ауданда 25 мамырға дейін, солтүстік ауданда 31 мамырға дейін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, ыстық су беру көзделген.

– Бір жылу беру маусымын аяқтай салысымен біз бірден келесі маусымға дайындықты бастаймыз. Бұл – барлық деңгейдегі әкімдер мен салалық мемлекеттік органдардың жұмысындағы маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан, ауқымды жұмыстар жүргізу қажет, – деді Асайын Байханов.

Аймақ басшысы Екібастұз қаласына да арнайы барып, жылу беру маусымының өтуі және алдағы маусымға дайындық бойынша жиналыс өткізді. Былтыр кеншілер шаһарында жүргізілген күрделі жөндеудің нәтижесінде негізгі жабдықтың жалпы тозуы 5,4 пайызға төмендеді. Желілік су құбырларын ауыстыру, оның ішінде төрт жылу магистралін қайта қалпына келтіру жұмыстары желілердің тозуын 9 пайызға азайтты. Қазіргі уақытта Екібастұз ЖЭО-да 4 қазандық агрегат және 10 желілік сорғы жұмыс істеп тұр. Тағы 6 қазандық агрегаты – резервте.

Жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін желілерге гидравликалық және температуралық сынақтар жүргізіледі. Бұл жұмыстар 15 сәуірде басталады. Асайын Байханов жауапты мемлекеттік органдарға 10 сәуірге дейін Екібастұз қаласының 2024-2027 жылдарға арналған жылу желілері нысандарын қалпына келтіру және құрылысы бойынша «Жол картасын» бекітуді, Екібастұз қаласының әкімдігіне «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-мен бірлесіп гидравликалық сынақтарды уақтылы жүргізуді, анықталған ақауларды жедел жойып, қала тұрғындарын ыстық сумен қамтамасыз етуді тапсырды.

Жалпы, кеншілер қаласында биыл үш жылу магистралін қалпына келтіру, 10,4 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланған.

Сонымен қатар, бұл күні аймақ басшысына жаңа автобустар таныстырылды. Екібастұз автопаркі «ZhongTong» маркалы 23 жаңа автобус сатып алып, жылжымалы құрамды толығымен жаңартты. Нәтижесінде қолданыстағы бағыттарға жаңа автобустар қосылып, бұрын қоғамдық көлік қатынамаған 207-208 кварталдарға жаңа бағыт ашылады.

Асайын Байханов Ақсу қаласындағы жылу мәселесін де көшпелі жиын барысында пысықтады. Жылу беру маусымы басталғалы энергия көзінде авариялық ақаулар тіркелген жоқ. Ақсудағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 99 шақырымды, олардың тозуы 64 пайызды құрайды. Бұл – аймақтағы жылу желілерінің тозуының ең төмен деңгейі. Мұнда өткен жылы 5,2 шақырым желі жөнделсе, биыл 4,1 шақырымы жаңартылады. Сондай-ақ, осы жылы қаланы жылумен қамтитын Ақсу ферроқорытпа зауытының 4 қазандық агрегатын жөндеу жоспарланған. Жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін шамамен 15-22 сәуір аралығында гидравликалық сынақтар жүргізіледі.

Бастысы, сәуір айында көпшілік көптен күткен жаңа қазандықта іске қосу-реттеу жұмыстары қолға алын-
бақ. Бұл жұмыстар сәтті өтіп, қазандық іске қосылса, шағын қаланың 365 жаңа абоненті орталықтандырыл-
ған желіге қосыла алады.

Жиын соңында Асайын Байханов Ақсу әкіміне 10 сәуірге дейін жаңа қазандықты пайдалануға беру бойынша «Жол картасын» бекітуді, гидравликалық сынақтарды уақтылы жүргізуді және алдағы жылу беру маусымына тиісті дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.