«ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП»: ЖАС КӨШБАСШЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕКТЕБІ

Қар 27, 2026

Май ауданында мектеп парламенті мүшелеріне арналған «Жас көшбасшының құқықтық мектебі» атты аудандық құқықтық сессия өтті.

Іс-шараға аудан мектептерінен 100-ге жуық оқушы қатысып, құқықтық сауаттылықты арттыру, жасөспірімдердің құқықтары мен міндеттерін түсіну, мектептегі қауіпсіздік пен әділдік қағидаттарын қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Кездесудің «Заң және тәртіп» бөлімінде аудан прокуроры Абылай Асетұлы Жарылқап және полиция подполковнигі Дастан Қазбекұлы Темиргалиев қатысып, оқушылар алдында мазмұнды баяндамалар жасады.

Мамандар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, буллинг пен кибербуллинг, интернет қауіпсіздігі, заң талаптарын сақтау және әрбір азаматтың жауапкершілігі туралы маңызды ақпараттармен бөлісті. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды.

Сессияның интерактивті бөлімінде оқушылар «Құқық па, міндет пе?» тапсырмасы арқылы білімдерін сынап, құқық пен жауапкершіліктің арақатынасын саралады.

Ал «Парламенттік мінбер» кезеңінде мектеп командалары алдын ала дайындалған жағдаяттар бойынша өз шешімдерін ұсынып, пікір алмасты. Кибербуллинг, жеке мәліметтерді рұқсатсыз тарату, бопсалау, кемсітушілік, мектептегі әділдік пен оқушылардың қауіпсіздігі мәселелері ортаға салынды.

Әр мектептің ұсынысы бір маңызды ойды аңғартты: қауіпсіз әрі әділетті мектеп қалыптастыру – баршамызға ортақ жауапкершілік.

Мектеп парламенті – тек өзін-өзі басқару ұйымы емес, оқушының өз ойын ашық білдіріп, бастама көтеріп, ортақ мәселелерді шешуге атсалысатын маңызды алаң.

Бүгінгі кездесу жас көшбасшыларға заңды білу, әділ шешім қабылдау, өзгенің құқығын құрметтеу және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну қажеттігін тағы бір мәрте көрсетті.

Заңды құрметтеу – мәдениет, тәртіп сақтау – жауапкершілік, ал әділдікке ұмтылу – нағыз көшбасшының белгісі!