Құрылыс маусымы басталғалы облыс аумағында жолдарды жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл Павлодар қаласының 14 көшесінде жалпы ұзындығы 27 шақырымды құрайтын жергілікті маңызға ие автомобиль жолдарын жөндеу жоспарланып отыр.

 

Жол жөндеу жұмыстарының барысын бақылау үшін облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласындағы учаскелерді аралап, мердігер мекемелердің басшыларымен кездесті. Аймақ басшысы соңғы жылдары облыс орталығында сапалы көлік инфрақұрылымын құру мақсатында жаңа жобалар іске асырылып жатқанын жеткізді.

– Облыс орталығындағы көшелердің асфальт жабыны қалай жаңартылып жатқандығын тексердім. Павлодардағы 14 магистраль жолдың 27 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Барлық дерлік учаскелер бойынша мердігерлер анықталды. Қазіргі уақытта жұмыстар Назарбаев даңғылында (Ломов көшесінен Ак.Шөкин көшесіне дейін) жүріп жатыр. Ағымдағы жөндеумен 80 мың шаршы метр жолды, квартал ішіндегі жолдарды және автокөлік тұрақтарын қамту жоспарланған. Қала билігі бұл жұмыстарды наурыз айының соңында бастаған болатын. Бүгінде 21 мың шаршы метр асфальт жабыны жаңартылды, – деді А.Байханов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы жергілікті тұрғындардың ұсыныс-тары мен шағымдары бойынша қала әкімдігіне мердігерлердің кемшіліктерін уақытында түзету үшін күн сайын жөндеу жұмыстарының басына барып, қадағалауды тапсырды. Мәселен, жаңа жаяу жүргіншілер жолын салу барысында биіктіктін ескеріп, жолдарды топырақ қабатынан жоғары қою қажет екенін атап өтті.

– Тағы бір маңызды міндет – бұрын-соңды болмаған немесе жағдайы нашар көшелерде жаяу жүргіншілер жолын салу. Жаяу жүргіншілер жолын біз кезең-кезеңімен жаңартуды 2022 жылы бастадық. Осы уақыт ішінде облыс орталығында 40 шақырымнан астам жаяу жүргіншілер жолы ретке келтірілді. Биыл Павлодардың 28 көшесінде 22 шақырымды құрайтын жаңа жаяу жүргіншілер жолдарды салу жоспарлануда, – деп толықтырды облыс әкімі.

Бұдан бөлек, Асайын Байханов бүгінгі таңда облыс орталығындағы негізгі магистральді көшелердің бойындағы асфальттың тозуына жол бермеу үшін техникалық-экономикалық негіздемеде арық жүйесін қарастырып жатқанын жеткізді. Жоба шамамен 150 миллиард теңгеге бағаланды. Осы жазда аталған жоба мемлекеттік сараптамадан өтуі керек. Содан кейін бұл бағыттағы жұмыстар үш кезең бойынша жүргізілмек.

– Жаңбырдан кейін кейбір қала көшелері суға толып, шалшықтар пайда болады. Бұл нөсер канализациясының болмауына байланысты. 2021 жылдан бастап біз Павлодар қаласында су бұру және жаңбыр суы жүйесін салудың техникалық-экономикалық негіздемсін дайындауды бастадық. Биыл бұл техникалық-экономикалық негіздеме мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Шамамен шілде-тамыз айларында аталған сараптаманы алуды жоспарлап отырмыз. Содан кейін дренажды және жаңбыр су жүйесін реттеуге арналған су құбырын құруға қаражат қарастырамыз. Құрылысты қаланың солтүстік-шығыс бөлігінен, оның ішінде Екінші Павлодардан бастап, сонымен бірге Ертіс жағасындағы дренаждық жүйені жабдықтау жоспарлануда. Атап айтсақ, арық жүйесі Қамзин көшесі, Екінші Павлодар және Зеленстрой шағын ауданын-дағы басты көшелердің бойымен өтеді. Бұл нөсер дренажындағы су қалалық канализацияға ағызылмайды. Себебі, оның құрамында тым көп қоспалар, тұздар мен майлар бар. Демек, оған бөлек тазалау жүйесін қамтамасыз ету қажет. Бұл суды жылу-электр станцияларына техникалық су ретінде пайдалану мәселесі талқылануда, – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде қала әкімі Хасар Хабылбеков қазіргі уақытта бірқатар көшелерде коммуникациялардың қорғаныс қабатын қамтамасыз ету, аршу жұмыстары, топырақты тұрақтандыру және жол төсемін жасау шаралары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Айтуынша, орташа жөндеу аясында 10-нан астам көшенің жол төсемі фрезерленіп, жаңа асфальт жабыны төселмек.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.