Бүкіл әлем жедел хабар жеткізуде бәсекелестікке түсуде. Бұл ретте заманауи технологияларды жетік игеру ерекше серпін беріп отыр. Бірақ қаншалықты «ай нұрын ұстап мінсе» де, журналистиканың бұлжымайтын заңдылығы ол — жаңалықтың шындыққа негізделуі. Өкінішке орай, хайпқа ұмтылған БАҚ өкілдері осы алтын қағиданы кейде аттап кетіп жатады. Бұның соңы жауапкершілікке тартуға дейін апаруы да ықтимал.

Өзін әйгілеген медиа шара

Қыркүйек айының 20-22 күндері аралығында еліміздің орталығы – Астана қаласында дәстүрлі Astana Media Week шарасы өткізілді. Оның ашылуы салтанатында бейнеүндеу жолдаған ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атап өткеніндей, Astana Media Week – бүгінде еліміздің медиа кеңістігінде маңызы зор шараға айналды. Бұл жиынға жыл сайын беделді шетелдік тұлғалар, сарапшылар, мемлекеттік деңгейдегі медиа мамандарының арнайы қатысуы — осының айғағы.

— Мемлекет бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіруге ерекше көңіл бөліп отыр. Сонымен қатар, биыл мемлекеттік ақпараттық саясат жүзеге асырудың негізгі бағыттарын айқындайтын тұжырымдамалық құжат — ақпаратық доктрина қабылданды. Медиа саласы қоғамдық өмірдің барлық салаларына әсер ететіні белгілі. Салада үздіксіз трансформация мен цифрландыру, жаңа платформалар мен коммуникация құралдары мен хабарламаларды беру әдістері үнемі жаңарып отырады. Бұл БАҚ-ты жаңашылдыққа бейімделуге, үнемі дамып, жаңғырып отыруға жетелейтіні белгілі, — деп атап өтті өз сөзінде Аида Ғалымқызы. Үш күн бойы жетекші қазақ-стандық және шетелдік сарапшылар тез өзгеріп жатқан медиа нарыққа бейімделу және заманауи қиындықтарға қарамастан қызметті лайықты жалғастыру міндетін талқылады. Еске сала кетсек, Astana Media Week Қазақстанда жетінші рет өткізілді. Биылғы таңдалған тақырып — «MEDIA power: TRENDS, CHANGES, ETHICS» (Медиа күші: үрдістер, өзгерістер, этика).

Алтын заңдылық — шындық

Әр өңірден келген қатысушы-лардың алдына бірнеше тақырыптар бойынша өз ісінің мамандары шығып, үздік тәжірибелерін ұсынып, мәселелерді талқылады. Бүгінде ақпаратты жылдам жеткізуге құлшынып қана қоймай, бұл жолда танымалдылықты көздеу барысында әріптестеріміз ыңғайсыз жағдайларға ұрынып жатады. Бүгінде бірқатар журналистер хабар дайындау барысында заңмен рұқсат етілмеген жайттарға да кезігеді. Дегенмен, журналистиканың мақсатының бірегейлігін қарасақ, бірден БАҚ өкілдерін желкесінен сүйреп сот алдына апару, қылмыстық жауапкершілікке тарту қаншалықты жөн? Иә, заң алдында бәрі бірдей. Дегенмен, журналистердің асыра сілтеп жіберген тұстарын басқа қырынан қарастыруға болады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Евгений Кочетов айтты. Оның айтуынша, Парламент депутаттарымен бірге келіп түскен 200-дей істі қарастыра келіп, ортақ бір тоқтам жасалды. Яғни, журналистерді жіберген заңсыздықтары үшін бірден қылмыстық жауапкершілікке емес, әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы Әкімшілік кодекске ұсыныстар әзірленді. Жалпы, қай уақытта да журналистиканың алтын заңдылығы – шындыққа сәйкес ақпарат тарату. Өкінішке қарай, тілшілер қауымы кейде хайп қуып, шектен шығып кетеді. Бұл туралы сөз еткен Қырғыз ұлттық «Кабар» ақпарат агентігінің директоры Медербек Шерметалиев айтып өтті. Ол жуыр- да ғана қазақ-қырғыз шекарасында көліктер кептелісі туындады, тауарларды өткізбей жатыр дегендей ақпараттардың жағымсыз жағдай туғызатынын мысалға келтірді. Сондықтан газет, журнал, сайт, блогер болмасын, объективті, шындыққа сәйкес хабарлар таратуға міндетті екенін еске салды.

Роботтар журналистерді ығыстыра ма?

Жалпы, әлемдік масс-медиа саласында жаңа технологиялар енгізіліп, хабар тарату мүмкіндіктері артқан сайын біздің елде де аталмыш құбылысты реттеу мәселесі де жиі қарастырылуда. Осы орайда соңғы уақытта елімізде медиа саласындағы заңнама жаңғыр-тылуда. Соның бірі — азаматтар үшін қауіпсіз интернет-кеңістік құруға бағытталған «онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң қабылданды. Сонымен қатар, биыл мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асырудың негізгі бағыттарын айқындайтын ақпараттық доктрина қабылданды. Айтқандай, қазіргі уақытта фейк жаңалықтар кең таралуда. Осындай қауіпті ақпараттық дәуірде қалай жұмыс істеу керек? Бұл мәселе кәсіби қоғамдастықты бірнеше жылдан бері алаңдатып отыр. «Сыни тұрғыдан ойлау: неге біз енді көргенімізге, естігенімізге және оқыға-нымызға сенбейміз?» деген тақырыпта өткен Media Talks конференциясында сарапшылар хайп, кликбейт, фейктер, сондай-ақ цифрлық ортадағы журналистердің жаңа этикасы мен кәсіби мінез-құлқы туралы сөз қозғады. Спикерлер қатарында қазіргі заманғы креативті және медиа индустриясының өкілдері, танымал режиссерлер, фотографтар, журналистер мен продюсерлер болды. Сөз болған дүниелердің арасында жасанды интеллекттің келешекте ықпалы қандай болады деген мәселе қызықты өрбіді. Бүгінде көптеген бағдарламалар бұрын кәсіби маман атқарып келген істерді өздігінен жүйелеп ұсынатын болған. Тіпті, экранда тележүргізушілердің өзін алмас-тыратын жағдайға жеткенбіз. Жаңа технология жақсы-ақ, бірақ оның арты медиа саласының қызметкерлері мен журналистерді жұмыссыз қалдырмай ма? Media talks спикері, режиссер және сценарист, Cannes World Film Festival «Үздік музыкалық клип режиссері» сыйлығының иегері Малик Зенгер: «Жасанды интеллект дәуірі басталды. Көбі нейрожеліге қауіппен қарайды, себебі нейротехнологиялар көптеген мамандықтар-
ды алмастырады, уақыт өте келе адамзатты ығыстырып жібереді деп ойлайды. Нейрожелі — бұл адамның одан әрі технологиялық дамуы» деп, осы мәселеге байланысты өз ойын білдірді.

Өңірлік БАҚ-тың орны бөлек

Медиа апталықтық екінші күнінде Өңірлік БАҚ форумы өткізілді. Бүгінде аймақтарда бірқатар мәселелер бары рас. Дегенмен, өңірлерде нағыз журналистиканың қайнары жатқанын ескеру керек. Редакциясы өңірде орналасса да, республика көлемінде атағы мен абыройы жарқырап үлгерген бірқатар ақпарат құралдарын мысалға келтіруге болады. Республикалық ақпараттық порталдардан бөлек, өңірде жүріп, жаңа технологиялардың мүмкіндігін ұтымды пайдаланып, өз көрермендерін жинап үлгерген аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары да бар. Олардың қатарында «Caspian News» арнасы көзге түсіп келеді.

– Облыстық арна болсақ та, жан-жақта меншікті тілшілеріміз арқылы батыс аймақтың ақпаратын қамтимыз. Әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланамыз. Онда 3 секундтің эффектісі деген бар. Сіз сюжеттің басына беретін ақпаратты беріп, адамды тартып үйренсеңіз, ол қаралым жинайды. Ал бастапқыдағы ақпаратыңыз су болса, аудитория соңына дейін күтіп отырмайды. Студияның өзінде республикалық «Хабар» арнасындағыдай робот камералар жұмыс істейді. Ешқандай операторсыз режиссердің өзі басқарады. Арнаны одан әрі жетілдіру үшін алға қойған мақсаттарымыз жетерлік. Соған сәйкес, штатты үлкейтіп, қаражатты көбейту мәселесін ойластырып жатырмыз. Көп нәрсе қаражатқа келіп тіреледі. Азғантай қаражатпен телеарна ашудың өзі бір күш, – деді «Caspian News» арнасының директоры Қазбек Кертаев. Айта кетерлігі, облыстық БАҚ-
тың ілгерілемеуіне журналистер-
дің жалақы мәселесі де көп жағдайда тұсау болатыны белгілі. Осы түйткілді жүйелі шешкен оңтүстік өңірдегі «Taraz24» арнасы жарқын мысал бола алады.

– Аймақ журналистерінің бәрі – әмбебап. Біз режиссерміз, біз қонақ редакторымыз, біз оператор да, монтажер да бола аламыз. Сондықтан журналистерге «үшеуде біреу» болыңдар деген ұсыныс тастадым. Қазір YouTube арна деген қатты дамып жатыр. Біздің аймақта да сондай газеттің жанынан продакшндер көп ашылып жатыр. Өңірдегі мамандар жалақысы жоғары осындай жұмыстарды іздейді. Бұл тенденцияны тоқтату үшін креативті, еңбекқор жастарға мен «үшеуде біреу» деген ұсыныс тастадым. Яғни үш маманның жұмысын жалғыз өзі атқарса, дәл сол үш маманның жалақысын алады. Бұл сәтті жүзеге асты. Қазір телеарнада 2 жігіт, 1 қыз конвергентті журналист қызметін атқарып жүр. Олар смартфондарымен өздері түсіреді, жазады, монтаждап эфирге жібереді. Ал үлкен жиналыстарда, әрине, оператор бөлек, журналист бөлек қызмет атқарады. Әріптесім айтқандай, біз де әлеуметтік желінің әлеуетін толық пайдаланып жүрміз, – деді «Taraz24» телеарнасының директоры Зарина Қуатова. Ал «Maqsut Narikbayev University» басқарма төрағасының орын-
басары Ерболат Мұхамеджанның пікірінше, «Tengrinews.kz» секілді бедел қалыптастыру үшін оперативтілік, технологияның мүмкін-діктерінен пайдаланудан бөлек, фактчекинг және дезинформациямен күресті алдыңғы қатарға қою қажет. Бұл жерде мәселе астаналықтармен бәсекелесу ғана емес, өңірлік жаңалықтарды барынша оқырманға, көрерменге молынан жеткізу мақсат етіледі.

— Бұл жерде сенім деген мәселе бар. БАҚ-қа деген сенім. Әрбір аймақ газетіне сенеді, журналисіне сенеді. Астанадағы мемлекеттік, жекеменшік телеарналар сол облыстағы мәселені олардан артық жазып бермейді. Осы бағытты барлық өңірлік БАҚ ұстанса, медиада қалыптасып қалған таптаурынды тенденция өзгереді, — деді Ерболат Мұхамеджан.

— Жалпы, көп мысалдар телевидениеге қатысты болғанмен, оқырман мен көрерменнің бір сипатты адам екенін, яғни қызығушылығы бірдей екенін ескерсе, бұл тәжірибені газет редакциялары да өздеріне бейімдеп қолдана алады.

Таласта ұтымдысы — тәжірибе

Astana Media Week-тің үшінші күнінде мемлекеттік органдардың баспасөз қызметінің өкілдеріне арналған семинарлар өткізілді. Жалпы, Медиа апталыққа 2000-нан астам қонақ, қазақстандық және шетелдік 60 медиа индустрияның топ-менеджерлері, 20-ға жуық республикалық телеарна және 50-ден астам продакшн-компания қатысты. Медиа апталықта өзекті мәсе-лелерден бөлек, «Qazaqstan» ұлттық арнасының «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің премьерасы өтті. Жалпы алғанда, қатысушылар Astana Media Week шарасында қазіргі журналистиканың цифрлық бағыты туралы біраз дүниені көкейлеріне түйіп қайтты деуге негіз бар. Мәселе – көрермен мен оқырман үшін таласта осы тәжірибені ұтымды қолдана білуде.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Астана қаласы.