55 жыл. Ерсайын аға мен Бақытжамал апайы-мыздың отбасы болып, жеке бір шаңырақтың уығын қадаған сәтінен бері өткен уақыт. Осы арылықта отаудың керегесі кеңейіп, босағасы бекіді. Сыйластық орнаған ордаға айналды. Ел аузында жүрген жұп өзгеге үлгі боларлықтай еңбек етті. Әлі де қоғамға пайдасын тигізуден талған емес.

Ерсайын Шұғабаев пен Бақытжамал Максилова 1968 жылы отау құрған. Екеуі де білім беру саласында елу жылға жақын уақыт еселі еңбек етті. Ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосты.

– Үлкен өмірге аяқ басқанымда қолымда ата-енем болды. 13 жыл қызмет еттім. Атамның да, енемнің де ақ батасын алдым. Білмегенімді үйретіп, қатемді түзетіп, барынша қолдап отырды. Дауыс көтеріп, жөнсіз ескерту жасаған емес. Барлық мәселе байыппен шешілетін. Ата-енем өмірден өткен соң қолыма әке-шешемді алып, оларға да қызмет еттік. Әкем ерте кетті, анам он жылдай қолымызда тұрды. Күйеуім Ерсайын енесін де анасындай қабылдап, қамқорлық танытудан талмады. Қазағым «қарты бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтпаған болар. Осылай үлкендерімізге жасаған қамқорлығымызды ұл-қызымыз көріп өсті. Бұл да біздің ұлттық құндылығымыз, тәрбиеміз деп білемін, – дейді өңірімізге танымал «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжамал Шаханқызы. Отбасындағы береке-бірлік ерлі-зайыптылардың өзара түсінісіп, кішіпейілділік танытуында деп санайды кейіпкеріміз. Олар жұп болған соң әрдайым бір-бірінің жақсылығын асырып, жамандығын жасыру арқылы арадағы қатынасты беріктей түсуге болатынын айтады.  Әу бастан көптің көзінше дауыс көтермеу, қателікті бетке баспау сынды өзіндік ұстанымдары қалыптасқан. Қыз баласының бойында биязылықтың болуын мектептегі ұстаздары қатаң қадағалаған екен. Ұстазы Рәзия Асқарқызы сыныпта қыздар дауысын көтере сөйлесе бірден сабақты тоқтатып, бәсеңдеткенін күтеді екен.

– Бала тәрбиесінде әр отбасында тек жақсы сөз айтылуы керек. Анам да, енем де, ұстаздарым да «ауыр сөз айтпаңдар», «жақсы ойлап, жақсы сөйлеңдер» деп ақыл айтып отыратын. Ең қатты айтқанда «бар болғырлар» дейтін. Бұл – кәдімгідей ұрыс емес, әдемі тілек біле-білгенге. Осы тәрбиені өзім де мұғалімдік жолда да, ана ретінде де қолдандым. Нәтижесіне ризамын, – дейді асыл ана. 47 жыл математикадан, кейін қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Бақытжамал Шаханқызы бүгінде қоғамдық жұмыспен айналысады. Бір отбасының ғана емес, бір облыстың ұрпақ тәрбиесіне араласып жүр. Ерсайын ағамыз да бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтарға, салт-дәстүрімізге терең мән береді. Жүріп өткен жолы жайлы «Құс қанат – менің ғұмырым» атты кітап та жазыпты. Ерсайын аға мен Бақытжамал апай екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Тұңғыштары Динара Алматыда тұрмыста. Екінші қыздары Гүлмира Павлодарда колледжді басқарып отыр. Ұлдары Марат – баскетболдан жаттықтырушы. Бақытжамал апай кезінде ата-енесіне жасаған қамқорлығын бүгінде келіні Жанардан көріп отырғанын айтады. Келінін «Боташым» деп атап кеткен. Кейде есімі Жанар екенін ұмытып кетемін, дейді Бақытжамал апай. Осындай сыйластық әр шаңырақта болса, ешқайсысы шайқалмай, саналы, салиқалы ұрпақ өсіп-өнетініне сенімді өмір көрген ата-әже. Жиендерінің алды шетелде білім алып, қызметке кірісіп те кеткен. Қос немересі Ай-Күн мен Қайырбай бүгінде ата-әжесін тәтті қылықтарымен қуанышқа бөлеп жүр.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.