Биыл – қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлға, әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, Ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы, Қазақстан ғылым академиясының академигі Әлкей Марғұланның 120 жылдық мерейтойы. Осыған орай аймағымызда атақты жерлесіміздің еңбектерін зерделеп, жеке бір энциклопедия әзірленіп жатқанын естідік. Авторына арнайы барып, атқарып жатқан жұмысымен таныстық. Бұл іргелі істі қолына алған Торайғыров университеті жанындағы Е.Бекмаханов атындағы өлке этнографиясы және тарих ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Амантай Құдабаев. Ғалымның кабинетіне кіргеніміз сол еді, ағамыз сөредегі тізілген энциклопедияларын бірінен соң бірін таныстырып, осыдан 20 жыл бұрын Әлкей Марғұланға арнап шығарған «Ғұлама» атты кітабын таныстыра бастады… Әрбір еңбегін ерекше ізденіспен, ілтипатпен жарыққа шығарғаны ғалымның сөзінен, көзінен көрінді…

– Амантай Жетпісұлы, қазақтың тау-тасын, бүткіл тарихын, бар бітім-болмысын зерттеуде алдына жан салмаған, соңына өшпес із қалдырған есімі елімізге әйгілі Әлкей Хақанұлының энциклопедиясын жазуды қолға алыпсыз. Ғалымның еңбектеріне деген қызығушылығыңыз ертеден басталғанға ұқсайды…

– Әлкей тақырыбы күрделі, өте ауқымды, жан-жақты. Себебі, Әлкей Хақанұлының айналыс-паған шаруасы жоқ. Ол өзі ауыз әдебиетінен бастап, қазақтың сан-саласын зерделеді. Ғалымның өзі: «40-шы жылы ғалымдар коммунистік партияның тарихымен айналысып жатқанда мен қазақтың мәңгілік ел екенін дәлелдеу үшін қазақтың Сарыарқасына кеттім» дейді. Осыдан-ақ ғалымның алдына қойған мақсаты белгілі болып тұр. Әлкей Хақанұлын сөз еткенде қазақ халқының этникалық тарихын, заттық, рухани мәдениетін ғылыми тұрғыда өте терең, кең ауқымда зерттеген ғалым екенін ұғынамыз. Өмір жолында кездес- кен тау тұлғалар жерлесіміздің қазақтың біртуар азаматына айналуына септігін тигізгені сөзсіз. Бала кезінде Мәшһүр Жүсіптің, Жаяу Мұсаның, Имантайдың алдына отырып, батасын алған. Әлкей Хақанұлы өзі бұл туралы былай айтады: «Менің ғалым болып қалыптасуыма өскен ортамдағы адамдар әсер етті, олар: Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әбікей Сәтбаев, Қаныш Сәтбаев, Хакім Иманбеков, Жағбар Секебаев, Жаяу Мұса» дейді. Бірақ, ғалымның дүниелік ұғымы мен танымы ешкімге ұқсамайтынын Әбікей Сәтбаев байқапты. Далба мектебінде сабақ беріп жүрген кезінде Әбікей барып танысып, ақыл береді. «Саған оқу керек, түсінігің де, танымың да бөлек» деп, Семейдегі педагогикалық техникумына жолдаманы қолына ұстатады. Мұнда Әлкей Мұхтар Әуезовпен танысады. Абайдың ұлы Тұрағұлдың қасында үш ай жүріп, қазақтың бас ақынының жүріс-тұрысына, сөйлеген сөзіне дейін көз алдына келетіндей ешкім естімеген мәліметке қанық болады. Осындай игі жақсылардың жанында жүрген Әлкейдің айтары көп, өресі кең болғаны кез келген ғалымды тартатыны анық қой.

– Ойының тереңдігі, ұлтына деген жанашырлығы, жүрген жерінде қазаққа қатысты ақпаратты жинай жүріп, кейінгі ұрпаққа қалдыруға құштарлығы сізді баурап алған болды ғой…

– Әлкейді оқысаң, қазақтың тарихына, салт-дәстүріне тереңдей бересің. 1926 жылдары Әлкей Марғұлан КСРО Ғылым академиясына барады. Одақтас және автономиялық республикалардың тарихын, мәдениетін зерттеу комиссиясы құрамына алынады. Комиссияның төрағасы болған атақты ғалым А.Ферсман және С.Руденко есімді екі ғалыммен экспедицияға қатысады. Осы экспедицияға қатысуға Әлихан Бөкейханов кеңес берген екен. Әлихан Әлкейге қазақтың тарихын терең зерттеу керек, ал тарихы дәстүрінде, салтында екенін айтып, соған бет бұру керек депті. Экспедицияға бару кезінде Әлихан Бөкейхановпен өте тығыз байланыста болған. Ылғи бағыт-бағдар берген. Семейдегі техникумды бітіргеннен кейін Әлкейге Әуезов ақыл айтады. Ленинград университетінде оқуын жалғас-тыр дейді. Ленинградта мықты ғалымдардан сабақ алды. Орта Азия тарихы мен археологиясы туралы академик В.Бартольдтің, Үнді фольклоры мен өнері туралы С.Ольденбургтің, араб тарихы туралы Н.Маррдың дәрістерін тыңдайды. Орта Азиядағы түркі әдебиетінің тарихы жайында А.Самойловичтің, тағы да бірқатар ғалымдар тобынан алған білімі өмір бойына азық болды. Осылайша, ғылымға деген құштарлығын оятты. Ізденістен қол үзбеген, әрбір мақаласынан қазақтың иісі мүңкіп тұрған ғалымның еңбегіне кім-кімнің де аңсары ауары сөзсіз.

– Әлкей Марғұлан қазақ археологиясының атасы атанды. Ұлан-ғайыр дала-мыздың әр тасын зерттеді. Энциклопедияңызда бұл жұмыстар да көрініс табатын болар…

– Әлкейдің 100 еңбегінің санау-лысын ғана қамтып отырмыз. Бұл ғалым энциклопедиясының басы деуге болады. Еңбектерінен әлі 4-5 энциклопедия сала-сала бойынша шығаруға болады. Иә, Әлкей Марғұлан – қазақ археология ғылымының атасы. 30 жылдан астам уақыт Орталық Қазақстанда жүйелі түрде қазба жұмыстарын жүргізді. Қола дәуірінің, көшпелі тайпа мәдениетін жан-жақты зерттеді. Әлкей Марғұланның ғылыми еңбегінің арқасында сақтар мәдениеті андрон мәдениетінің заңды жалғасы екендігі дәлелденді. Әлкей дәлелдеді. Осы екі мәде-ниет арасында Беғазы-Дәндібай мәдениетінің дәнекерлік рөл атқаратындығы ғылыми тұрғыда негізделді. Бұл – бір ғана мысал.

– Шоқанның мұрасын елге танытуда атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Ол жайында не айтасыз?

– Абай туралы жазғандары бір төбе. Шоқан Уәлихановқа арнаған еңбектері бір бөлек. Ондаған жылын Шоқанды зерттеуге арнады. 5 беттік монография жазды. Шоқанның қаламынан туған 300-дей шығармасын табады. Соны талдау керек болды. Оларға ғылыми редакция жасады. Шоқан еңбектері бұрын жарық көрмеген. Жазу тәсілінің қиындығын, ойлау жүйесінің тым еркіндігін, кей жұмысының шала аяқталғанын ескерсек, Әлкей атқарған жұмыстың бағасы ұшан-теңіз. Ал мұндай жұмысты Шоқан дәрежесінде болмаса да, өресі соған жақын адам ғана атқара алатын еді. Шоқанның еңбектерімен айналысуы сол кездегі билікке ұнамайды. Себебі Шоқан дүниелерінде билікке жағымдысы да, жағымсызы да кездесті. Бірақ, Әлкей Шоқанды емес, мен Манасты зерттеп жүрмін деп, архивтерде жұмысын жалғастыра алады. Осылайша, ұлт үшін қызмет етті. Дегенмен, кейбір құжаттарды қолына түсіру мүмкін болмағанына қынжылған екен.
300 беттен тұратын өмірбаяндық кітап жазды. Шоқанның 150 жылдығына байланысты бес томдық қайта басылғанда Әлекең қартайса да, игі істің басында болған. Шоқан мұрасын жылдар бойы зерттеудің заңды жалғасы ретінде Әлкей Марғұланның «Шоқан мен Манас» атты монографиясы жарық көрді. Әлкей Хақанұлы қырғыз эпосы «Манастың» әртүрлі нұсқаларын салыстыра отырып, ғылыми талдау жасап, оның тарихи тұлғалық орнын дәлелдеп берді.

– Ғалымның еңбектерінен тағы қандай маңызды мәлі-меттерді аңғардыңыз?

– Әлкей Хақанұлының батырларымыз туралы айтқандарынан көбіміз бейхабармыз. Мысалы, ғалымның еңбектерінен Абылай ханның күйлері барын білдік. Ол: «Абылай қаһарлы хан болуымен қатар қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде белгілі. Ол «Ақ толқын», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржынқақпай», «Майда жел», «Сары бура», «Шаңды жорық» және тағы басқа күйлердің авторы» деп жазады. Әлкей Хақанұлының «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», Біржан сал, Естай ақын, Ақан сері туралы мақалалары да тау-төбе. Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов «арамызда білім жағынан Әлкей алда еді» деп тау тұлғаларымыздың өздері ғалымның мықтылығын мойындаса керек.

Әлкей өзінің арғы атасы Олжабай батыр жайында көп ақпарат алады. Жаяу Мұсаның жас кезінде қоғам қайраткерлік ісіне татырлық еңбектерін архив деректерімен келтіреді. Оның халық фольклорының үлгілерін, музейге керек сирек дүниелерді тапсыруға мән бергенін айтады. Музейге өткізген сондай сирек мұралардың бірі – Олжабай батырдың «Бүкір қылышы». Бұл зат 1900 жылдарға дейін Олжабайдың немересі Дулаттың ұлы Марғұланның қолында сақталыпты. Жаяу Мұса оны қоярда-қоймай сұрап алып, Омбының география қоғамының музейіне тапсырыпты. Өзінің қолжазбаларын да апарған көрінеді. Бұл қылыштың тарихы турасында, оның қайдан шыққанын Жаяу Мұса Татарстанның Қазан музейіне тапсырған өзінің қолжазбаларында жазған екен. Бұл қылыш 707 жылы Қабыл қаласында жасалған, бері келе Әмір Темірдің қолында болады. Ол оны киелі қару деп Қожа Ахмет Яссауидің мешітіне берген. Жоңғар шабуылына дейін сонда сақтаулы болыпты. Ақтабан шұбырынды кезінде ер Олжабай Жоңғар әскерін Түркістан қаласынан қуып шыққанда, Сәмеке хан қылышты Олжабайға сыйға тартқан екен. Осыдан үш жыл бұрын Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп, Омбыға барып, Олжабайдың «Бүкір қылышын» іздеп көрдік. Өкінішке қарай, бізге жоқ деп жауап берді. Алайда, бұл қылыш бір табылатындай сеземін. Іздеуді тоқтатпаймын. Тағы бір арманым бар, Омбыдағы музейдің мұра-ларын зерттеп, бір кітап шығарғым келеді.

– Демек, Әлкейдің энциклопедиясын әзірлеу ісіне осыдан үш жыл бұрын кіріскен бе едіңіз?

– Энциклопедия жазу оңай шаруа емес. Үш жыл бұрын қолға алдым. Қазіргі таңда 1800 мақала жинадым. Оларды қысқарту, энциклопедия стиліне түсіру қажет. 200-ге жақын фото бар. 2024 жылдың мамырына дейін аяқтау ойда бар. Бірақ, көмек күші аз. Ғалымның мерейтойына дейін үлгеруге тырысамыз. Шамамен 700-800 беттік энциклопедия шығады деген ойдамын. Үш не екі бағанмен жазылады. Осыдан 20 жыл бұрын Әлкей туралы «Ғұлама» атты кітап шығардым. Мұнда ғалым туралы жазған тұлғалардың айтқандарын топтастырдым.

– Энциклопедияға мәліметтер жинауда қандай дерек көздеріне көбірек сүйендіңіз?

– Әлкей Марғұланның мақа-лаларындағы мәліметтер қамты-лады. Бірізділікке түсіреміз. Архивтермен жұмыс істеймін. Әлкей Хақанұлының 14 томдық еңбегімен етене жұмыс істеп жатырмын. Яғни, ұғым болатын мақалаларды өз стилімен бермекпін. Ғалым Ұлттық энциклопедия ашылған күнінен бастап, 10-15 жыл қатарынан мақала жазып тұрған. Энциклопедия стилімен 200-дей мақала жазыпты. Онда барлық тақырып қамтылған. Тарих, этнография, өнер, сан сала қаузалған. Мен сол мақалаларының түпнұсқасын қолыма түсірдім. Әр мақала ұқыппен жазылған. Алматыда тұратын қызы Дәнелмен шығармашылық байланыстамын. Бұйыртса, ол энциклопедияның бас кеңесшісі болады. Қазақ энциклопедия-сына апарған мақалаларының кейбір тұстары енбеген. Яғни, кеңестік цензурадан өтпей, сызылып қалған. Сол сызғанын зерттеп, ғалымның нені айтқысы келгенін, нені айтқызбағанын бағамдап жатырмын. Міне, енбеген тұстарын қазір әзірлеп жатқан энциклопедияма кіргізбек ойдамын.

– Қарап отырсақ, бірқатар энциклопедияңыз жарық көріпті. Неліктен эницклопедия жазуға ден қойдыңыз?

– Алматыда Қазақ-кеңес энцилопедиясы редакциясында 15 жыл жұмыс істедім. Басшым Манаш Қозыбаев, кейін басшылық еткен Рымғали Нұрғалиев ағадан саланың қыр-сырын үйрендім. Қазақтың мықты ғалымдары Әбдуәли Қайдаров, Өмірзақ Айтбаев, Зәкей Ахметовтің қасында жүріп, білгендерін бойыма сіңірдім. Тығыз қарым-қатынаста болдым.  Сол үйренгендерім ғылым жолындағы басты міндетіме айналып кеткендей. Энциклопедия ісімен «ауырамын» десем болады. Кейде басыма келген ойдан көз ілмей, дөңбекшіп шығатын кездер болады. Әлкей Марғұланнан кейін Шоқан Уәлихановтың энциклопедиясын қолға алсам деймін. Бірде осы ой келісімен, отыра қалып тізіп едім, 150 мақаланың атын шығардым.

Жалпы, қазір уақыт тапшы заман. Жастар том-топ кітапты парақтамауы мүмкін. Ал энциклопедияда ұғымдар, мақалалар алфавиттік тізіммен қажетті ақпа-ратты жеңіл тауып алуға ыңғайлы. Сонысымен құнды. Энциклопедия ғылыми тілмен түсінікті жазылады. Ол бір жағынан ғылыми болса, екінші жағынан ақпараттық болып келеді. Қазір айналысып жатқаным – менің 9-шы энциклопедиям. Алғашқысы Қазақ тілі энциклопедиясы деп аталды. 1998 жылы жарық көрді. Араға екі жылдан салып, «Қазақ әдебиеті», «Қазақ өнері» тақырыбымен тағы екі кітабым жарық көрді. Осы үшеуін кейінгі ұрпақ оқитын болса, өміріне мол рухани азық болады. Кейін С.Торайғыровтың, Мәшһүр Жүсіптің, І.Жансүгіровтің энциклопедиясын екі тілде, облыс тарихының энциклопедиясын шығардым. Әр мақаладан ұғым, энциклопедияға жарайтын түсінік іздеймін. Өкінішке қарай, бүгінде энциклопедиямен айналысатындар азайды.

– Жаңа бір сөзіңізде Әлкей Марғұланмен кездескеніңізді айттыңыз. Сол жүздесуден алған әсеріңізбен бөліссеңіз…

– 1982 жылы өмірімде бір рет ғалымды көрдім. Ол кезде алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының 1-курсында оқып жүрген кезім. №25 аудиторияда Әлкей Хақанұлымен кездесу өтті. Мен соңғы қатарда отырған едім. Бойым ұзын болатын. Көзіне түскен болармын, сен бала жақындау отырсаңшы, естілмейді ғой дегені есімде. Кездесуде ғалым бізге «ғылыммен айналысыңдар, кітап-ханаға көп барыңдар. Не ізде-сеңдер де түпнұсқаны іздеңдер. Не нәрсені де архивтік материалмен бекітіп отырыңдар» деп кеңес берген болатын. Міне, сол ойлар жадымда жаңғырып тұрады. Өмірлік ұстанымыма айналғандай.

Өзі де күні-түні зерттеумен, ғылыми еңбекпен айналысқан ғой. Әлкей Марғұлан жан-жақтылығымен кім-кімге де қызықты. Әдебиет, этнография, тарих, архитектура өнері, бәрі қамтылған. Қай саланың болсын нағыз білгірі. Мықтылардың ішінде беделдісі болған. Қаныш Сәтбаевпен достығы өте ерекше. Тағы бір ерекшелігі, бұл кісі ауылдың ақсақалдарымен көп әңгімелескен. Ауыздарынан естіген есті әңгімелерді толық жазып алып отырған. Ұрпағына мұра етіп қалдыруды мақсат еткен. Ұлтына деген адалдығы, халқына қызметті билік, мансаптан, марапаттан биік қойған. Партия дегенді түсінбеген, қатарына өтпеген жан. Кезінде атақ беру партия қатарында болумен тікелей байланысты болды ғой. Сондықтан Әлкей Хақанұлына атақ берейін десе, партияда емес. «Партияға кірсеңіз, атақ беріледі» дегенде бас тартқан екен. Талай майталман ғалымның мықтылығын мойындап, бет-бет мақалаларын арнаған. «Ғұлама» атты кітабымның мұқабасына, яғни, ең соңғы бетіне ғалымның төмен қарап, қадам басып бара жатқан суретін қойдым. Сол сурет арқылы ғалымның өмірінің соңына дейін ұлтының жоғын іздеумен өткенін оқырманға жеткізгім келді…

– Әлбетте, адам өзінің еңбегінің еленгенін қалайды. Сіз ірі тұлғалардың еңбегін зерделеп, бүгінгі ұрпаққа энциклопедия тілімен жеткізуге үлес қосып жүрсіз. Осы ғылым жолындағы еңбегіңіз қаншалықты еленіп, өз бағасын алып жүр?

– Марапатқа қызыққан жан емеспін. Бірақ, 2014 жылы Президенттің қол қоюымен табыс етілген «Құрмет» ордені өзіме өте ыстық. Өйткені, оның оқиғасы былай еді. Бір күні Президент аппа-ратынан қоңырау шалды. «Сізге «Құрмет» ордені беріледі» деді. Өзім аң-таңмын. Сөйтсем, Өмірзақ Айтбаев, Әбдуәли Қайдаров, Рабиға Сыздықова, Ғарифолла Есім бастаған 7 академик Президентке хат жазып, «Амантай Құдабаев есімді ғалым жігітке ешқашан марапат берілмеді. Лайықты еңбектері ерен деп» өтініш білдіріпті. Осылайша, ғалымдар менің «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ өнері» және басқа да энциклопедияларыма жоғары баға беріп отыр.

Президент академиктердің хатын қабыл еткен болуы керек, аймағымыздан ұсынылған 5 аза-матпен бірге маған да марапат табыс етілді. Бұл құрметке әкімшіліктен емес, академиктер атынан ұсынылғаным марқайтып тастады. Еңбектерім білдей жеті академиктің оң бағасын беруі жасаған жұмыстарымның еш кетпегенінің белгісі деп ой түйдім. Алда әлі де атқаратын жұмыстар жетерлік. Ұрпақ үшін үздіксіз ізденуден тартынбаймын.

– Сұхбатыңызға  рақмет! Ойға алған жоба-жоспарла-рыңыз сәтімен іске аса берсін!

Сұхбаттасқан –

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.