Екібастұзда жылу бағасын өсіруді монополист екі рет ұсынып, ақыры қымбаттауына қол жеткізді. Тарифке қатысты екі рет қоғамдық тыңдау өтті.

Көпшілік жылу бағасын өсірудің еш қисыны жоқ деп қарсылық білдіргенімен, тарифті реттейтін облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті кәсіпорынның экономикалық негіздеріне сүйене отырып, алдағы ақпан айынан бастап тарифті өсіруге рұқсат етті.

Аталмыш департамент басшысы Нұрлан Нұрмұратовтың айтуынша, тарифтің өсуінен түсетін салмақты бюджеттік мекемелер, яғни, билік өз мойнына алып отыр. Мәселен, жылу құнын өсіруден «Екібастұз жылу энерго» ЖШС-не қосымша 2,1 млрд теңге түседі. Оның 1,7 млрд теңгесін, яғни, 81 пайызын бюджеттік ұйымдар көтереді. 300 млн теңге заңды тұлғалардың төлемі есебінен түседі. Қалған 100 млн теңге немесе 5 пайызы тұрғындардың жылу ақысынан толығады. Нұрлан Әуелбекұлының мәлімдеуінше, бұл монополист үшін ешқандай кіріс көзі деп саналмайды. Бастысы, тарифті ұлғайту нәтижесінде кәсіпорынның мүмкіндіктері кеңейеді. Сондай-ақ, департамент тарифті өсіруден түсетін қосымша 2,1 млрд теңгенің мақсатты іске жаратылуына бақылау жүргізеді. Тарифтен түскен әр тиын үшін есеп береді.

– «Екібастұзжылуэнергоның» кейінгі 3 жылдағы мына шығындарын есепке алуға тура келді. Мазут пен көмірге жұмсалатын шығын 955 млн теңгеден 1,56 млрд теңгеге, электр энергиясы шығындары 189,7 млн теңгеден 334 млн теңгеге, еңбекақы төлемдері 1,7 млрд теңгеден 2,4 млрд теңгеге өскен. Біз осы факторлардың негізінде минимальді түрде тарифті арттыруға мәжбүр болдық, – дейді Н.Нұрмұратов.

Мәселен, 2021 жылы кезекті тариф бекітілгенде көмірдің бір тоннасы 2000 теңге болса, бүгінде 2953 теңге көтерілген. Енді сәуір айында кеніш көмірдің тоннасын 3089 теңгемен босатпақ. Осылайша, үш жылда көмірдің бағасы 50 пайызға өскен. Жалақының аздығы да жылу өндіретін кәсіпорында мамандардың тұрақтамауына әкеліп отыр. Мұнда орташа жалақы 197 мың теңге. Ал бұл саладағы республика көлемінде орташа айлық мөлшері – 335 мың теңге. Екібастұздық монополист компания кәсіпорында жаңа тарифке байланысты орташа жалақыны 321 мың теңгеге көтермек.

Сонымен, ақпаннан бастап екібастұздық тұтынушылар жылу үшін қанша төлейді? Негізгі салмақты бюджеттік мекемелер көтереді. Департаменттің мәліметінше, олар үшін орташа тариф 94 пайызға қымбаттады. Есептеу құралы барлары 1 Гкал жылу үшін 47 701,5 теңге (қолданыстағы тариф – 25 421,46 теңге, өсім – 87,6%), есептегіш орнат-паған мекемелер 73 911,1 теңге (қолданыстағы тариф – 25 421,46 теңге, өсім – 191%) төлейді. Одан кейін тарифтің қымбаттауы бизнес өкілдері барынша сезіледі. Себебі, мұнда тариф есептегіш құралдарын орнатпаған кәсіпкерлерге тариф бағасы 69 пайызға өседі. Бұрын олар 1 Гкал үшін 893,6 теңге төлеп келсе, енді 14 185,3 теңге болады. Ал есептегіш құралдары бар бизнесмендер үшін тариф 27,6 пайызға артады. Олар үшін тариф 8393,63 теңгеден 10 712,1  теңгеге дейін көтеріледі.

Тұрғындарға келетін болсақ, үйлерінде есептегіш құралдары бар абоненттер ақпан айынан бастап 1 Гкал үшін 1807,89 теңгенің орнына 2554,16 теңге төлейді. Яғни, тариф 746,27 теңгеге өсті. Ал есептегіш құралдары жоқ үйлердің тұрғындары бұрынғыша 3337,64 теңге төлейді. Дегенмен, оларға есептегіш құралдары барларға қарағанда тариф әлі де қымбат. Бұл тұрғындарды арнайы құрал орнатуға ынталандыруы тиіс, дейді департамент басшысы.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.