Осыдан бірнеше жыл бұрын ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені мәлім. Онда елдегі кинотеатрларды ұлттық фильмдерді прокаттау кезінде 20 пайыз корпоративтік табыс салығынан босату көзделген. Алайда, біздің кинотеатрлар мұндай қамқорлыққа зәру еместігін көрсетіп, үлкен экраннан ұлттық киноны көрсетуге асығар емес. Қазақ тілінде дыбысталған шетел кинолары да прайм-тайм кезіне қойылмайды. Бұл кинотеатр басшыларының ұлттық киноға деген немқұрайлығы ма? Әлде, қазақтілді киноларға сұраныс аз ба? Аталмыш мәселені «Алаң» қатысушыларының талқысына салып көрдік.

 

Амангелді АСҚАНБАЕВ, заңгер:

— «Кинематография туралы» ҚР Заңы бар. Осы заңдағы 9-баптың 5-тармағында «Егер Қазақстанда шығарылған фильмде қазақ тілімен қатар басқа да тілдер қолданылған жағдайда, оны прокаттауды және көрсетуді жүзеге асыру кезінде басқа тілдердегі мәтін қазақ тілінде субтитрленуі не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуі тиіс» деген жолдар бар. Яғни, кез келген фильмнің қазақ тіліндегі дубляжы болуы тиіс. Болмаса, субтитрмен берілуі міндетті. Бірақ бұл белгілі бір уақытта көрсетілсін деген талап емес. Сондай-ақ, салық кодексінде ұлттық беделі бар фильмдер кинотеатрдан көрсетілсе салық төлеуден босатылады деген жеңілдік бар. Шетелдік фильмдерге қарағанда, ұлттық фильмге көрсетілетін осындай қолдау бар. Алайда кинотеатр басшылығына ұлттық кинолардан қарағанда шетелдік кассалық фильмдерді субтитрмен көрсету тиімдірек болып тұр. Коммерциялық ұйым болғаннан кейін олар сұранысқа сай қызмет етеді.

Людмила ЕГОРОВА, «Irtysh sinema» кинотеатрының қызметкері:

— Біздің кинотеатр әрдайым көрермен сұранысына сай жұмыс істейді. Егер халық тарапынан белгілі бір фильмнің көрсетілуі талап етілсе, онда әкімшілік бұл туындыны авторлық құқық иеленушілерімен келісімшартқа отырып, үлкен экранға шығарады. Сонымен қатар, бізде фильм қай тілді көрсетілсе де, мемлекеттік тілде дубляждалады немесе субтитрмен аудармасын береміз. Ал енді прайм-тайм мәселесіне келер болсақ, көркем фильмдердің көрсетілім уақыты әрқилы. Жалпы, отандық туындыны қай уақытта көрсету керегі заңмен белгіленбеген. Кейбір көрермен киноға күндізгі уақытты сұраса, кейбір азаматтарға кешкі уақыт ыңғайлы. Сол себепті бұл сұраққа біржақты жауап беруге келмейді.

Рахат ҚАППАСОВ, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Жуырда облыс орталығының бірнеше кинотеатрында «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің премьерасы өткені есімізде. Қала әкімінің тікелей араласуымен көрсетілген аталмыш фильмнің тағдыры да жанкешті болды. Павлодарда бірде-бір кинотеатр бұл фильмді прокатқа бермеген. Жалпы, мұндай жағдай бізде бірінші рет болып тұрған жоқ. Ұлттық фильмдер шыққанда жергілікті кинотеатрлар көрсетілімге 2-ақ адам келеді деген сылтаумен ұлттық киноны көрсетуге құлықсыздық танытады. Осы жағын бір жүйеге келтіріп, бұл түйткілдің шешу жолын қарастыру керек. Бәлкім, заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажет. Жалпы, мұндай көркем фильмдер ұлттық болмысты қалыптастырып, болашақ жас ұрпақты тарих нәрімен сусындата отырып тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

«Алаңды» үйлестірген – Алтынбек МҰҚЫШЕВ.