Аймағымыздың рухани қара шаңырағы Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры үшін биылғы жыл ерекше басталды. Өйткені, жаңа маусым басталғалы бері өнер ұжымы екі республикалық және бір халықаралық фестивальге қатысып, бірнеше жүлдеге ие болды. Жуырда Ресей елінің астанасында өткен тағы бір халықаралық фестивальге қатысып, осы жылды табысты қорытындылады.

Театр әртістері Мәскеу облысының Мытищи қаласында 26 қазан – 2 қараша аралығында өткен «Подмосковные вечера» атты VII халықаралық театр фестиваліне қатысты. Онда олар Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» қойылымымен өнер көрсетіп, көрермен мен қазылар алқасының ыстық ықыласына бөленді. Айта кету керек, елімізден Аймауытов театры жалғыз үміткер болды. Фестивальдің афишасында Пермь, Мәскеу, Нижний Новгород, Вологда, Челнов, Буинск, Мытищи, Санкт-Петербург, Челябинск, Петрозаводск, Павлодар (Қазақстан) театрларының 13 қойылымы көрсетілді. Фестивальдің ұйымдастыру комитетіне қатысуға барлығы 300-ден астам өтінім түсті. Сараптамалық кеңес ұсынылған бейнежазбаларды қарау және ілеспе ақпаратты зерделеу негізінде спектакльдерді бағдарламаға енгізу туралы шешім қабылдаған. Нәтижесінде афишаға қызықты деген жұмыстар енгізілген. «Подмосковные вечера» көрермендер көзайымына ие фестиваль болғандықтан, сарапшылар алдымен көрермендердің эмоционалды реакциясы мен қызығушылығын тудыратын қойылымдарға назар аударған. Гран-при иегері көрермендердің дауыс беру нәтижелері бойынша анықталды. «Ұжданның» сахналық нұсқасын жазып шыққан Нұркен Тұрлыбек қойылымды дайындау барысында көп күш жұмсал-ғанын айтады. Этюдтерді қазіргі заман тұрғысынан қарап, көрермен талғамына сай етуде театр ұжымы қосыла жұмыс істеген.

– Негізгі ойымның 80 пайызы қойылымда көрініс тапқанына көңілім толады. Өздеріңіз байқағандай, мұнда басты рөл деген атымен жоқ. Әркім әр кейіпкердің бойынан басты рөлдің иесін көргісі келеді. Мәселен, үнемі қоғам ортасында жүретін ұжданның бір бөлшегі – аты жоқ кейіпкерді көрермендердің бірі бай, енді бірі дін қызметкері деп қабылдайды екен. Өткенде бір сыншы «Молдаларыңыз жақсы ойнайды екен» деген пікірін жеткізді. Шындап келгенде, әр көрермен қалай қабылдайды, мәселе сонда. Әрине, оның бәрі біз үшін қызық әрі маңызды. Тіпті кейде өзіміз «Ұжданды» көріп отырып, кейіпкерлерді жаңа қырынан танып жатамыз. Бұл – қойылымның потенциалы жоғары екенін, келешекте де ұзақ уақыт қоғам үшін өзекті-лігін жоғалтпайтынын аңғартса керек, – дейді ол. Театр ұжымы сапар барысында Мәскеу қаласындағы Ваганьковское зиратында жатқан репрессия құрбаны, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Жүсіпбек Аймауытовқа және барша саяси қуғын-сүргін құрбандарына зиярат жасап, Құран бағыштап қайтты. Сондай-ақ, Республика күніне орай Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде салтанатты қабылдау рәсімі өтіп, мерекелік концертте павлодарлық «Әл-әки» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетті.

– Осынау салтанатты кеште елордадан барған «Шабыт» домбырашылар ансамблімен бірге сахнада өнер көрсетіп, шығармашылық қарым-қаты-насымызды нығайта түсуге негіз болды. Біздің ұжым Ресей жеріне барып, қазақ домбырасының қоңыр үнін қашан паш етеді екен деген үміт бар еді. Сол мақсатымыз орындалғандай. Елшіліктің салтанатты қабылдауында өзге бірнеше мемлекеттің Ресейдегі елшіліктерінің өкілдері болды. Олар біздің домбырашылар мен әншілеріміздің өнеріне тәнті болды, – дейді Павлодардағы Естай атындағы мәдениет сарайының басшысы Сапар Шайхимов. Мәскеуге шығармашылық сапары барысында «Әл-Әки» халықтық-фольклорлық ансамблі ондағы Абай ескерткішіне барып, ақынның рухына тағзым етті. Абайдың бұл ескерткіші 2006 жылы Ресейдегі Абай жылы аясында, Қазақстан елшілігіне жақын жерде ашылған еді.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.