«…Мүбәрак үшін өлеңнің үлкен-кішісі жоқ. Қайсысы болса да, баланың кішкентай жүрегін үлкейтсе болды…». Бұл – Мүбәрак Жаманбалинов пен Әнуарбек Дүйсенбиевтің шығармалары топтастырылған кітапқа (Алматы, «Балауса» баспасы, 1992 жыл), ақын Сағи Жиенбаевтың жазған алғысөзінен үзінді.

Қазақ балалар әдебиетінің ірі өкілі Мүбәрак Жаманбалинов мұғалім бола жүріп, қалам ұстаған сәттен, «Қазақстан пионері» газетінде алғаш жарияланған кезден (1953 жылы), алғашқы кітабы «Айна бұлақ» шыққан уақыттан (1956 жыл) бастап, қаламды серік, баланы дос тұтып, өмірінің соңына дейін осы мақсат-мұраттан айныған емес. Ол балғын оқырманға арнап тақпақтар, шағын өлеңдер, ертегілер, поэмалар, жаңылтпаштар, жұмбақтар, сықақ өлеңдер, мазақтамалар, мысалдар, тіл ұстартқыштар жазды.

Бүгінгі мақаламда мен Мүбәрак Жаманбалиновтың балаларға арналған тақпақтарындағы тәрбие тақырыбына тоқталмақпын. Әрине, өлеңмен ақыл айту, кеңес беру құр бос сөз екенін жақсы білемін. Кейде өзімнің де жазғандарымда ақылмансып кететінім бар. Ал, Мүбәрак ақында ақыл айту жоқ, ақылды болуға талпындыру бар. Ақыл – тәрбие көзі. Тәрбие дұрыс болса ғана баланың кішкентай жүрегі үлкен жүрекке айналмақ.

Ақын өмірден өткен соң бір жылдан кейін – 2011 жылы «Кереку-Баян кітапханасы» сериясымен «Көктем гүлдері» кітабы жарық көрген. Оған ақынның әр жылдары шыққан жинақтарынан іріктелген «Бақытты балалық», «Туған тіл – тұғырың», «Табиғат сабағы» өлең топтамалары енгізілген. Кітапта балғын оқырманның белін буып, болашаққа
батыл беттететін туындылар мол.

Мүбәрак ақынның өлеңдерін оқып отырып, мен бала күніме қайта оралғандай болдым. Балалықпен жасаған қателіктер мен кемшіліктерге енді жол бермеу үшін «уақыт машинасын кері айналдыруды» «А» мен «Б» деген өлеңінен бастадым. Көз алдыма жаңа ғасырмен бірге мектеп табалдырығын аттап, Ләззат мұғалімнің алдында әріп жаттап тұрған «балақай» келді. «А» деген – алма, «Б» деген – барабан деп білетін сол бала мына өлеңді оқып өзгеше ой түйді.

«А» дегенің  ана ғой,

Ана деген  дана ғой.

«Б» дегенің бала ғой,

Жұмсаса анаң, бара ғой». «Балақай» әріптерді есіне берік байлап қана қойған жоқ, ананы құрметтеуді, қадірлеуді үйренді, ақылды бала болу керектігін түсінді. Енді оны анасы «Ақылдым», «Тілалғышым», «Алғырым» деп мадақтайды, мақтайды. Осындай жылы сөздерді естіген ол жаман болмасы анық. Маңдайынан сипаған аялы ана-алақан қандай жұмсақ, қандай мейірімді, арқасынан қаққан ардақты әке-алақан қандай қуатты, қандай құдіретті?! «Балақай» өзінің қолдарына қарады: «Менің де қолдарым сондай болар ма екен?». «Иә, болады!» деп бекінді. Себебі ол, Мүбәрак ақынның «Екі қол» өлеңін оқыды:

«Қолжуғыштың қасына,

Келе қалды балақан.

Ысқылады асыға,

Алақанды алақан…

…Қарады да сосын ол,

«Тап-таза!», – деп қуанды:

– Қандай жақсы, екі қол

бірін-бірі жуады». Енді «балақай»: «Анамдай аяулы, әкемдей ардақты болу үшін қолды жуып отыру аздық етеді» деп ойлады. Екі қолды ысқылап жуу тек тән тазалығы болмақ. Жан тазалығы ше? Оны да адам қос қолмен сақтайды. Өлеңді қайта оқып, бірін-бірі жуатын екі қолын тағы ойға алды. Егер бұл екеуі бір-бірін жумаса, жалғыз қол өз-өзін қалай кірден арылтпақ? Осы кішкентай ойдың ұшқынынан алапат жалын пайда болды. «Мен ата-анама қолқанат, бауырларыма жанашыр болмасам, достарыма көмектеспесем, олар да «жалғыз қол» секілді күй кешеді», – деп ойлап үлгерді «балақай». Түсіністік, татулық, бірлік деген ұғымдар қос қолдың әрекетінен бастау алып тұр. Қандай ғажап! Осы ойдан кейін «менің балақайым» тағы бір жасқа есейгендей, көңіл көкжиегі кеңейгендей болды.

«Балақай» кітаптың әр парағын аударған сайын ойына-ой қоса түсті. «Құрметтеуден» деген өлеңді оқығанда, анау бір жолы әкесі жұмсағанда бармағаны, анасының тілін алмағаны, ағасына ұрысқаны, мұғалімді тыңдамағаны – бәрі-бәрі есіне түсті.

«Папасына Серік кеп,

Деді: «Өлеңде неліктен

Бірінші әрпін әр жолдың

Жазады бас әріппен?»

– Оның жөні бір басқа,

Тұрған жоқ па ол жол бастап?!

Бастаушыны бүкіл ел,

Құрметтейді о бастан».

«Бастаушы деген – маған жол көрсететін, ненің жақсы, ненің жаман екенін ажыратуға көмектесетін жақындарым ғой» деп ойлады «балақай». Енді ол үлкендердің сөзін екі етпеуге тырысты. Осы талпыныспен ол бастауышты бітіріп, орта сыныпқа көшті. Мектептегі жаңа кезең басталды. Баяғыдай бір ғана мұғалім емес, әр пәннің жеке-жеке оқытушысы бар. Жауапкершілік күшейді. Осы кезде «Күнделіктің өкпесі» өлеңін оқып, еріксіз күліп жіберді. Күлкісінің ар жағында ұяты менмұндалап тұрды. Өткен сабақта «2» алған еді. Жаңа пәннен алған жаман бағасын жасыру үшін әлі жартысына да жетпеген дәптерін пешке жағып жіберген. Олай етпесе, біреу-біреу көріп қойып мазақтайды деп ойлады. Мазақтан бұрын ата-анасы көріп, таяқтайды деп қорықты. Сөйтіп, жаңа дәптер бастады. Мұғалім: «Кешегі дәптерің қайда?», – деп сұраса, жоғалтып алдым деуге дайын. Мұғалім дәптердегі екілік бағаны күнделігіне қоюға ұмытып кетіпті. Ал мына өлеңдегі Далаңбектің күнделігі төмен бағаға толы екен, өкпелеуінің себебі – сол:

«Сабағыңды айт!», – десе,

Мелшиеді Далаңбек.

Екіліктер әйтсе де,

Орнығады маған кеп.

Сыныпта да мазаны

Қашыратын Далаңбек.

Тағы маған жазады:

«Тәртібі де жаман», – деп…

…Менің мұндай сорыма,

Күнделіктер, күлмеңдер!

Далаңбектің қолына,

Түсіп қалып жүрмеңдер.

«Балақай» осылай бірде екілік, бірде бестік алып, жаңа параққа – келесі сыныпқа көшті. Жоғарғы сыныптың ұл-қыздарына назар аудара бастады. Олар түрлі мінез көрсетеді, алуан қылық танытады, өзге тілде сөйлейді. Бұл орысша түсінеді, бірақ еркін сөйлей алмайтын. Сонда да қатарластарынан қалмауға тырысып,  «Иә-ні» – «Да-ға», «Жақсыны» – «Хорошо-ға», «Түсіндімді» – «Понял-ға», «Қал қалайды» – «Как дела-ға» алмастырып алған.

Және биыл орыс тілі пәнінен жаңа мұғалім келген. Өзі жас, өзі сұлу. Сол мұғалімнің көзіне түсу үшін бірінші сабаққа арналған мәтінді түні бойы қайталап, жаттап алған. Сабаққа солай тас-түйін дайындалып барды. Мұғалім: «Кім 6-беттегі мәтінді оқиды?» деп сұрағанда бұл бірінші болып қол көтерді. Дайындығы мығым, зуылдатып оқып берді. «Жарайсың!» деп мұғалім разы болды. Сыныптастары орысша сөздердің «арасында адасып», оқи алмады. Мұғалім «балақайды» тағы мақтап, «5» қойды. Түскісі келген көзге түскен бұл – мәз. Жақсы оқушы тауып, мұғалім – разы. Бірақ «балақай» одан кейінгі сабаққа үнемі мұқият дайындалып келуді ұмытты. Өзі де ежіктейтін, тілі күрмелетін болды. Сөйтіп, өтірік білімділік, жалған алғырлық әшкере болды.

Осылайша, орысша сөйлеп, «Сән қуып» жүрген «балақай» енді Мүбәрак ақынның «Туған тіл – тұғырың» топтамасын оқыды. Оқығанда да беріліп кетті. Ақын «Өз үні – өз тілі» өлеңінде:

«…Шәуілдеймін деп кірпілер,

Түлкі бола алмайды.

Кісінеймін деп түлкі де,

Жылқы бола алмайды…», – депті. Рас-ау! Қандай дөп сөз. Ал «балақай» мен достарының қылығы анау. Шүлдірлеп жүр. Осы өлеңді мектептегі жиналыста оқып бергісі келді. «Үнімізді, тілімізді жоғалтпайық» деп айтқысы келді. Себебі оны «Өз тіліңде – ұлылық» деген өлең тіпті қамшылаған еді:

«…Өз тілінен айрылған,

Халық бола алмайды».

Осыны ойлап қайғырған,

Ата-бабам қандай-ды!…

…Әнші құстың бәрі де,

Өз үнімен сайраған.

Өзіне тән әрімен,

Жарасады айналаң…»

Енді ол туған тілін құрметтеуге, қадірлеуге, тек ана тілінде сөйлеуге тырысты. Себебі Мүбәрак Жаманбалинов «Өзіңнің тілің киелі» дейді:

«Қырғидың тілі – қиқылдау,

Торғайдың тілі – шиқылдау,

Бүркіттің тілі – саңқылдау,

Қаздың тілі – қаңқылдау,

Қарғаның тілі – қарқылдау,

Үйректің тілі – барқылдау,

Ит те өзінше үреді,

Өз тілін бәрі біледі.

Өз тілін бәрі сүйеді,

…Өзіңнің тілің киелі».

«Балақай» Мүбәрак атасының «Шотбайдың аты», «Марат пен сауысқан», «Қап!», «Семірді», «Еркегүл», «Ласбай», «Мықты», «Екі сараң», «Таңырқау», «Мақтаншақ», «Жиналыста қызарып», «Қыңыр» секілді тақпақтарын оқып, еркелік, ұқыпсыздық, есерлік, білімсіздік, салақтық, сараңдық, қызғаншақтық, білместік, мақтаншақтық, бұзықтық, әдепсіздік,  секілді жаман әдеттерден тиылуға бел буды. Сонда ғана ол үлкен
жүректі үлкен азаматқа айналмақ.

Ақын күллі шығармасында тәрбие, тәлім тақырыбын басты бағдар етеді екен. Жаңылтпаштарында да солай.

«Ағаны бала ағаламағаны –

Бала ағаны бағаламағаны.

Ағаны бала бағаламағаны –

Әдепті бала бола алмағаны» немесе

«Аспазсыз ас піспес,

Көшбасшысыз көш көшпес», – дегенді оқығанда, «балақайдың» тілі кібіртіктеп қалды. Бірақ сөздердің мәніне үңіліп, жаңылмай оқып шықты. Бұдан тек тілін тақылдатып қана қойған жоқ, үлкенге құрмет көрсетуді, ініге ізетті болуды ұғынды, әр нәрсенің бастаушысы, жетекшісі болатынын, оған бағынып әрекет еткенде нәтижеге жететінін түсінді.

Тілін шұбарламауға, санасын жат пиғылмен уламауға бекінген «балақайға» «Қаңбақтың мұңы» өлеңі тіпті ерекше күй сыйлады.

«– Қаңбақ, қайда барасың?

– Білмедім ол арасын.

Туған жерден адасып,

Кеттім талай дөң асып.

Желкілдеген құрағы,

Көлден де асып барамын.

Сылдырлаған бұлағы,

Белден де асып барамын…

…Болмайды екен бағаң да,

Болмайды екен қадірің:

Жер-анадан нәр алған,

Үзілген соң тамырың».

Көріп жүрген қаңбағы. Желді күні қораның, үйдің іргесіне, шарбақтың түбіне үйіліп қалатын қаңбақ туралы ойланбапты да. Ұшарын жел, қонарын сай білетін осы бір қураған өсімдік те ойлы өлеңге арқау болады екен-ау, терең тағылымға ие екен-ау?! Мүбәрак атасы қаңғыған қаңбақ арқылы мұның қалғыған санасын оятты. Сосын «балақай» ауылының сыртындағы қарағайлы орманды ойлады. Жайқалған ағаштардың діңі тіп-тік тұрғаны терең тамырынан екен. Олай болмаса… түсінікті. Өсімдік, ағаш жер-анадан нәр алып, жайқалады, өседі, ал адам – туған топырақтан. Топырақта бәрі бар. Кие де,  қасиет те, рух та, құдірет те. Ол енді тілді, ғұрыпты, салтты, болмысты сақтау үшін туған топырақтан ажырамау керек екенін үлкен жүрекпен толық ұғынды.

«Балақай» кітапты оқып болған соң, қалай есейіп, орда бұзар жасқа жеткенін аңғармай қалды. Өзіне ұнаған жолдардың астын сызып, көшіріп алып отырған өзі екен. Кітап мені өзімен алып кетіп, өткен күндерді шарлатып, көңіл көгінде самғатып алып келіпті. Жақсы кітап деген, міне, осындай болады. «Балақай» да шаттанды. Мен де.

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Фотосурет «Елі ардақтаған ақын»  мультимедиялық әдістемелік құралынан алынды.