Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Железинде «Ақ келін» атты аудандық байқау өтті. Сайыста бір-бір шаңырақтың берекесін келтіріп отырған келіндер әдет-ғұрып, салт-дәстүрді білу деңгейлерін, ұлттық тағам дайындау шеберліктерін ортаға салды.

 

Отбасылық құндылықтарды ұлттық рухта қалыптастыруды мақсат еткен байқауды өткізуге аудандық «Айбат» жастар орталығы мұрындық болған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғашқы кезеңде келіндер «Менің отбасым – менің бақытым» тақырыбына бейнебаян түсіріп, көрермен назарына ұсынған. Екінші «Шебер келін» кезеңінде қатысушылар үй тапсырмасына берілген талаптарды орындады. Нақтысы, ұлттық тағамды ешкімнің көмегінсіз өзі дайындап, оның әзірлеу жолын бейнеролик арқылы көрсетті. Сонымен қатар, салт-дәстүрді көпшілік назарына ұсынып, оның мән-маңызын аша білу талап етілді. Келіндер өздері тіккен немесе тоқыған, дайындаған бір дайын бұйымын әкеліп көрерменге көрсету қажет болды.

Сайыс барысында оны дайындау бойынша шеберлік сағатын ұйымдастырған. «Гастрономиялық шайқас» атты келесі кезеңде ақ орамал тағынған келіндер бірінен соң бірі қазылар алқасына шай құйып, жарысты. Яғни, шайды мейманға қалай дұрыс ұсыну қажеттігін көрсетті. Сондай-ақ, қамыр жайып та, ептіліктерін танытты.

«Сүйікті ана» бөлімінде келіндер баланы бесікке салып, сәбиіне «Бесік жырын» айтудан сынға түсті. «Өнерлі келін» кезеңіне келгенде үй шаруасына мығым нәзік жандар енді бойында тұнған өнерлерін ортаға салды. Бірі қолына музыкалық аспабын алып, ән айтса, бірі мың бұрала би биледі. Енді бірі мәнерлеп өлең оқу арқылы көрерменнің көңілінен шығуға тырысты.

Осындай сан түрлі сыннан өткен келіндердің ішінде Қазына Әмірәлиева бірінші орынды иеленсе, екінші орынға Назерке Бекжанова лайық деп танылды. Үшінші орынға Мөлдір Сапар ие болды.

– Биыл тамыз айында бағдарламамен еліміздің оңтүстігінен қоныс аудардық. Ата-енем жұмыс бабымен туған өлкемізде қалды. Бұған дейін ата-енемнің қолында тұрдық. Келіндік қызметімді атқардым. Қазір күйеуіммен Железин ауданында тұрамыз. Үлкеніміз 2,5 жаста, кішісі – 3 айлық. Ұлттық салт-дәстүрімізге қанықпын, үй шаруасына бала кезден ебім бар. Қолөнермен айналысамын. «Ақ келін» сайысы отбасылық құндылықтарды дәріптеуге өте зор үлес қосты деп санаймын. Әрбір қатысушы өзінше ерекше деп айта аламын, – дейді Қазына.

Жеңімпаздарға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ