Кимешек – біздің ұғымымызда қазақ әйелінің басына орап киетін ұлттық киімі.  Оның әйел адамның бет-жүзін көрсетуге арналған ойығы, иығын және кеуде тұсын жауып тұратын бөлігі болады. Кимешек пішіміне, бас бөлігінің безендірілуіне, иығын жауып тұратын бөлігінің ұзындығына, әшекейлену сипатына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Сондай-ақ, бұл бас киім әйелдің жас ерекшелігіне қарай әшекейленген.

Кей дерекке сәйкес, кимешек өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін қазақ әйелдерінің тұрақты бас киімі болып саналған. Ол үшін ақ түс таңдалған. Себебі халық арасында әйел адамның бас киімінің символикалық түсі ақ деген ұғым қалыптасқан.

Таяуда Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорындағы қазақ бас киімдерінің және кимешектердің түрлерін халықтың арасында насихаттау мақсатында «Киелі кимешек» атты көрменің ашылуы болды. Оған 35-ке жуық бас киім қойылды.

Аталған музей қорының бас сақтаушысы Әлия Жомартованың сөзінше, көрмеге әр өңірдің ерекшелігіне байланысты әртүрлі кимешектер қойылған.

– Көрмедегі бас киімдердің барлығы біздің музейдің сақтау қорынан ұсынылды.  Олардың арасында тақия, сәукеле, қасаба, ақ бүркеншік, желек, кимешек түрлері бар. Көпшілігіне 1 ғасырға жуық уақыт болғандықтан қараңғы жерде сақтаймыз. Осы жылы алғаш рет көрмесін ұйымдастырып отырмыз. Сондай-ақ, облысымызға танымал Үміт апа, Зара Қожахметова, Қымбат Сартымбетова секілді танымал әйел адамдардың кимешектері де қойылды, – дейді.

Деректерге сәйкес, кимешек әйелдердің жас ерекшеліктеріне байланысты әшекейленген. Ең әдемі әшекейленген кимешектерді жас келіндер киген. Отыз жастан асқан әйелдердің күміс және моншақпен сәнделген кимешек киюі орынсыз саналған, ал баласы есейген әйелдер тек әртүрлі жіппен аз ғана қатар жүргізіліп кестеленген кимешек киген. Әсіресе, кимешектің бетті көрсетуге арналған ойығының жиегі әшекейленген, омырау тұсының әшекейленуі сирек кездескен. Ал арқа тұсына түсірілетін төменгі ұшын шашақтармен көмкерген.

Жас келіннің әшекейлі кимешегі сөз болғанда алдыңғы қатарға Жетісу өңірінің кимешектері шығады. Себебі олар бас киімге тігілген әшекейлерімен ерекшеленген. Жетісу жерінің жас әйелдері кимешектің бет ойығының бет тұсын, кейде иек астын, кейде үстіңгі жағын түрлі-түсті жіп арқылы кең жолақ жүргізіп кестелеген. Оларға моншақ, маржан, күмістен құйып жасалған алуан түрлі белгілер әшекей ретінде қолданылған. Сырдарияның төменгі бөлігін мекендеген рудың әйелдері бүрмелі кимешек киген. Оның беті тікбұрыш тәрізді пішілген. Яғни, төменгі ұзын жағы кеудені жауып тұрған, ал жоғары бөлігі бүрмеленген. Оңтүстік Қазақстанда әйелдердің кимешегі тұтас матадан пішілген. Тіктөртбұрыш матаның жартысын диагоналы бойынша кесіп, қиығы бойынша тіккен. Тігіс арқаның орта тұсына түскен. Ойық тең қабырғалы үшбұрыш пішіндес болған, сол жерден бетті көрсететін тесік жасап, бөлек дөңгелек немесе сопақ пішінді маңдайлық тіккен.

Ал бір деректерде кимешек кестесіне қарай үш түрге бөлінетіні айтылған. Соған қарап әйелдің жасын білуге болады. Кимешектегі адам жүзін көрсететін ойықтың шеті ақ бас киімді – әжелер, сарыны – орта жастағы әйелдер, қызылды жас келіншектер киген.

Қолөнер шебері Ғалия Сұңғатованың сөзінше, ертеректе жаңа түскен келінге кимешек кигізу дәстүрі де болған. Ол үшін арнайы ас берілген. Оны келіннің енесі ұйымдастырып, сол ауылдың әйелдерін шақырған. Содан кейін келіннің басына кимешек кигізген әйелге енесі сый жасаған.

– Қазақ әйелдерінің бас киімдері олардың жасы мен отбасы жағдайына байланысты ерекшеленген. Тұрмысқа шыққан-шықпағанын, күйеуі қайтыс болғанын бас киіміне қарап білген. Мысалы, тұрмысқа шықпаған қыздар ешқашан орамал тақпаған. Ал сәукелені қалыңдық қана киген. Тұрмысқа шыққан қыздар алғашқы жылы сәукеле, күнделікті өмірде желек киген. Жас келін үлкен кісілерді көрген кезде бетін желегімен көлегейлеп, яғни иба көрсеткен. Бірнеше балалы болып, әлеуметтік статусы бекіп болған соң кимешек, шылауыш киген, – дейді қолөнерші.

Айта кетейік, жалпы әлемде кимешектің 16 түрі белгілі, оның 12 түрі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей қорында сақталған.

Айдана БОРАНБАЕВА