Соңғы жылдары эстрада сахнасында қазақтың ұлттық әндерін нақышына келтіріп шырқап жүрген топтардың саны көбейген. Олар қазақтың төл аспаптарына заманауи үн қосып, ұмыт болып бара жатқан ән-күйлер мен терме-жырларды қайта жаңғыртып жүр. Тыңдармандарға өткен ғасырдың сағындырған әндерін заманауи стильде ұсынып, әсем ән мен тәтті күйлер сыйлап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүрген қазақстандық өнерпаздар баршылық. Жуырда олардың қатарына павлодарлық «Этно МІХ» атауымен аталатын жаңа топ қосылды.

Аталған ұжым ұмыт болып бара жатқан ұлттық аспаптарды жаңғыртып, ұлттық, этно музыканы дамыту мақсатында құрылған. Жаңадан құрылған топ қазақтың бес аспабында ойнайтын 5 талантты жастан тұрады. Өнерпаздардың әрқайсысы домбыра, қобыз, жетіген, кахон аспаптарын меңгергендіктен топтың атын «Этно МІХ» деп атауды жөн санапты.

– Біз этникалық топ болғандықтан тыңдарманға, әсіресе жастарға ұмыт болып бара жатқан қазақ аспаптарын кеңінен дәріптегіміз келеді. Ансамбльдің репертуары ауқымды болмақ. Топтың құрамындағы жастардың барлығы талантты. Мәселен, Әнуар Құрманғали, жетігенші Жансая Кәбішева және домбырада ойнайтын мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның түлегіміз. Қобызшы Айым Мэлс – Павлодар қалалық музыкалық колледждің 3-курс студенті және ұрмалы кахон аспабында ойнайтын Арман Исадилов Торайғыров университетінде білім алуда. Осы аталған аспаптар арқылы «Елім-ай», «Қамажай» секілді халық әндеріне авторлық инструменталды өңдеу жасаймыз. Сонымен қатар, шаңқобыз, нарқобыз, барбыт аспаптарын қосып жатырмыз. Алдағы уақытта авторлық туынды шығармақ ойымыз бар, – дейді топтың жетекшісі Мәди Құрманғазыұлы.

Жастықтың жалынымен шабыттанып жүрген қазақстандық этно-топ ұлтымыздың ұмыт қалған ұлттық аспаптарының үнін барша әлемге естіртуді мақсат етеді. Өнерге жаңаша леп қосуды мақсат еткен өнер ұжымы әлемдік шоу-бизнесті бағындыруды мақсат еткен.

– Қазіргі уақытта музыка қарқынды дамып келеді. Біз әрқашан өз шыққан тегімізді есте сақтай отырып, заман үрдісіне байланысты оны дамытуымыз керек Осындай пікірлерге байланысты этно-топ мәдениеті арқылы фольклорды заманауи үнмен жалғастырғымыз келеді. Этно-топ – ескіні сақтап, жаңаға жол ашу деген пікірдеміз, – дейді М.Құрманғазыұлы.

Ата-бабамыздан жеткен қазақи дәстүрімізді тереңірек меңгеріп, оны ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен дәстүрлі әннің қайталанбас үнін жаңғыртып жүретін осындай бірегей топтарымыздың саны арта бергенін қалаймыз. Осындай ерекше стильдегі топтар өздерінің өнерлерімен ұлттық мәдени құндылықтарымызды ұлықтауға сүбелі үлесін қосатынына күмә-німіз жоқ. Таланттардың алдағы уақытта бағындырар белестері көп болсын!

Айдана БОРАНБАЕВА.