«Шаңырақ» облыстық орталығында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінің аясында балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Мүбәрак Жаманбалиновтың 100 жылдық мерейтойына орай «Балауса жыр, бал көктем» атты облыстық оқушылар айтысы өтті.

Айтысқа 18 оқушы қатысты. Оларды «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы» Павлодар облыстық филиалының директоры Асығат Тұрғанбек және айтыскер ақындар Жеңісбек Пәзіл, Тілек Сейітов, Қайролла Хафиз, Ернар Құсанов, Мизан Жұмәлі, Қуандық Башой баптап әкеліп, топқа қосты. Аталған ұстаз-ақындардың барлығы дерлік – Асығат Сәулетұлының шәкірттері. Кезінде өздері алдыңғы толқыннан өнеге алған жастар аға болып, ізбасарларын аламанға шығарды. Осылайша, өңір ақындары айтыссүйер қауымды өнер жолындағы өлең сапарындағы ұрпақ сабақтастығына куә қылды.

Сөз сайысына Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Абзал Қабдраш бастаған өңірімізге белгілі айтыскер ақындар Ерлан Аманқожа, Мәрес Байрон, Оразбек Саяхат, Бөкен Жігер қазылар алқасы төрелік етті.

Айтыс үш айналымнан тұрды. Алғашқы кезеңде тоғыз жұп өнер көрсетті. Олардың ішінде ең жоғарғы ұпайларды иеленген алты ақын келесі кезеңге жолдама алды. Екінші айналымда үш жұп сынға түсті. Олардың арасынан суырылып алға шыққан екі ақын – Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның оқушылары Ибраһим Қазыбек пен Мейіржан Баршынбай мәре айтыста сөз сайыстырды.

Ақтық сында сөзді Мейіржан бастады.

«Болғанда қара өлеңге жаршы басым

Бісміллә, тілден өлең  тамшыласын.

Өзіңмен жиі-жиі айтысушы ем,

ұшырып қызыл тілдің қаршығасын.

Қалайсың, Ибраһим – ескі досым?

Қалайсың, өзгермейтін қарсыласым?», – деп бірден «шабуылға» шықты.

Бұл сөзге Ибраһим тосылып қалған жоқ. Бірден

«Шетінен қырып келдің мұнда бәрін,

Ендігі сәл жұмсақтау болшы маған.

Әйтпесе, ашулансам, айналайын,

Тіліммен тістеп алам, шаншып алам.

Күніне қанша үйрек ілсе-дағы,

Тұйғының бағасы артық қаршығадан», – деп жауап қайырды.

Одан кейін Мейіржан қарсыласының 11-сыныпта оқитынын есіне салып:

«Оқуың бар емес пе мектептегі?

От басып қалып жүрме ойнап жүріп.

ҰБТ-ны ұмытып кетпе, ағасы,

Ұлттық өнердің жайын ойлап жүріп», – деп іліп шалуға тырысты.

Ибраһим сүріне қоймады. Ол:

«Сабағым болмайды еш уайым маған.

Мен таңдаған мамандық – айтыс еді,

Өнерді көтерем деп пайымдағам.

Сондықтан ҰБТ-ға ел алдында,

сахнада отырып дайындалам», – деп ұтымды жауап бере алды.

Осылайша, екі жас талап бір-бірін тілден сүріндіруге тырысып, тап-бермеде табан асты сөз табуға талпынды. Екеуі де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қос ақын сөздерін Наурызға ақ тілекпен түйіндеді.

«Жеті қат жер үстінде қайсар қазақ,

Азаттықтың әр таңын аман көрсін.

Мәшһүр бабам айтқандай, қой үстіне

бозторғай жұмыртқалар заман болсын», – деді Мейіржан.

«Ұрыс сөз ағайынды мезі етеді. Аға-іні боп әрдайым жарасайық, өмірде сыйласқанға не жетеді?!», – деді Ибраһим.

Тартысты өткен ақтық сында Ибраһим Қазбек жеңімпаз атанып, айтыстың Бас жүлдесін иеленді. Бірінші орынды Мейіржан Баршынбай еншіледі. Екінші орындарды Еркеш Қажет (Атамекен кенті, Павлодар қаласы) пен Алина Жұмабекқызы (Шарбақты ауданы), үшінші орындарды Нұрбол Берікбол (Ақсу ауылдық аймағы) мен Қадырхан Иманғазы (Ы.Алтынсарин атындағы гимназия) алды.

Бұдан бөлек, жас ақындарға арнайы жүлделер табысталды. «Жас өркен» аталымымен Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар мектебі Ақындар сыныбының оқушысы Жансерік Совет, «Құдайберген Әлсейітов атындағы» арнайы жүлдемен Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның оқушысы Алдияр Қайрат, «Арман Қани атындағы» арнайы жүлдемен «Жас дарын» мектебінің оқушысы Мәди Нұрлан марапатталды.

Марапаттау рәсімінде қазылар алқасының төрағасы Абзал Қабдраш айтыстың жоғары деңгейде өткенін атап өтті.

– Біздің тұсауымыз оқушылар айтысында кесіліп еді. Бүгін ізімізден еріп келе жатқан іні буын киелі сахнаның төріне шығып, жыр әлеміне қанат қағып жатыр. Өлеңді серік еткен өрендерге тек сәт-сапар тілеймін, қанаттарың талмасын! – деп, жас ақындарға ағалық ықыласын білдірді.

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.