Image of business person holding devices in hands

Бүгінгі таңда Павлодар облысы бойынша 162 жеке нотариус және 207 адвокат қызмет етеді. Ағымдағы жылдың басынан бастап азаматтарға «Талапкердің өтініші бойынша атқарушылық іс жүргізуді қозғау» бойынша 112 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл мемлекеттік қызметтер «Электрондық үкімет» порталы арқылы қағаз түрінде де, электронды форматта да көрсетілгенін айта кеткен жөн.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық әділет департаментінің басшысы Маржан Имятова аталған департамент мемлекеттік қызметтің 11 түрін көрсететінін мәлім етті. Жыл басынан бері департамент мамандары 694 мемлекеттік қызмет көрсетті, оның ішінде 430 мемлекеттік қызмет электронды түрде, 264 қағаз түрінде көрсетілді.

Сонымен қатар, департамент басшысы бүгінгі таңда жасанды интеллекті енгізу мақсатында қызметтерді электронды форматта көрсетуге толық көшкенін атап өтті.

– Әділет министрлігі цифрландыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлуде. Өткен жылдан бері 12 жобадан тұратын «Цифрлық сот төрелігі» бастамасы жұмыс істеп, өз нәтижесін сәтті көрсетіп келеді. Жасанды интеллект заң шығару процесін жақсартуға көмектеседі. Министрлік жасанды интеллекті енгізуді мемлекеттік органдардың әртүрлі дерекқорларымен және интернет-ресурстардың деректерімен біріктірілген нормативтік құқықтық база түрінде қарастырады. Ол сұрау салу бойынша талдамалық деректерді өңдейді және нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу үшін қажетті нәтиже береді. Бүгінгі күні әділет департаментінің барлық қызметтері «egov.kz» сайтында қолжетімді. Бұл ретте Әділет министрлігі реинжиниринг және қызметтерді толық электронды форматқа көшіру жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруда, – деді ол.

Сондай-ақ, Маржан Имятова осы жылдың бірінші тоқсанында әділет департаментіне келісуге және мемлекеттік тіркеуге барлығы 81 нормативтік құқықтық актінің жобасы және олардың 243 нұсқасы түскенін айтты. Бұл ретте ҚР заңнамасына қайшы келетін, сыбайлас жемқорлыққа бейім құқық нормаларын анықтау арқылы заңнаманың тиімділігін бағалау және болжау мақсатында «Нормативтік-құқықтық актілердің құқықтық мониторингі» тұрақты негізде жүзеге асырылады.

– Қазіргі уақытта атқарушылық өндіріс саласы халық арасында үлкен сұранысқа ие. Бұл – Павлодар облысында ғана емес, бүкіл республика бойынша өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі таңда Павлодар облысында 218 461 атқарушылық өндірісті орындайтын 14 мемлекеттік сот орындаушы және 90 жеке сот орындаушысы жұмыс істейді. Оның ішінде алимент өндіру бойынша 16 135 құжат қабылданып, оның 8 912-сі кезеңдік орындау сатысында. Павлодар облысы бойынша тәжірибелі жеке сот орындаушыларының мамандандырылған тобы құрылды. Жыл басынан бері әділет департаментімен 99 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ҚР Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес, 2024 жылы 6 борышкер жауапқа тартылды. Алимент бойынша жалпы қарыз 865 млн теңгені құрайды, – деді М.Имятова.

Айта кетейік, әділет департаменті, Павлодар облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы және Павлодар облысының заң консультанттар палатасы арасында жасалған меморандум аясында алимент өндіру аясында атқарушылық іс жүргізу бойынша талап қоюшыларға мемлекет кепілдік берген 50-ден астам заң көмегі көрсетілді. Оның ішінде Павлодар облысы бойынша заң көмегін көрсетуге 95 адвокат пен 27 заң консультанты қатысады.

 

А.МҰҚЫШЕВ.