Ағымдағы жылдың I тоқса-нында облыстық ішкі істер департаментінің тергеу бөлімшелерімен жол-көлік оқиғалары фактілері бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеп-тексеру кезінде ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабына сәйкес 13 сандық хаттама шығарылып, жолданды. Сондай-ақ, облыстық полиция департаментімен жол-көлік оқиғаларына қатысты 102 қылмыстық іс қаралды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Павлодар облыстық полиция департаменті Анықтау басқармасының бастығы Қабдылманап Әкебаев ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Павлодар облысында 124 жол-көлік оқиғасы тіркелгенін мәлім етті. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,5 пайызға көп. Сондай-ақ, кәмелет жасқа толмағандардың қатысуымен болған жол апаттары да көбейді. Биыл жасөспірімдерге қатысы бар мұндай 28 дерек тіркеліп, салдарынан 32 адам жарақат алды.

– Жолдағы апаттардың көбеюіне жол қозғалысы қатысушыларының тәртіпсіздігі себеп. Оқиғалардың алдын алу мақсатында барлық деректер бойынша сәйкес органдарға құжаттар жолдануда. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік ҚР Қылмыстық заңнамасында да, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде де көзделген. Талдау көрсеткендей, өліммен аяқталатын жазатайым оқиғалардың басым бөлігі жауапсыздықтан орын алып жатады. Мәселен, биыл белгіленбеген жерден жолды кесіп өту – 1, қарсы қозғалысқа шығу – 3, жылдамдықты шектен асыру – 1, қараусыз малдың кінәсінен 1 адам қаза тапты, – деді ол.

Сонымен қатар, басқарма басшысы жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары 32,3 пайызға (31-ден 41-ге дейін) көбейіп, салдарынан зардап шеккендердің саны 71,4 пайызға артқанын атап өтті.

– Жол бойындағы төтенше жағдайлардың туындауы, ең алдымен, көлік құралдары санының көбеюінен, ескі техникалық ақауы бар көлік құралдарын пайдалануынан, көлік құралдарын басқаратын адамдардың тәртіпсіздігінен орын алып жатады. Биылғы жылдың 1-інші тоқсаны бойынша облыс жолдарында 124 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 162 адам зардап шекті. Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі облыс орталығында тіркеліп, жоғарыда аталған 124 фактінің 92-сі орын алған, – деді Қ.Әкебаев.

 

А.МҰҚЫШЕВ.