Биыл барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайланға-нына тура 1 жыл толды. Бұл бәз біреулер үшін өз ісін көрсетуге өте аз уақыт болса, енді біреулерге үлкен іс тындырып үлгеретін мерзім. Ал осынау он екі айдың ішінде аудандық мәслихат қандай жұмыс атқарды? Халық өзі дауыс беріп сайлаған депутаттар ел үмітін ақтай алды ма? Газетіміздің кезекті «Мінбер» айдарының осы және өзге де сұрақтарына Баянауыл аудандық мәслихатының төрағасы Руслан Рахметоллаұлы Мұқашев жауап береді.

 

— Руслан Рахметоллаұлы, бүгінде аудандық мәслихат құрамы қанша пайызға жаңарды және қандай партиялардың өкілдері бар? Жастар мен әйелдердің үлесі қалай? Әңгімеміздің әлқисасын мәслихаттың тыныс-тіршілігінен бастасақ…

— Аудандық мәслихаттың құрамы 99 пайызға жаңарды. Мәслихаттың депутаттық корпусы «AMANAT», «Ақ жол» саяси партияларының өкілдерінен және өзін-өзі ұсынған сайланушылардан құрылған. Депутаттардың ең үлкені – 53 жаста, ең жасы – 33-те. Олардың қатарында 2 әйел бар. Өз еркімен мандатын тапсырғандар жоқ. Бірақ 1 адам 2023 жылдың тамыз айында ауданнан тыс жерге қоныс аударуына байланысты депутаттықтан шықты. Яғни, қазіргі таңда аудандық мәслихаттың 11 депутатының 10-ы ғана өз қызметтерін атқаруда.

Саяси көзқарастары мен партиялары әр түрлі болғанына қарамастан, депутаттар негізгі мәселелерде ортақ мақсатта жұмыла жұмыс істеуде.

Жалпы, бір жылдың ішінде Баянауыл аудандық мәслихатының депутаттары 15 сессия (4 кезекті және 11 кезектен тыс) өткізіп, күн тәртібінде 116 мәселені қарады. Қабылданған әрбір шешім міндетті түрде алдын ала мәслихаттың тұрақты комиссия отырыстарында егжей-тегжейлі пысықталып, содан соң сессияларда талқыланады.

Былтыр 4 рет аудандық мәслихат сессияларында өңір бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, нақтыланды. Сонымен қатар, мәслихат қызметінің ашық-тығын қамтамасыз ету және маңызды мәселелер бойынша қабылданған шешімдермен  халықты құлағдар ету мақсатында есепті кезеңде өткен барлық сессия шарасы «Facebook» платформасында онлайн көрсетілді.

Көпшіліктің өтініші бойынша VIII шақырылымның басынан бастап депутаттар әлеуметтік қолдау, экономика, денсаулық сақтау, білім беру, экология, көлік және азаматтардың мүдделерін қорғайтын өзге де мәселелер бойынша 10 депутаттық сауал жолдады. Сондай-ақ, олар «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде 90 азаматты жеке мәселесі бойынша қабылдап, көмек көрсетті. Онда жұмыспен қамту, тұрғын үй сынды түрлі әлеуметтік мәселелер талқыланып, тиісті шара қабылдау үшін құзырлы мекемелерге ұсыныстар жолданды. Көпшілікті толғандырған түйткілді мәселелерді шешуде мәслихаттың орны ерекше. Жалпы, біздің қызметіміздің басым бағытының бірі – азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу. Өткен жылы жеке және заңды тұлғалардан барлығы 10 өтініш түсіп, сол бойынша жұмыстар жүргізіліп, иелеріне уақытылы жауап берілді. Сондай-ақ, былтыр аудандық мәслихат аппаратының кеңсесіне 265 құжат жолданды. Оның барлығы талданып, біздің құзыретімізге жататын мәселелер бойынша 360 шығыс хат жіберілді.

Аудандық мәслихат ҚР Парла-ментінің Сенаты және Мәжілісімен, жергілікті атқарушы органдар және қоғамдық кеңеспен тығыз қарым-қатынаста бірлесе жұмыс істеуде. Мәселен, былтыр 29 маусым күні Астана қаласында ұйымдастырылған «AMANAT» партиясы фракциясының бірінші форумына аудандық мәслихат депутаттарының да қатысуы соның дәлеліндей. Аталмыш форум барысында баянауылдық депутаттар ҚР Экология министріне және Мәжіліс депутаттарына ауданымыздың Ұлттық парк аумағында орналасқан көлдерді тазарту, ақбөкендердің (сайгак) көбеюіне байланысты жайылымдар тапшылығы, өңірге эколог маманның қажет екені және өндірістік кәсіпорындар тарапынан қоршаған ортаны ластауда өзекті мәселелер бар екенін жеткізді. Қысқасы, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шешімдер қабылдауда мәслихаттардың қосар үлесі зор екенін атап өткен жөн.

— Аудандық мәслихаттың төрағасы болып тағайын-далғаннан бері қандай жұмыс атқардыңыз?

— Әрине, халық бізге үлкен үміт артып отырғандықтан ең алдымен олардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, елдік мәселелерге көңіл аудару – азаматтық парызым, төраға ретіндегі басты міндетім деп білемін. Аудандық мәслихаттың тізгінін ұстағалы ауылдарды үздіксіз аралап, ондағы су құбырын тарту, жолдарды жөндеу және білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, басқа да салалар бойынша бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарына назар аударып, бақылау жасаудамын. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барлығын аудандық мәслихаттың инстаграм әлеуметтік парақшасында жұртшылыққа ашық әрі тұрақты түрде жариялап келемін.

Жалпы, баянауылдық тұрғын-дармен тығыз байланыстамын деп айта аламын. Олардың мәселелерін қарап, қолдан келгенше қолдау көрсетудемін. Жеке қабылдау шараларын да үздіксіз өткізіп тұрамын.

— Баянауылға қарасты кейбір елді мекенде жаңадан тартылған су құбырларының жұмыс істемей тұрғаны жөнінде тұрғындар тарапынан мәселе көтерілген еді. Халық қалаулысы ретінде бұл жағдайдан хабарыңыз бар ма және қалай шешілуде?

— Депутат болып сайланғаннан бастап бұл мәселе менің назарымнан тыс қалған жоқ. Яғни, Торайғыр, Қызылшілік, Күркелі, Бірлік, Сәтбаев және Лекер ауылдарындағы тартылған су құбырларының жағдайын қадағалап отырмын. Мәселен, Лекер ауылындағы учаскелердің шекарасына дейін сумен жабдықтау үшін құбыр тарту бойынша жобалық-сметалық құжат жасалып, құрылыс жұмыс-тары аяқталды. Ол 2023 жылдың 20 желтоқсаны күні пайдалануға берілді. Су құбырының ұзын-дығы — 2730,75 метрді құрайды. Нәтижесінде, елді мекендегі 61 үй сумен қамтамасыз етілді. Жобаға 195,9 млн теңге жұмсалған. Мұндай жұмыстар Қызылшілік ауылында да қолға алынып, өткен жылдың соңында ұзындығы 5461,61 метрді құрайтын су құбыры тартылды. Елді мекендегі 65 отбасы ауыз суға қарық болды. Бұл мақсатқа қазынадан 386,1 млн теңге қаражат қарастырылған.

Майкөбе ауылында да су құбырларын жүргізу жұмыстары сәтті аяқталып, 37 үй таза ауыз суға қол жеткізді. Осы ауылда 5152 метр құбыр тартуға 112,5 млн теңге бөлінген. Сұлужон ауылында да сумен жабдықтау жұмыстары ойдағыдай орындалып, 48 үйге құбыр тартылды. Қазіргі таңда 4 нысан тапсырылып, іске қосу актілеріне қол қойылды. Шарт сомасы 268,7 млн теңгені құрайды. Ал Күркелі ауылында су құбырын қайта жаңарту жүргізілуде. Бүгінгі күні 11386 метр су құбыры салынды. Тазарту қондырғысы мен 102 құдық орнатылды. Биыл көктемде су беріледі деп жоспарлануда. Жалғызқайың ауылындағы су құбырының құрылыс жұмыстары да аяқталды. Ендігі кезекте оны іске қосу және шаю ғана қалды. Торайғыр ауылында су құбыры құрылысының екінші кезеңі жалғасуда. Бұл бағытқа 767 млн теңге қарастырылған. Осы уақытқа дейін 46 құдық орнатылып, 4700 метр құбыр төселіп, 246 млн теңге игерілді. Баянауыл ауылында кабельді жылытқыштарды қолданыстағы КТП-ға қосу және су тарту жұмыстары жалғасын табуда. Ағымдағы жылы аяқталатын болады.

Әрине, кейбір елді мекенде құбырдан су жіберген кезде судың дұрыс келмеуі сынды кемшіліктер кездесті. Орын алған олқылықтарды жою бойынша мердігерлер жұмыс жүргізді. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстардың сапалы орындалуын бақылау ісі әрдайым назарымызда.

— Бұл өңірде су тасқыны кезінде қауіпті аймаққа жататын ауылдар бар. Жылда көктем шығып, қар еріген уақытта мұндағы халықтан маза қашатыны жасырын емес. Осы жағдайды қаншалықты назарда ұстап отырсыздар? Алдын алу шаралары қалай жүріп жатыр?

— Қауіптің алдын алу жұмыстары аудан әкімдігінің қатаң бақылауында. Ағымдағы жылы бұл мәселенің алдын алу мақсатында кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Төтенше жағдай орын алған сәтте тиісті көмек көрсету бойынша мердігерлермен жұмыстар жүргізілді. Бөлінген қаражатқа қажетті жанар-жағармай мен құралдар алынып, техникалармен толық жабдықталды. Бүгінгі күні су басу қаупі басым елді мекендер қатарында М.Көпеев, Қ.Сәтбаев, М.Шорманұлы, Көкдомбақ, Құндыкөл, Бірлік және Жаңатілек ауылдары бар. Осыған орай, еріген қар суы қауіп төндірмес үшін пәрменді жұмыстар жүргізіліп, 900 тонна қар сыртқа шығарылды. Қарағанды облысының аумағында орналасқан «Ақжар» мен «Қаратоқа» су бөгеттері үнемі бақылануда. Сонымен қатар, аудан аумағында барлығы 538 шақырымды құрайтын автокөлік жолдары бар. Оның 174 шақырымы республикалық, ал 364 шақырымы аудандық маңызға ие. Осы жолдардың бойында орналасқан су өткізу құбырының саны 377 дананы құрайды. Бүгінде бұл құбырлар тазалануда.

— Баянауылда жайылымдық жер мәселесі де бар екенін білеміз. Бұл жөнінде не айтасыз?

— Иә, мұндай мәселе жоқ емес. Жайылымдық жерлердің тапшы-лығы мал азығының жетіспеуші-лігін тудыруда. Соның салдарынан ауыл тұрғындары зардап шегіп жатады. Осы жағдайдың алдын алу мақсатында жер комиссиясының отырысында ауылдық округтердегі жер телімдерінің көлемін ұлғайту туралы оң шешім қабылданды. Қазіргі таңда 73 630 гектар көлеміндегі жер аумағын орналастыру жобалары әзірленуде. Бұл игі іс жайылымдық жерлер мәселесін шешуге үлкен септігін тигізеді деген үміттемін.

— Білуімізше, аудан орта-лығында орыс сыныбына баратын бала саны көбейген көрінеді. Аймақтағы бірден-бір беткеұстар қазақ ауданында мұндай жағдайдың орын алуына не түрткі болды?

— Бүгінде аудан бойынша 26 мектеп бар болса, оның екеуі аралас, қалғаны таза қазақ тілінде білім береді. Ал аудан орталығындағы Ш.Шөкин атындағы мектепте аралас сыныптар бар. Қазір мұндағы 30 сыныптың 13-і-орыс сыныбы. Білім орда-сындағы 430 оқушының 246-сы ресми тілде оқытылуда. Орыс сыныптарындағы 246 оқушының 35 пайызын өзге ұлт өкілдері, 65 пайызын қазақ балалары құрайды. Қара домалақтардың қазақ сыныбына баруы өкінішті жағдай, әрине. Осы мәселе бойынша ата-аналармен жұмыстар жүргізілуде. Алайда, кейбіреулер: «Орысша оқығанбыз, баламызға сабақ оқытуда қиналамыз» — деп ақталады. Енді біреулері отбасындағы ерлі-зайыптының бірі өзге ұлт өкілі болғанын алға тартып, себеп түсіндіріп жатады. Дегенмен де, қуанатын жайттар да баршылық. Мәселен, аудан орталығындағы 1-сыныпта 2 орыс ұлтының баласы ата-анасының қалауымен қазақша білім алып жүр. Болашақта мемлекеттік тілде оқығысы келетін өзге ұлт өкілдері көбейеді, қазақ сыныптарының қатары артады деп сенемін.

—  Жоғарыда сөз болғандардан басқа қандай мәсе-лелер бар және оны шешуге қаншалықты үлес қосып жатырсыздар? Жалпы, өңір тұрғындары тарапынан қандай өтініш, шағымдар жиі айтылады?

— Ауданда күрделі мәселелер баршылық. Олардың қатарында электр жүйесі мен көлдердің тазалығын қадағалау, қысқы туризмді дамыту, кәріз жүйелері және ауылішілік жолдарды жөндеу, мал өлекселерін көметін арнайы орындар қарастыру сынды көпшілікті толғандыратын мәселелер бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, С.Торайғыров атындағы мектеп жанындағы ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары осыдан 2 жыл бұрын басталып, осы күнге дейін созылып келеді. Биыл бұл істі аяқтауға ықпал жасайтын боламыз.

Өз басым өмірлік тәжірибем, білімім және күшімді келесі міндеттерді жүзеге асыруға бағыттаймын деген алдыма мақсат қойдым. Нақтысы, ауылдың инфрақұрылымын дамыту және абаттандыру, ауыл шаруашылығы және ветеринария жұмыстарын жандандыру, мектептерде, мәдениет үйлерінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және балабақшасы жоқ елді мекендерде мектепалды білім беру мекемелерінің бой көтеруі үшін күш саламын. Мәселен, Баянауыл ауылында орналасқан балабақша ғимаратына құрылыс сараптамасын жүргізу немесе жаңадан ғимарат салу мәселелерін қарастыру, сонымен қатар, Майқайың кентінде де жаңа балабақша ғима-ратын салуға ықпал етемін деген жоспарым бар.

— Осы өңірдегі өзге депутат әріптестеріңіздің сайлауалды бағдарламалары қаншалықты жүзеге асуда? Олар ауыз толтырып айтарлықтай қандай іс тындырды? Төраға ретінде не айтасыз?

— Өңірдегі депутаттардың қай-қайсысы да сайлауалды бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асыру үшін еңбектенуде. Олар мемлекеттік мекемелермен де байланысын үзбей, тұрақты комиссия отырыстарында және сессиялар барысында шешілуі тиіс барлық мәселені қарастыруда.

Аудандық мәслихаттың шақырылымы басталғаннан бері депутаттар елді мекендердегі су құбырын тарту, жолдарды жөндеу мәселелеріне мән беріп, жаңадан салынып жатқан әлеу-меттік нысандардың құрылыс жұмыстарының уақытылы әрі сапалы салынуына бақылау жасауда. Сонымен қатар, ауданы-мыздың көшелері мен аулаларын жарықтандыру ісі де тұрғындар үшін өзекті болып табылады. Баянауыл ауылында электр желі-лерінің тозуы мәселесі бойынша Екібастұз қаласында ҚР Энергетика министрімен кездесу өткізілді. Кездесу барысында аудандағы тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру мәселесі назарға алынатыны айтылды.

Депутаттардың бастамасы бойынша экология департамен-тінің көмегімен Сабындыкөл, Жасыбай және Торайғыр көлдерінен судағы ауыр металдар мен микроэлементтердің мөлшеріне сынамалар алу бойынша жұмыстар жүргізілді. Баянауыл ауданындағы экологиялық ахуалдың өткір мәселелері бойынша облыстық департаменттер және басқар-малармен бірлескен интернет-конференциялар өткізілді.

Аудандық мәслихатқа Бірлік ауылдық округінің Бірлік ауылы тұрғындары тарапынан «Гамма Сарыколь» ЖШС-не қатысты нара-зылықтарын білдірген өтініштер көп түскен болатын. Соларды қарап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында қоғамдық жиын өткізілді. Оған «Гамма Сарыколь» ЖШС-нің бас директоры Т.Абгужинов, Павлодар облысының жер қойнауын пайда-лану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары С.Төлеутаев, жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Б.Мидиу, экология департаменті басшысының орынбасары М.Кокумбаев, Бірлік ауылдық округінің әкімі А.Мұсатаев және Баянауыл ауданының жер қатынастары бөлімінің бас маманы О.Кенжеханов қатысты. Түсінікті болу үшін айта кетсем, ауыл іргесінде орналасқан Сарыкөл кенішінің көмір шығару өндірісінің жұмысы қоршаған ортаға кері әсерін тигізуде. Мұндағы үйінділерден келіп жатқан шаң, газдардың бөлінуі, көмірдің жануы ауыл тұрғындарының тіршілігіне, денсаулығына, жалпы, экологияға қауіп төндіріп отырған жайы бар. Осыған орай ұйым-дастырылған аталмыш жиында ауыл тұрғындары «Гамма Сарыколь» кәсіпорнының басшылығына өз сауалдары мен талаптарын қоюға мүмкіндік алды. Нәтижесінде, Бірлік ауылының тұрғындарына 1 тонна көмірді 4000 теңгеден сату, ауыл жастарына спорт алаңын салып беру, ауыл мешітіне жөндеу жұмыстарын жүргізу және басқа да әлеуметтік көмектер көрсетілетін болды. Сондай-ақ, облыстық департамент және басқармалардың лауазымды тұлғалары түсініктемелер берді. Ал мекеменің бас директоры Тасболат Советұлы мемлекеттік бағдарлама бойынша 2027 жылға дейін келісімшарт жасалғанын айтты. Сондай-ақ, ол ауылдықтар көтерген мәселені ескере отырып, алдағы уақытта мұндағы халыққа әлеуметтік көмек көрсету туралы өзара меморандум жасасу жөнінде келісімге келді.

Бұдан бөлек, былтыр жөндеу жүргізілген білім, мәдениет, денсаулық саласына арналған нысандардың құрылысы және аудандық маңызы бар жолдар, басқа да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты барлық мәселе депутаттардың бақылауында.

Осылайша, халық қалаулылары мен мемлекеттік мекемелердің қоян-қолтық еңбек етуінің арқасында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әр депутат қаржы, құрылыс, коммуналдық шаруашылық, өндіріс орны, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да сала мамандарының қызметінен хабардар болып отыруы маңызды. Ол үшін мәслихат пен әкімдіктер, қоғамдық кеңес, жергілікті өзін-өзі басқару құрылымы бірлесіп үйлесімді жұмыс атқаруы тиіс. Олардың қызметтері бөлек болғанымен илегені бір терінің пұшпағы екенін естен шығармаған жөн. Яғни, мақсат ортақ, ол — халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін арттыру.

— Кезінде өзіңіз де әкімдікте жауапты қызмет атқарған екенсіз. Қазіргі уақытта депутат ретінде аудан әкім-дігімен қарым-қатынасыңыз қалай?

— Иә, мемлекеттік қызметте 13 жыл еңбек еттім. Бұл саланың қыр-сырын жақсы білемін. Аудан әкімдігімен тығыз байланыс-тамыз. Біз, депутаттар, билік пен бұқара арасындағы көпір екенімізді ешқашан ұмытпаймыз. Ел үшін, жер үшін билік органдарымен бірлесіп жұмыла жұмыс істей береміз.

Қуантарлығы, ауданымызда көзге көрінетін қыруар жұмыстар атқарылуда. Әрине, бір жылдың ішінде үлкен өзгеріс жасау мүмкін емес, дегенмен де өңірде көп өзекті мәселе оң шешімін табуда.

— Көпшілік депутаттыққаүміткер болған азаматтар үйіп-төгіп уәдені беріп, сайланып алғаннан кейін айтқан сөзінен тайқып шығады деп реніш білдіріп жатады. Бұл ретте, сіз не айтасыз? 

— Барлық депутат үшін жауап бере алмаймын. Бірақ бір байқағаным осы шақырылымда сайланған депутаттарының көзқа-растары басқа және қоғамда көтерілген мәселелерді шешуге белсенді қатысуда. Кез келген мәселеге ой қосып, пікірлерін бүкпесіз білдіріп жатады. Соған қарағанда, олардың халықпен бірге екеніне және берген уәделеріне берік екеніне сенемін!

— Халық қалаулысы, ел азаматы ретінде сізді не толғандырады?

— Мен жерлестерімнің ертең ғана емес, бүгінгі күні де бақытты да лайықты өмір сүргенін қалаймын. Сол үшін еңбек етемін. Ең бастысы, қазіргідегідей қилы заманда тәу еткен Тәуелсіздігімізді сақтап, ел болып «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», бірлікте ғұмыр кешуіміз қажет.

Бірлігі бар елдің берекесі артып, ырыс-несібесі мол болып, ісі де тындырылатыны сөзсіз.

Әрине, жұмыс азайған жоқ, мәселелер әлі де баршылық. Оны бүкіл ел болып бірігіп шешуге тиіспіз.

— Әңгімеңізге рақмет! Қолға алған әр ісіңізге сәттілік тілеймін.

 

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.