Жыл сайын Павлодар облысына келетін туристер мен меймандардың қатары көбейіп келеді. Соған сай облыс орталығы жоғары сапалы қызмет көрсетуі керек. Бұл бағыттағы жұмысты жетілдіре түсу үшін алдағы уақытта жаңа инвестициялық жоба жүзеге аспақ.

 

Таяу арада Павлодар қаласында премиум санатына жататын ірі қонақ үйі бой көтеруі бек мүмкін. Облыс әкімі Асайын Байханов пен «ALAZAR GROUP» ЖШС өкілі Руслан Шаекин «Novotel» деп аталатын қонақ үй салу жобасын талқылады.

– Қонақ үйлер туризм индустриясының ажырамас бөлігі болып табылады. Павлодар қаласына келетін қонақтар мен туристер саны жыл сайын артып келеді, сондықтан сіздің жобаңыз біздің өңір үшін маңызды. Бұл – осы жылы туризм мен қонақ үй секторын дамыту саласындағы алғашқы жоба, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Инвестордың жоспарына сәйкес, жаңа мейманхана 120 бөлмелі болмақ. Жергілікті билік те, компания өкілдері де жобаны жүзеге асыруға бейілді екендіктерін білдірді. Бұл ретте аймақ басшысы жауапты мемлекеттік органдарға аталмыш жобаны іске асыруда барынша көмек көрсетуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.