Бүгінде барлық дерлік маңызды салада ІТ-жобалар жүзеге асырылып, көпшілік цифрландыру игілігін көріп отыр. Дей тұрғанмен, өнеркәсіп, құрылыс, геология бағыттарындағы мемлекеттік қызметтің басым бөлігі әлі күнге дейін қағаз жүзінде қалып отыр. Бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру үшін қандай жобалар қолға алынуда? Бұл ретте Павлодар облысында қандай олқы тұстар мен оң бастамалар бар?

 

Бұл мәселелер Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірованың біздің өңірге сапары барысында талқыланды. Министр орынбасары өңірдегі бірнеше нысанды аралап, Жастар бастамаларын дамыту орталығында тұрғындармен кездесті. Жүздесуге жиналғандардың басым бөлігі – жастар. Сондықтан ведомство басшысының орынбасары алдымен елдегі жастарға жасалған мүмкіндіктерге тоқталды.

– Қазіргі уақыт – озық ойлы жастардың заманы. Ал олардың идеяларды жүзеге асыруы үшін мемлекет тарапынан түрлі тиімді тетік қарастырылып отыр. Алысқа бармай-ақ өзімді мысалға келтірейін. Мен бірнеше жыл жеке меншік компанияларда ІТ саласында еңбек еттім. Кейін Президенттік жастар кадрлық резервінің сынақтарынан сүрінбей өтіп, мемлекеттік қызметте, оның ішінде Өнәркәсіп және құрылыс министрлігінде тың жобаларды енгізу мүмкіндігін алдым. Сондықтан сіздер де елге пайдалы істерді, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыра аласыздар, – деп бастады сөзін вице-министр.

Кейін аталған ведомствода атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұл ретте мәліметтерді электронды форматқа ауыстыруға ден қойылып жатқанын алға тартты.

– Павлодар – өндіріс орындарының басым бөлігі шоғырланған облыс. Мұнда өнеркәсіптің түр-түрі бар. Бірақ бұл өңірдегі кәсіпорындар басқа аймақтардағы зауыттар сияқты ақпараттарды мемлекеттік мекемелерге көп жағдайда қағаз жүзінде ұсынады. Министрлік өнеркәсіптік нысаннан ақпарат алуы үшін хат жолдап, қоңырау шалады. Бұл – көп уақыт пен күшті сарп ететін артық жұмыс. Алған ақпараттарды талдайтын арнайы жүйе де жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Яғни, жаңа жүйе дайындаудың қамына кірістік, – деді Ж.Дүбірова.

Сол сияқты құрылыс, коммуналдық шаруашылық бағыттарындағы жұмыстарды жүйелендіру үшін арнайы бағдарламалар әзірле-нуде. Бұл ретте министр орынбасары жер қойнауын пайдалану саласына ерекше тоқталды.

– Жер қойнауын зерттеуге қатысты өткен ғасырдың 60-70-жылдары жүргізілген жұмыстардың нәтижелері қазір мемлекеттік мекемелерде папкаларда сақтаулы тұр. Бұл уақыт аралығында әбден шаң басқан құжаттардан керек ақпаратты табу өте қиын. Ертеңгі күні олар жоғалып не болмаса қандай да бір оқыс оқиға салдарынан жарамсыз болып қалуы да ықтимал. Мұндай жағдай орын ала қалса барлық мәліметтен әп-сәтте айырыламыз. Сол себепті геологиялық зерттеулерге, жалпы жер қойнауына қатысты бизнес процестерге бағытталған «qaznedro» жүйесі әзірленуде, – деді вице-министр.

Кездесу барысында жастар ІТ жобаларды жүзеге асыру, бұл бағытта колледждер мен университеттер беріп жатқан теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға қатысты сауалдарын қойды. Жәннат Дүбірова оларға толыққанды жауап беріп, павлодарлықтардан тың жобалар мен ұсыныстар күтетінін білдірді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.