Халық пен билік арасын жалғайтын көпір бар. Ол – түрлі деңгейдегі мәслихат. Тұрғындардың талап-тілегін ескеріп, атқарушы органдардың оларды уақытылы орындауын қадағалайды. Сайлаушылардың сауалдарын саралап, өзектілерінің уақыт өткізбей іске асырылуына  атсалысады. Бүгінде халық сөзден гөрі нақты істі талап етеді. Күрмеулі мәселелерге депутаттар да мән беріп, оның барынша жылдам шешілуіне үлес қосқанын қалайды. Міне, осы сұраныс-ұсыныстарды, талап-тілектерді талдап, әрдайым билікпен қоян-қолтық жұмыс арқылы мәслихат қоғамда маңызды орынға ие екенін көрсетеді. Бұл үде деңгейінен Тереңкөл аудандық мәслихаты шыға алып жатыр ма? Депутаттар аудан жұртшылығының әл-ауқатын арттыруға нендей үлес қосуда? Бұл сауалдарға аудандық мәслихат төрағасы Рафик Габдуллин жауап берген еді.

– Рафик Мұхаметқалиұлы, Тереңкөл аудандық мәслихаты депутаттары сайланғаннан бері бір жыл өтті. Осы аралықта   айтарлықтай   қандай   жұмыстар атқарылды?

– Бір жыл зырғып өте шықты. Әлбетте, бұл кезеңде біраз жұмыс атқарылды. Алдымен, үш бағытта жұмыс істейтін тұрақты комиссиямызды анықтап алдық. Олар – қаржылық, әлеуметтік, аграрлық комиссиялар. Әр комиссияға депутаттар өздері терең бойлай алатын мәселелер бойынша іріктелді.

Тұрғындардың талабы – ауданымызда әрбір істің сапалы атқарылуы. Аудандағы жөндеу және құрылыс жұмыстарын жіті қадағалаймыз. Апта сайын сайлауалды бағдарлама бойынша «АMANAT» партиясының жол картасының орындалу барысын бақылаймыз. Комиссиялар өз бағыттары бойынша әр саланың өзекті мәселелерін зерделейді.

– Тұрғындардың ұсыныс-тілектерін қаншалықты жиі саралап, әрекет етесіздер?

– Осы тұрғыда тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін сектор құрдық. Мұнда барлық өтініштер, телефон қоңыраулары талданады. Яғни, мәселеге қатысты сын айтылғанға дейін нақты қадам жасалады. Бұл ретте, жастардың белсенділігін атап өту керек. Мәселен, «АLDASPAN» жастар орталығы еріктілер қозғалысына жетекшілік етіп, біраз түйткілдердің түйінін тарқатуға атсалысып жүр. Аталмыш орталыққа жетекшілік ететін Майра Жақыпова облыстың жас саясаткерлері клубына енді. Бұл клубта ауданымыздың мүддесін қорғап, үлесін қосады. Мұндай клуб облыстық мәслихат жанынан құрылды. Бір жыл ішінде ауданымыздағы әрбір ауылдың өзіндік ерекшелігін, жағдайын зерттеп шықтық. Яғни, әр ауылдың мықты және осал тұстарын жақсы білеміз. Соған қарай жұмысымызды түземіз. Депутаттар өз ауылының өмір сүру жағдайын жақсартуға мән беріп келеді.

– Аудандық мәслихат төрағасы ретінде нақты міндеттерді өзіңізге айқындап алған боларсыз?

– Мәслихат төрағасының негізгі міндеті – мәслихат жұмысына қатысу, біздегі барлық шешімдердің орындалуын бақылау, сайлаушылармен байланыста болу, жұмысымыз жайлы БАҚ, сайт арқылы тұрғындарды ақпараттандырып отыру. Өзіме төрт бағытты белгілеп алдым. Әлеуметтік-бағдарлы салаларды және тәртіп мәселелері бойынша құқықтық аспектілерді дамыту, қоғамдық келісім, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару, ауданның экономика, бюджет және қаржы, агроөнеркәсіп, шағын және орта бизнес, тұрғын үй мәселелеріне маңыз беруге тырысамын. Міне, осы бағыттардан тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, қауіпсіздік, денсаулығын нығайту, балалардың бақытты балалық шағын, егде жастағы азаматтардың алаңсыз қарттығын қамту бойынша жоспарлар түзіледі.

Егер біз қазір халықтың мұң-мұқтажына жақындай түссек, оларды тыңдай, көре алсақ, дер кезінде көмектесе алсақ, бұл мәселелерді басты назарда ұстасақ, ертеңгі ұрпақ аға буынға алғыс айтатын болады.

Тағы бір міндетім – депутаттық корпустың басын біріктіре білу. Өйткені, аудандық мәслихаттағы әр депутат әртүрлі, өзіндік білім-білігімен, пікірімен, көзқарасымен ерекшеленеді. Бәрін ұйымшыл ету арқылы әр бағыт бойынша күшімізді біріктіре аламыз, түпкі нәтижеміз – азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға айтарлықтай үлес қоса аламыз деп ойлаймын.

– Жасыратыны жоқ, депутаттардың жұмысына көпшіліктің толық көңілі тола бермейді. «Атқарып жатқан жұмысын көрмедік» деп айтатындар да аз емес. Адам сөзімен емес, ісімен көптің есінде қалатыны анық. Осы тұрғыдан қазіргі депутат қандай болуы керек? Сіз төрағалық етіп отырған мәслихат депутаттары қандай игі істерімен көзге түсуде?

– Ол рас, депутаттар жайында жайсыз сөздер айтылып жатады. Бұл депутаттың нақты миссиясы мен атқарып жатқан жұмысынан хабарсыз болудан деп білемін. Әрбір депутаттық сауалдың жолдануы, оны сауатты түзу, кабинеттерді аралап, тұрғындардың тілегінің орындалуына күш салу жайы көпшілікке көріне бермейді. Ал соңында мәселе шешілгенде іске асырған азаматтар алтын болып шыға келеді.

Қазіргі шақырылымдағы депутаттардан сөздің емес, істің адамы болу талап етіледі. Әрбір күрделі сәтте сайлаушылардың жанынан табылуы тиіс.  Солардың жай-күйіне қанық болуы қажет. Яғни, мың рет естігеннен гөрі бір рет көргеннің маңызды екенін естен шығармауы керек. Заман ағынынан қалмау, тек игі істерімен көрінуі тиіс.

Біздің депутаттар бұл талаптар үдесінен шығып жүр деуге болады. Әрдайым мүмкіндігі шектеулі балаларға, өмірдің қиын жағдайына тап болған адамдарға, ауыр сырқатқа шалдыққан жандарға, көпбалалы аналарға моральдық қана емес, қаржылық көмек көрсетіп келеді. Біріне, қажетіне қарай кір жуатын машина алып берсе, біріне демеу ретінде ұсақ мал алып беруде. Біріне сауықтыру лагеріне жолдама сыйға тартса, біріне үйіндегі пешін ауыстыруға қолғабыс етті. Енді біріне қорадағы малына жем-шөбін, тағы біріне қап-қабымен картоп жеткізіп беруде. Қолайсыз ауа райы кезінде жолдарды тазалауға техникаларымен көмектеседі. Осындай жомарт жандармен жұмыс істеп жүргенімді мақтан тұтам.

– Мәслихат құрамы қаншалықты өзгерді? Жастардың үлесі қандай?

– VIII-шақырылым мәслихатының құрамы 80 пайызға жаңарды. 3 депутат білім саласында еңбек етсе, 4 депутат – аграрлық сектор өкілі. 3 азамат – шағын және орта бизнесте. Біреуі партия аппаратында жұмыс істейді. Депутаттық корпуста жастардың үлесі – 30 пайыз. Ал депутаттардың орташа жасы – 37 жас.

– Сіздерді халық сайлап, таңдады. Сенім артты. Сол сенімді қаншалықты атқара алып жатсыздар?

– Сенімді ақтай алып жүрміз  деп айтар едім. Олай дейтінім, біз әрдайым ашықпыз, кез келген тұрғынның мәселесіне құлақ асуға әзірміз. Тыңдап та, оны шешуге күш салып та жүрміз. Өзгенің пікірімен санасуға да мән береміз. Керек кезінде көмек қолын созудан да аянып жатқан жоқпыз. Депутаттар сайлаушыларының барлық мәселелерін білуі, көруі керек. Біздің депуттар өз елді мекенінде тұрады. Сол жағынан барлық жағдаймен жіті таныс. Алақандай ауылда көршісінде немесе көрші көшеде не болғанынан әрдайым хабардар. Түрлі жағдай болады. Олар маусымдық, бір реттік, тұрақты түрде орын алатын мәселелер болуы мүмкін. Оны атқарушы билікпен бірлесіп шешуге тырысамыз. Бұрынғыдай азаматтарды қабылдаудың нақты уақыты жоқ. Демек, тұрғындар ұсыныс-тілектерін, талаптарын әлеуметтік желі арқылы ма, электронды байланыс құралдары арқылы ма, жолдай береді. Бұл дегеніміз сайлаушылармен әрдайым байланыстамыз. Әлбетте, сенімге кіру бір басқа, оны алдағы уақытта да жоғалтпай жалғастыра білу –
ең маңыздысы. Міне, осыған мән береміз.

– Тұрғындар қандай арыз-шағыммен, өтініш-тілекпен сіздердің жәрдемдеріңізге жиі жүгінеді?

– Азаматтарды жиі қабылдаймыз. Нақты уақыты немесе кестесі жоқ. Кабинетте де, далада да, әртүрлі пікір алаңында талап-тілектерін тыңдаймыз. Халыққа жақын болуы үшін, өзіңді құрмет етуі үшін депутат әрдайым оқиғаның ортасында жүруі тиіс. Әрбір түскен өтінішті соңына дейін жеткізуі керек. Тұрғынның тілегі аяқасты болмауы қажет. Халық түрлі мәселемен келеді. Тұрғын үй-коммуналдық, аграрлық, әлеуметтік сипаттағы сұрақтар жиі түседі. Шағын және орта бизнес өкілдері өздерінің ұсыныс-тілектерін жеткізеді. Кейбір сұрақтарға бірден жауап беру мүмкін емес. Себебі, терең зерделеуді, хат әзірлеуді қажет етеді. Ең бастысы бірде бір сұрақты жауапсыз қалдырмаймыз. Бір жыл ішінде 34 депутаттық сауал жолдадық.

– Атқарған жұмыстарды жалпылама айтып жатырсыз. Дегенмен, мәслихат депутат-тарының көмегімен нақты шешілген бір мәселені тарқатып айтып берсеңіз?

– Аудан әкімдігімен бірлесе жұмыс істейміз. Біздің ұсыныстарымыз бюджетте көрініс тауып, іске асып жатыр. Көшелер жарықтандырылып, жолдар асфальтталуда. 8 ауылдық елді мекеннің 24 көшесінің 20 шақырым жолын, 4 ауылда кіреберіс жолдарын жөндеу, 4 ауылда ойын алаңын орнату қажет. Міне, бұл жұмыстар биыл іске асады. Олардың қажеттілігі былтыр зерделенді. Қаржы бөлінді. Бір ғана мәселеге тоқталмай-ақ қояйын. Бірақ депутаттық корпусты біріктіру міндетіне қол жеткізе алдық. Біз не үшін сайланып, қандай мақсатта күш біріктіруіміз керектігін жақсы білеміз. Азаматтардың мүддесін қорғауда, мәселелерді шешуде бірде-бір депутат аянып қалмайды деп сендіре аламын. Құрылыс, жөндеу жұмыстарының бірі де ауданда депутаттардың араласуынсыз өткен емес.

– Алда әлі де аудан үшін қандай жұмыстарды қолға алу уақыт күттірмейді? Ол үшін қандай әрекет жасалмақ?

– Тұрғын үй бойныша мәселе көп. Көп адам үй кезегінде тұр. Одан бөлек, көшіп келушілер бар. Демек, бізде жұмыс бар, сәйкесінше, тұрғын үй салу қажеттігі туындап отыр. Бұл мәселені алдағы уақытта көтермекпіз. Орталықтандырылған жылу жүйесі бойынша сұрақтар бар. Әкімдікпен бірлесе шешу жолы қарастырылуда. Бұдан өзге де ауданда туындаған түйткілдерді құзырлы органдармен күш біріктіре шешеміз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.