Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында аймақтың басты қаржылық
құжаты қаралды. 2024 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау жобасы талқыланды. Комиссия отырысына облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко қатысты.

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқарма-сының басшысы Ирина Назарчуктің мәлімдеуінше, бюджетті түзету былтыр республикалық қазынадан бөлініп, игерілмеген 1,1 млрд теңгені кері қайтарумен байланысты орын алып отыр. Бюджеттің шығыс бөлігінде оңтайландыру нәтижесінде мемлекеттік сатып алулардан 4,4 млрд теңге үнемделген.

Жалпы, түзетулер нәтижесінде 6,7 млрд теңге қалыптасқан. Бұл қаражатты инвестициялық жобаларды қосымша қаржыландыруға, облыс әкімінің тапсырмаларын орындауға, аудан әкімдерінің сайлауалды бағдарламаларына ықпал етуге, сонымен қатар, спорт саласындағы, жол жөндеу, ауыл шаруашылығы және табиғатты пайдалану шаралары бойынша жекелеген нақты мәселелерді шешуге бағыттау көзделген.  Мәселен, биылға өткен 13 және республикалық 5 инвестициялық жобаны қосымша қаржыландыруға 1,5 млрд теңге жұмсалмақ. Облыс әкімінің тапсырмасын орындау шеңберінде Май ауданының Көктөбе аудандық орталық ауруханасының дренажды жүйесін салуға, Екібастұз аймағында Бозшакөл, Құлакөл және Зеленая роща ауылдарының кіреберіс жолдарын жөндеуге, полиция департаментіне 38 автокөлік сатып алуға, төтенше жағдайлар жөніндегі департаментіне тұрғындарды хабарландыру жүйесін және бір өрт сөндіру көлігін сатып алуға жалпы 2,1 млрд теңге қарастырылмақ. Сонымен қатар, Павлодар қаласының бюджетіне «Жайлы мектеп» құрылысы үшін екі жер телімін сатып алуға реттелетін кірістер бойынша аударымдар нормативі ұлғайтылады. Яғни, 1,6 млрд теңге осы мақсатқа бағытталады.  Аудан әкімдерінің сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыруға қатысты 4 жоба қарастырылуда. Атап өтсек, Железин ауданының Прииртышск ауылына жылу қазандығын салу, Железин ауылының қазандығын қайта қалпына келтіру, Лесное елді мекенінде мектепке және Шарбақты ауданында Сахновка ауылының медициналық пунктіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға 516,1 млн теңге жұмсалмақ.

Одан бөлек, бірқатар мәселелер нақтылауда есепке алынуда. Мәселен, әлеуметтік салада 922,5 млн теңгенің жобалары мен шаралары қарастырылған. Инфрақұрылымдық дамуға 751,6 млн теңге бөлінбек. Табиғатты қорғау шараларына 362,1 млн теңге бағыттау көзделген. Тағы бір айта кетерлігі, қолданыстағы заңнама шеңберінде жергілікті атқарушы органның төтенше жағдайға арналған резерві максималды деңгейге жеткізілді. Яғни, облыстық бюджеттің кірісінің 2 пайызы көлемінде болады. Нақтысы, резерв 133,2 млн теңгеге ұлғайтылды.

Барлық енгізілген өзгерістер есебімен облыстық бюджеттің нақтыланған көлемі 453,3 млрд теңге болмақ. Соның ішінде республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер мен кредиттер – 65,3 млрд теңге. Депутаттардың ұсыныстары ескеріле отырып, бюджет жобасы алдағы уақытта мәслихат сессиясында нақтыланады.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.