Аймағымызда аутизмге шалдыққан балалардың саны жыл сайын артуда. Өткен жылы осы індетке 503 сәби душар болған. Бұл — 2022 жылмен салыс-тырғанда бір жарым есе көп. Мамандар мұндай қоғам қасіретіне бейжай қарауға болмайтынын айтады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығы басшысының орынбасары Виктория Ефимова сөз етті. Оның айтуынша, елімізде 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күні. Бұл күн аутизммен ауыратын балалардың мәселелеріне назар аудару мақсатында БҰҰ Бас Ассамблеясының ұсынысымен 2007 жылы желтоқсанда белгіленген.

— Жыл сайын 2 сәуірде бүкіл әлемде аутизмге байланысты акциялар өткізіледі. Бұқаралық ақпарат құралдарында осы тақырыпта ақпараттар беріліп, әлеуметтік жарнамалық роликтер көрсетіледі, аутизм бойынша конференциялар өткізіледі. Елімізде әрбір 250 баланың біреуі осы аутизммен ауырады. Ресми мәлімет бойынша Қазақстанда 9 мыңнан астам аутизмге шалдыққан бала тұрады. Облыста 2022 жылы 355 балада аутизм анықталса, 2023 жылы олардың саны 503-ке жетті. Жыл сайын індет көрсеткіші 50 пайызға артып отыр. Бұл – алаңдатарлық жағдай, — дейді В.Ефимова.

Виктория Ефимова аутизмге шалдыққан баланы ерте жастан анықтауға болатынын айтады. Дерттің пайда болуына түрлі жағдай әсер етеді. Бала анасының құрсағына біткеннен бастап, генетикалық тұқым қуалайтын аурулар, кейде экологиялық, әлеуметтік факторлар да себеп болады.

«Аутизм неге көбейіп кетті?» деген сұраққа әлемде әлі нақты жауап жоқ. Қазір оны диагностикалау сапасы жақсарғандықтан аутизм көп анықталып жатыр деген де пікірлер бар. Виктория Ефимова балаға салынатын екпелер, ұялы телефон мен планшеттерді көп қолдану деген сияқты факторларды аутизм тудыратын себептер деп қарастыруға ғылыми негіз жоқ екенін жеткізді.

— Соңғы теориялық тұжырымдарда ауытқу генетикалық тұрғыда пайда болатыны айтылған. Генетикалық ауытқулар туған ата-анасынан болмаса да, екі жақтағы туыстар арқылы берілуі мүмкін. Бірақ бала дүниеге келгенше, тіпті туғаннан кейін 1 жасқа дейін де оның бойында аутизм белгілері бар-жоқтығын ешкім де анықтай алмайды. Көбіне аутизмнің алғашқы белгілері 1,5-3 жас аралығында байқалады, – дейді В.Ефимова.

Аутизмге шалдыққан бала бойындағы ауытқулар әр түрлі болып келеді. Бір бала саңырау сияқты көрінеді, атын атап шақырғанда мән бермейді. Ешкім ренжітпесе де жылап, өз бетімен күле салуы мүмкін. Аутизмнің басты белгісі – баланың сыртқы ортамен қарым-қатынас жасай алмауы. Бала адам көп жерде ешкім жоқ сияқты отырады. Бірақ теледидарды өзі қосып, өз бетінше әжетханаға бара беруі мүмкін. Бір жерден естіген сөзін немесе дыбыстарды қайталай да алады. Осындай сәттерде көп ата-ана баласының бойынан аутизм белгілерін аңғармай қалады. Аутизм кейде бала бір ортаға түспейінше байқалмауы мүмкін. Ауытқуы бар бала өзін мазақ еткенді түсінбей қалады. Дос табуға тырыспайды, адамның бетіндегі ым-ишара дегенді түсіне алмайды. Сондықтан бала бойынан жоғарыдағы аталған белгілерді байқаған ата-ана психиатр маманының көмегіне жүгінуі қажет. Нақты диагнозды дәрігер ғана қоя алады.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА.