Бұдан былай тұрғындар кейбір салалық дәрігерлердің қабылдауына терапевтің жолдамасын алмай-ақ жазыла алады. Мұндай жаңашылдықты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі халықтың уақытын үнемдеу үшін енгізіп отыр.

Бұған дейін адамдар бейінді маман-дардың көмегіне жүгіну үшін алдымен терапевке жазылып, одан кейін ғана қажетті дәрігердің қабылдауына баратын. Осы мәселе бойынша жұртшылық тарапынан шағым өте көп түскен. Енді кейбір салалық дәрігерлерге жазылу үшін терапевтің жолдамасы керек болмайды. Бұл ретте шұғыл және жоспарлы көмекті қажет ететін емделушілер офтальмолог, лор, стоматологқа бірден кіре алады. Тіркеуде тұрған емханадағы дерматолог, акушер-гинеколог пен психологтың қабылдауына да тікелей жазылады. Бұл қатарда онколог пен онкогематолог та бар. Сонымен қатар, диспансерлік есепте тұрған науқастар кардиологқа, эндокринологқа, офтальмолог, невропатолог пен хирургқа тікелей бара алады. Бұдан бөлек, жастар денсаулық орталық-тарындағы мамандардың қабылдауы мен жылжымалы медициналық кешендердің қызметтері үшін терапевтің жолдамасы талап етілмейді. Сондай-ақ, емханаға жатқызу үшін тапсыратын талдама саны 42-ге қысқарды. Ал оның жарамдылық мерзімі 10 күннен 14 күнге, 1 айдан
3 айға дейін ұзартылды.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мұндай өзгеріс дәрігердің жүктемесін азайтып, халықтың уақытын үнемдеу үшін енгізілгенін айтады.

– Жалпы тәжірибе дәрігері  іс жүзінде 3 функцияны атқарады. Ол иммундауға, салалық дәрігерлерге жолдама беру және денсаулыққа қатысты парақ ашу. Алдағы мақсатымыз – терапевтердің біліктілігін арттыру. Халықаралық тәжірибеге сәйкес оларды мүлдем жүйеден шығарып тастай алмаймыз. Егер емделуші компьютерлік томография мен ультра-дыбыстық зерттеу-
ден өткен кезде онкологиялық аурудың белгілері болса, бірден онкологқа қаралатын болады. Сонымен қатар, көзі жараланса офтальмологқа барады. Бұл жағдайда терапевтің жолдамасы қажет емес. Бірақ барлық салалық дәрігерге терапевтің жолдамасынсыз жіберу мүмкін емес, – дейді А.Әлназарова.

Павлодар қаласының тұрғыны Раушан Темірғалиева  жүрек ауруы бойынша есепте тұр. Зейнеткер мұндай өзгеріс жасы келген адамдарға үлкен көмек болғанын айтады.

– Жүрек ауруымен 10 жыл көлемінде ауырамын. Тіркеуде тұрған емханадағы кардиолог дәрігерімді жақсы танимын. Ол да менің сырқатымды, емдеу тәсілін толық біледі. Ауруым кардиолог дәрігеріме белгілі болғандықтан оған кіру үшін терапевтің жолдамасын алудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Министрлік енгізген өзгеріске риза болдым, – дейді зейнеткер.

Жоғарыда атап өткеніміздей, кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, невропатолог пен хирург сынды дәрігерлерге тек диспансерлік есепте тұрған науқастар ғана тікелей бара алады. Басқа емделушілер бұрынғы тәртіп бойынша осы мамандардың қабылдауына кіруі үшін алдымен терапевке жазылуы тиіс. Павлодар қаласының тұрғыны Рүстем Аманжолов невропатологтың қабылдауына кіру үшін кемі екі апта күту керектігін айтады.

– Наурыз айы басталғалы бас ауруы мазалай бастады. Бұған дейін «Цитрамон» дәрісін ішкенде тез басылатын. Бірақ осы жолы ол дәріге басымның ауырғаны бағынбады. Сырқатым жұмыс істеуге мұрша бермегендіктен невропатологқа жазылам деп шештім. Бірақ емханадағы  тіркеу бөлімі алдымен терапевке жазды. Себебі невропатологқа жолдаманы тек осы мамандар береді екен. Өкініштісі, терапевтің қабылдауына кіру үшін кемі бір апта күтуім керек болды. Себебі дәрігердің қабылдауы толық екен. Одан кейін невропатологқа жазылу тағы бір аптаға созылатынын білдім. Басым қатты ауырған соң  ақылы негізде жекеменшік емдеу мекемесіне барып, невропатологтың қабылдауына кірдім.  Дәрігер  бас ауруы (мигрень) диагнозын қойып, қажетті ем-шара тағайындады. Біле білгенге бұл дерт шыдауға мүмкіндік бермейді. Ал  жекеменшік емханаға бара аламайтындар осы диагнозбен 14 күн күтсе жағдайы не болмақ? – дейді Р.Аманжолов.

Осы мәселе төңірегінде маманның да пікірін білген едік. «Viamedis Pavlodar» жауапкершілігі шектеулі серіктес-тігінде жұмыс істейтін  жалпы тәжірибе дәрігері Әйгерім Асылханова терапевтің қабылдауына жазылмай, бірден салалық дәрігерге қаралу мамандардың жүктемесін одан әрі арттыра түсетінін айтады.

– Учаскемде 1600 адам бар. Бір терапевтің  участогында кем дегенде 1700 адам болуы керек. Ал диспансерлік есепте тұрған науқастардың саны 300-ден асады. Диспансерлік есепте тұрған науқастарды жалпы тәжірибе дәрігерлері  тексерген соң, қажет болған жағдайда ғана керекті салалық дәрігерге жолдайды. Осы дұрыс. Терапевтің жолдамасынсыз салалық мамандарға жазылу олардың жұмысына салмақ түсіреді. Мысалы, науқас бірден невропатологтың қабылдауына жазылды делік. Маман оған ем жүргізбес бұрын түрлі талдама тағайындайды. Яғни, науқас қажетті емді бірден алмайды. Ал терапевтің алдына келгенде дәрігер толық тексеріп, талдамаларды тағайындайды, нәтижесі шыққан соң ем жүргізеді. Қажет болған жағдайда невропатологқа жазады, нәтижесінде емделуші дәрігерге сараптама нәтижесімен барады. Демек, невропатолог уақыт үнемдейді. Бұл – бір. Екіншіден, облысымызда салалық мамандардың саны аз, дәрігер жетіспейді. Кардиологтардың саны күн сайын азаюда. Тұрғындар бірден тура қажетті бейінді маманға жазыла берсе кезек саны да көп болары сөзсіз, – дейді Әйгерім Амангелдіқызы.

Жалпы тәжірибе дәрігері кейбір емделу-шілер терапевт тағайындаған ем-шара арқылы сырқатынан айығатынын айтады.

– Тұрғындар невропатолог, хирургқа баруым керек деп санасына құйып алады. Көп жағдайда жалпы тәжірибе дәрігерінің тексеруінен кейін салалық мамандардың көмегі қажет болмай жатады. Өйткені тексеру кезінде  терапевт емдей алатын диагноз қойылады. Науқастың бәрін тез қабылдайтын салалық дәрігерлердің саны да көп емес. Облыс орталығындағы салалық мамандардың бірнеше жекеменшік клиникаларда жұмыс істеуі де сондықтан. Сол себепті осы мәселе де ескерілуі керек, – дейді Әйгерім Аманжолова.

Ескеретін жайт, терапевтен жолдама алып, невропатологқа қаралған адамдарға диагнозын анықтау бойынша хирург, кардиолог, эндокринолог сынды мамандардың көмегі қажет болса, қайта терапевке бармайды. Бұл жағдайда невропатолог өзі өзге салалық мамандарға жолдама бере алады.

 

Түйін:

Емдеу мекемесіне келген кез келген адам кезекті көп күтпей, қажетті дәрігердің қабылдауына тез кіруге асық болатыны ақиқат. Бастысы, дәрігер диагнозын дөп басып, анда-мында сандалтпаса дейді. Жаңашылдық жақсылыққа бастаса екен дейміз. Бұл өзгеріс дертіне шипа іздеген жан мен сырқатпен арпалысатын дәрігерлерге де тиімді болуы керек. Жаңа жүйенің нәтижесін уақыт еншісіне қалдырайық.

А.АСҚАРҚЫЗЫ