Облыстық балалар ауруха-насының дәрігерлері балаларды күйіктен және жарақаттан сақтандыру үшін ата-аналардан жауапкершілік танытуды сұрайды. Денесінің 30 пайызын күйік шалған баланы үйінде емдеген отбасылар бар. Салдарынан 9 жастағы жасөспірімге ота жасауға тура келген.

Жыл басынан бері өңірде 103 баланы күйік шалған. Оның ішінде 45 жасөспірім емдеу мекемесіне жатқызылған. 19 бала аудан орталықтарынан жеткізілген. Облыстық балалар ауруханасының травматолог дәрігері Ардақ Қабдылмаратовтың айтуынша, балалардың осындай жағдайға ұшырауына бірінші кезекте ата-аналары кінәлі.

– Биыл күйік шалған 2 бала жансақтау бөлімінде ем алды. Емдеу мекемесіне жүгінген балалардың дені  тұрмыстық жағдайда күйікке шалынған. Ыстық су мен плитаға қолын күйдіріп алғандар бар. Электр сымдары баланың қолы жетпейтін жерде орналасқаны дұрыс. Күйік шалған баланы бірден медицина қызметкеріне көрсету керек. Себебі үй жағдайында емдеу дерттің асқынуына әкеледі. Бұдан бөлек, қазір күн жылына бастағалы көшеде велосипед, самокат теуіп жүрген балалар көбейді. Жарақаттың алдын алу үшін қауіпсіздік ережесін сақтау қажет. Бас сүйегін қорғайтын арнайы бас киімдерді кию керек. Аяқ және қол жарақаттарынан сақтану үшін тізе мен шынтаққа да қорғану құралдарын қолданған абзал. Сондықтан ата-аналардан  балалардың қауіпсіздігіне барынша жауапкершілік танытқанын сұраймын, – дейді Ардақ Айтмұхаметұлы.

Дәрігерлердің айтуынша, күйікпен түскен балалардың ішінде тәрелкедегі ыстық тамақты үстіне төгіп алған, плитаның үстіндегі  қазанды құлатқандар да бар. Тіпті, аяқ-қолын батарейге қыстырып алған бала  бар. Салдарынан 9 жастағы жасөспірімнің аяғының 30 пайызын күйік шалады. Өкініштісі, анасы ұлына дәрігер шақырмай үйде өзі емдеген. Жағдайы асқынған баланы екі аптаға жуық уақыт өткен соң яғни, 2 сәуірде ауруханаға әкеледі. Дәрігерлер әлгі балаға ота жасауға мәжбүр болған. Қазір жағдайы орташа ауыр деңгейде деп бағалануда. Сондықтан мамандар жарақат немесе күйікке шалдыққан баланы дереу дәрігерге қарату қажеттігін ескертеді.

 Айдана ҚУАНЫШЕВА