Тіркелу тәртібі өзгерді

Қыр 10, 2026

Бұған дейін елімізде дәл осы уақытта емханаларға тіркеу науқаны басталатын-ды. Яғни тұрғындарға 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында басқа емдеу орнына тіркелуге мүмкіндік берілетін. Ал таяуда мұндай шекті мерзім алынып тасталды. Енді кез келген адам өзі қалаған медициналық мекемеге тіркеуге тұра алады. Ол үшін бұрынғыдай арнайы мерзімді күтудің қажеті жоқ.

Денсаулық сақтау министр-лігінің бұйрығына сәйкес, енді қазақстандықтардың жылына бір рет, кез келген уақытта емханаға тіркелу мүмкіндігі бар. Бірақ бұл ретте медициналық мекеме үйге жақын орналасып, емхана тура сол учаскеге қызмет көрсетуі шарт. Сондай-ақ, мемлекеттік немесе жеке меншік емхананың медициналық сақтандыру қорымен келісімшарты болуы қажет.

Ал емханаға тіркелу жолдары бұрынғыдай қала береді. Бірінші жолы — eGov порталы арқылы онлайн тіркелу. Ол үшін «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту» қызметі мен емхананы таңдап, өтінімге электрондық-цифрлық қолтаңба көмегімен қол қою керек. Келесі жұмыс күні сәтті тіркелгеніңіз туралы немесе себебі көрсетілген бас тарту туралы хабарлама жолданады. Екінші әдіс — медициналық ұйымға барып, өтініш жазу. Өзіңіздің тұрғылықты мекенжайыңыздағы көңіліңіз қалаған емханаға барып, жеке куәлігіңізді ұсынып, өтінішті толтырсаңыз болғаны. Ол да бір жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс. Егер азамат eGov арқылы өтінім берген тұста мәліметтер қате көрсетілсе, басқа аумаққа қызмет көрсететін емхананы таңдаса, тіркелуді қалаған емханадағы учаскелерге түсетін жүктеме тым жоғары болса, өтініштен бас тартылуы мүмкін.

С.Қайырбекова атындағы Ұлт-ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы жанындағы Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) республикалық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Нұргүл Аждарованың айтуынша, емханаға жаңадан тіркелуші нақты бір дәрігерді таңдай алады. Тек ол кезде учаскелердің қаншалықты бос екені ескеріледі. Айталық, бір жалпы тәжірибе дәрігері 1700-ден 2000-ға дейінгі адамға, учаскелік терапевт 2200-ге дейін ересек пациентке, учаскелік педиатр 900-ге жуық балаға қызмет көрсетеді. Егер адамның нақты бір дәрігерге қаралуға ниеті болса, бұл мәселені медициналық ұйымның әкімшілігімен талқылауға болады. Басты шарт — учаскеде бос орындардың болуы. Мұны тікелей емхананың өзінен анықтауға болады.

Ескерер тағы бір жайт, заңнамада медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы қарастырылғанымен, қызмет көрсетудің отбасылық қағидаты мен аумақтық қолжетімділікті ескеру маңызды.

— Яғни, емхана адам тұратын ауданда орналасуы тиіс. Бұл аумақтық қолжетімділік қағидатын қамтамасыз ету үшін қажет. Әйтпесе кейбір медициналық қызметтерді алуда, мысалы, дәрігерді үйге шақыруда қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан біз жүкті әйелдер мен 17 жасқа дейінгі балаларға нақты тұрғылықты жері бойынша медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету ұйымына тіркелуге кеңес береміз, — дейді Н.Аждарова.

Айта кетейік, 1 шілдедегі жағдай бойынша республикада емханаларға барлығы 20 миллионнан астам адам тіркелген. Оның ішінде 9,4 миллион ересек және 4,8 миллион бала — мемлекеттік, ал 4 миллион ересек және 1,8 миллион бала жекеменшік емханаларға бекітілген.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.