Жыл басынан бері облыста 1305 бала қызылшаға шалдыққан. 14 жасқа толмаған 52 бала көкжөтелмен ауырған. Өкінішке қарай, ата-аналардың басым көпшілігі ұл-қызына екпе салдырудан бас тартуда. Қызылшамен және көкжөтелмен ауырғандардың дені – вакцина алмағандар.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депар-таменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанова сөз етті. Оның айтуынша, жыл басынан бері 934 баланың ата-анасы екпеге қарсылық білдірген. Оның ішінде 701 ата-ана жеке сенімі бойынша келіспесе, 151 ата-ана вакцинаға сенімсіздік танытқан. Ал 71 жағдайға діни көзқарас себеп.

Елімізде 21 сәуірде Еуропалық иммундау апталығы басталған. Шара аясында тұрғындарға түрлі аурудан сақтануда екпе алудың маңыздылығы түсіндіріледі. Әлемде соңғы 50 жылдың ішінде миллиардтан астам адам вакцинаның арқасында өмірін сақтаған.

– Елімізде қолданылатын кез келген екпенің адам денсаулығы үшін маңызы зор екенін атап өткім келеді. Қазақстанда  екпе күнтізбесіне 21 жұқпалы ауруға қарсы вакцина енгізілген.  Биыл қыркүйек айынан бастап бұл тізім жатыр мойны обырының қоздырғышы адам  папилломасы вирусына қарсы екпемен толығатын болады. Аталған перапарт 11 жастағы қыздарға салынады. Елімізде жатыр мойны обыры таралуы бойынша екінші орынға ие. Папиллома вирусының қатерлі ісік тудыратыны ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қазақстанда жыл сайын 1900-ден астам адам осы дертке шалдығады. 600-ден астам әйел қатерлі дерттен көз жұмады. Яғни, күн сайын екі адам жатыр мойны обырынан дүние салады. Ал Павлодар облысы қатерлі ісікке шалдығу деңгейі бойынша респуб-ликада 4-нші орында тұр. Қазіргі уақытта онкологиялық диспансерде 13 мыңнан астам адам есепке алынған. Оның ішінде 1152 әйел жатыр мойны обырымен ауырады. Жыл басынан бері осы дертке 20 әйел душар болған. Өкінішке қарай, биыл 3 әйел жатыр мойны ауруынан көз жұмды. Сондықтан қыркүйекте бастау алатын шараның маңызы зор. Әйелдерді қатерлі ісіктен вакцина ғана қорғай алады. Папиллома вирусына қарсы екпе елімізде қатерлі ісіктің алдын алатын жалғыз вакцина екенін еске салғым келеді, – дейді Зәмзәгүл Дощанова.

Облыста 11 жасқа толған 6 мыңға жуық қыз бала бар. Оларға екпе ата-ананың рұқсатымен салынатын болады. Папиллома вирусына қарсы вакцина екі мәрте салынады. Жасөспірімдер екінші препаратты 6 айдан кейін қабылдайды.

– Өңірде 2013 жылы жатыр мойны обырына қарсы екпе жүргізу шарасы пилоттық жоба негізінде жүзеге асырылған болатын. Өкінішке қарай, ата-аналардың басым көпшілігі екпеге қарсылық білдірді. Сондай-ақ, аталған препаратты қабылдағандардың ішінде екпеден кейін өзін жайсыз сезінген 2 жағдай тіркелді. Денсаулық сақтау басқармасы мамандары мен екпеге сараптама жүргізген дәрігерлер бас қосып, толық тексеру жүргізді. Ғылыми зерттеу қорытындысы бойынша 2 жағдайға вакцинаның әсері жоғы анықталды. Белгілі болғандай, Баянауыл ауданы Майқайың кентінде тұратын екі қыз екпе алудан қорқып, вакцина салу кезінде әлсіздікке ұшырауына психоэмоционалды жағдайлары әсер еткен, – дейді З.Дощанова.

Зәмзәгүл Сапарғалиқызы ата-аналардан сәбилеріне қажетті екпені күнтізбеге сәйкес уақытылы алуды сұрайды. Ауруға қарсы иммунитеті қалыптасқан балада індет асқынбайды.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.