Павлодар облысы қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші бойынша республикада 4-нші орында тұр. Жыл басынан бері онкологиямен сырқаттанған 545 науқас диспансерлік есепке алынған. Дәрігерлер обыр ауруынан сақтану үшін жыл сайын медициналық  тексеруден өтіп тұру керектігін айтады. Жуырда онкологиялық диспансердің мамандары қатерлі індеттің алдын алуда емханаға өз еркімен қаралған  зейнеткерге ота жасады.

Павлодар қаласының тұрғыны Бибігүл Байқұлова тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға барып денсаулығын тексерту үшін медицина мамандарының көмегіне жүгінген. Ультрадыбыстық зерттеу мен магнитті-резонансты томография сынды құрылғылардан өтеді. Сараптама қорытындысына сәйкес, емхана қызметкерлері зейнеткерді онкологиялық диспансерге жолдайды.

– Міндетті әлеуметтік медициналық  сақтандыру жүйесі аясында онкологиялық диспансерде сырқатыма байланысты толық ем алдым. Дәрігерлер сырқаттан айығу үшін ота қажеттігін айтты. Онкологиялық диспансердің мамандарының біліктілігіне сеніп, қажетті операцияға келісім бердім, – дейді Б.Байқұлова.

Зейнеткерге ота жасаған онкогинеколог дәрігер Лаура Нұрсейітова осы салада 15 жылға жуық жұмыс істеп келеді.

– Емделуші емхананың жолдамасымен біздің диспансерге жүгінді. Оған жатыр миомасы диагнозы қойылды. Яғни, жатырдың бұлшық еті қабатының айналасында орналасатын қатерсіз ісік. Емделушінің бұл диагнозбен жүргеніне бірнеше жыл болғаны анықталды. Қажетті ота МӘМС жүйесі аясында тегін жүргізілді. Науқастың жағдайы жақсы, – дейді дәрігер.

Лаура Нұрсейітованың айтуынша, 2023 жылы МӘМС жүйесі аясында онкологиялық диспансерде 200-ге жуық ота жасалған. Оның 30-дан астамын гинеколог мамандар жүргізген. Ал жыл басынан бері 14 адам операция қабылдады. Дәрігерлер өңір тұрғындарының басым көпшілігі онкологиялық диспансерде ота алғандарын қалайтынын айтады. Өйткені осы мекеменің құрылғылары жаңа әрі заманауи. Жаңа орталықтың мамандары да білікті.

Дәрігерлер өңір тұрғындарын қатерлі індетке душар болмас үшін міндетті түрде жыл сайын медициналық тексеруден өту керектігін айтады. Жоғарыдағы емделуші дер уақытында қарануы, ота алуы арқылы өзін жаман індеттен құтқарды. Облыста онкология көрсеткішін төмендету үшін жыл сайын емханада скринингтік тексерулер жүргізіледі. Ол – ауруды және оның туындауына әсер ететін факторларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін медициналық зерттеу. Ағзасын тексеру кезінде пациент салалық мамандардың кеңесін тыңдап, зертханалық талдаулардан өтеді. Бұл арқылы адам ағзасында пайда болған аурудың асқынуын дер кезінде байқап, оның алдын алады. Дәрігерлер адамның денсаулығы – өз қолында екенін айтады.

Еске сала кетейік, онкологиялық
диспансерде 13500-ге жуық адам есепте тұр.

Айдана ҚУАНЫШЕВА