Мектепте оқып жүргенде газетке өлеңдерімді жіберіп, шағын мақалалар жазып тұрдым. Тұңғыш өлеңдерім әдебиет бетінде жарық көрді. Ауыл тілшісі деген куәлік алдым. Бізге бөлім қызметкерлері хат арқылы тапсырмалар беретін. Жетпісінші жылдары газетте 8 бөлім болды.

Партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Әжібек Жүсіпов, үгіт-насихат бөлімін Қапан Сапарғалиев, мәдениет бөлімін Мұхаметжан Дәуренбеков, совет құрылысы және әлеуметтік тұрмыс бөлімін Әділбек Жұмаділденов, ауыл шаруашылығы бөлімін Төлеубек Қоңыров, құрылыс және транспорт бөлімін Әбдіш Баймұрзин, әдебиет және еңбекшілер хаттары мен бұқаралық жұмыс бөлімін Ермек Демешев, хабар бөлімін Төлеубек Төлеубаев басқарды. Бақи Әбдіқадыров жауапты хатшы болатын. Сол кездері газет тілшілері Күлбарам Жұмашева, Қорлан Байжұманова апайларды, Бәну Шәкірова, Өскенбай Тастемханов, Бақыт Баймұратов, Есентай Ерботинді де жақсы таныдым. Тапсырмалар алдым. Суретші, тілші Еренбақ Әлжанов біздің ауылға келіп, егін орағын, пішен науқанын суретке түсіріп, менің жазған мақалаларымды алып кететін.

***

1967 жылы облыстық газетке корректор болып орналастым. Газет жұмыс күндері шығып тұрды. Жітікөз Жиенбек Сәтенов, корректорлар Сәбира Садықова, Сапура Нығышева, Қауия Жаулыбаева, Сағила Төлеубаева мені корректорлық жұмысқа баулыды. Алғашқы кезде оларға көмекші, подчитчик болдым. Мәдина Садықова газет беттеушісі болатын. Біз баспаханада газет беттеліп, дайын болғанша, түн ортасына дейін жүретінбіз. Газетке келген жылдары ұжым ауыл шаруашылығы жұмысына көмекке барып жүрді. Бірде Чернояркаға бақша өнімдерін жинауға бардық. Ашық аспан астында жұмыс істеген қандай ғанибет! Бақи ағамыз өте әңгімешіл болатын. Күлкіге кенелтетін әңгіме айтқанда, алдына жан салмайтын. Мен ол кісіден майдандағы ерліктерін айтуды өтінетінмін. Бізбен бірге КазГУ-дің журналистика факультетінде оқитын студент, газетте тәжірибеден өтіп жүрген Социал Әйтенов те барды. Бақи аға әнді жақсы айтатын. Халық әні «Ақбақайды» зор, ашық дауысымен шырқағанда, көрші ауылға естілген шығар деп ойлағанмын. Білімді де зерделі адамдармен бірге жүрген қандай керемет. Жұмыс та бітеді, әңгімеге де жарисың, рухани азық аласың.

Бақи Әбдіқадыров пен Сұлтанмахмұт ақынның немере інісі Сәкен Шаймерденов әзілдері жарасқан, құрдас, өте дос жандар болды. Бақи аға майданда алғы шепте жүргенде жарақат алып, госпитальға түседі. Осында тағдырдың жазуымен орыс қызы Анна Матвеевнамен танысып, кейін көңіл қосады. Ерлі-зайыптылардың балалары бар. Сәкен аға Бақи досының Анна Матвеевнасын жақсы көретінін біледі әрі сыйластықтарын көріп жүретін. Екеуі де — ақын. Бақи аға да табан аузында өлең құрап жауап беретін. Ол кісінің сөйлеген сөзінің өзі өлеңге құрылып, сыңғырлап тұрушы еді. Әзілкеш Сәкенге Бақи аға:

— Мен — солдат, ол — генерал, бағынамын,

Бәйбішемді ренжітіп неғыламын.

Аннамды қанша жақсы көрсем-дағы,

Кей кезде қазақ қызын сағынамын, — деп жауап беріпті. Осыдан кейін Сәкен аға да бұл тақырыпты қозғамайтын болыпты. Мен де Бақи ағаның көзіне шалынған жанды өлеңге қосып жүретініне талай рет куә болдым. Бірде баспаханадағы корректорлар бөлмесіне еңгезердей үш жігіт келе қалды. Үшеуі бірдей сау ете түскен алып жігіттерге таңырқай қараған корректор қыздарға Бақи аға:

«Болса-дағы бастың тері қандай мықты,

Екі шал айқасқанын шалмай жықты.

Соңы біз болмайық деп серілердің,

Ертіп жүрміз біз, Шәкірат Шалбаевты», — деді. Ұлағатты ағаларыма қарап отырып, ертең мен де осы кісілердей атақты журналист болсам деп армандағанмын…

***

Алматыда С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінде журналистика факультетінде оқып жүрген кезімде профессор Қайыржан Бекқожин облыстық «Қызыл ту» газетінің тарихы туралы реферат жазуға тапсырма берді. Бұл кісі — қазақ журналистикасы туралы кітап жазған ғалым адам. Лекция оқиды. Оқулығын пайдаланып жүрміз. Жерлес ағаның тапсырмасы маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Ізден, газеттерді ақтар, мұрағатқа бар, тың дүниелер кездесер, — деп жөн сілтеді. Павлодарға оралған соң тапсырманы орындауға кірістім. Зерттеу жұмысымды Павлодар журналистикасының тарихынан бастадым. Совет үкіметі орнағаннан кейін советтік газет құру мәселесі туындайды. Бұл кезде шығып тұрған «Степная речь» эсерлердің газеті болатын. Олар жаңа орнаған совет өкіметіне қарсы өшпенділік материалдар жазғанын білеміз. Осы жылдың бірінші мартында бірінші уездік съезде газетті жауып, редакция мен баспахананы конфескелейді. Бір айдан соң большевиктердің «Объеденение» газетінің бірінші нөмірі жарық көреді. Бұл газет жұмысшылардың, шаруалардың, казак, татар және қырғыз (қазақ) депутаттары советінің органы болған. 1922 жылы Павлодар журналистері творчестволық өсу, шыңдалу кезінен өткен кезде «Степной пахарь» газетін шығарады. Күн өткен сайын қазақ газетін шығару мәселесі туындайды. Алайда қазақ әріптерінің жоқтығы және басқа себептермен газет шығару кейінге шегеріледі. 1928 жылғы реформадан кейін жылдың аяғында ВКП(б) округтік комитетінің бюросы газеттердің аттарын бекітті. Яғни «Советская деревня» мен «Кеңес туы» атауымен қазақ тілінде газет шығатын болған. Орыс тіліндегі газет қаңтар айында, ал қазақ тіліндегі газет 15 ақпанда жарық көрді. Қазақ газетінің тұңғыш әріп терушісі Сыздық Смағұлов қазақ газетінің қалай шыққанын былай деп еске алды. — Сол кездегі комсомол комитетінің хатшысы Бәри Мәжитов қаладағы жалғыз қазақ мектебіне барып, Балғабек Есбергенов пен Қажей Әміровті және өзін баспаханаға қызметке қабылдатады. Баспахананың шебері Қанафия Мүліков қазақша әріптер мен газет шығаруға қажетті баспа құралдарын Қазан қаласынан әкеледі. Өзі сол жақтан үйреніп келеді де, әлгі жігіттерді полиграфия әдісіне үйретеді. Сөйтіп, Сыздық Смағұлов қазақ газетінің алғашқы нөмірінің әріптерін қолымен теріп, газет шығарады. Жазу машинкасы жоқ болғандықтан Самат Нұржанов, Бәуеш Жанбаев, Уәлихан Омаров және Балтабай Асановтар мақалаларды бір-бірлеп теруге көмектеседі екен. Газеттің алғашқы редакторы Бейсенбай Кенжебаев, жауапты хатшысы ақын Самат Нұржанов, ал, Уәлихан Омаров әдеби қызметкер болған.

Сыздық аға мен 1967 жылы газетке корректор болып жұмысқа келгенімде «Звезда Прииртышья» газетін шығарушы болып қызмет істеп жүрді. Орта бойлы, арықша келген, орыс тілінде өте тез сөйлейтін, шапшаң жүретін адам болатын. Бас әріптерді қолымен теріп тұрғанын көзіммен көрдім. Нюся Баланда деген беттеуші қара әйел қолы-қолына жұқпай, бас әріптерді қалыпқа орналастыратын. Сыздық аға өте кішіпейіл, айтқаныңа бірден сеніп қалатын, ақкөңіл жанды журналистер әзіл-шыны аралас мазалай беретін. Аға үнемі жаяу жүретін. Автобусқа отырғанын көрген емеспін. Түннің ортасында баспаханадан шығып, үйіне жаяу кететін. Ол кезде бұл кісінің тарихи адам екенін білмедім. Қызылдар мен ақтардың кескілескен ұрыстарын көрген, ақ түрмеге қамалғандармен кездес- кен. Тергеушілердің өтінішімен тілмаш та болыпты. Бірақ істі болған адамдардың есімдерін айтпайтын.

«Кеңес туы» — шаруа газеті, ауыл газеті болғанымен ауыл жақтағылар бұл газетті оқи алмапты. Газет араб ғаріптерімен шыққан. Елдегі сауатсыздықты жоюға молдалар тартылыпты. Мұғалімдер жетіспеген. Қазақстанда басталған ұжымдастыру кезінде қазақ жазбасында араб алфавитінің орнына латын-қазақ әліпбиін енгізу реформасы қолға алынады. 1930 жылғы 15 ақпаннан 15 мартқа дейінгі бір айдың ішінде Павлодар округінде жаңа алфавитті 11 жарым мың адам меңгерген. Олардың 55 проценті латынша жаза алатындар болса, қалғаны араб әліпбиін білген. Осы жылы газет атауын «Колхоз» деп өзгерткен. Газет атауы айтып тұрғандай, оның бағыты да, тақырыбы да өзгерген. Советтік Қазақстанда губерния, округ деген атаулардың орнына 122 аудан құрылады. Бай-кулактар тап есебінде жойыла бастайды. Есесіне колхоз малына қасқыр шабады. «Шаш ал десе, бас алатын» әпербақандар «әртелдесін алға басасың, бәрің бір көрпенің астында жатасың» деп жер-жерде артельдерге бөлінеді.

Павлодар аудан болып ұйымдасқанда сол жылғы санақ бойынша 14667 шаңырақ болыпты. Онда 71586 адам тұрған. Яғни олардың 63 проценті қазақтар екен. Газет тарихын зерттеп жүріп, «Колхоз» газетінде тілші болған Қайыржан Бекқожиннің аты-жөнін кездестірдім. Кезінде бұл кісі де «халық жауы» деген жазадан құтыла алмапты. Павлодар аудандық партия комитетінде Жигарев, ал советауткомында Сәлемхат Күленов газетті партияның ең өткір құралы етуге күш-жігерін жұмсапты. Баспахана жылқышының қосындай тар. Әріп қолмен теріледі. Әрі әріп теруші, әрі беттеуші Балғабек пен Хатираларда тізе бүгу жоқ. Әубәкір Аяпбергенов те бір қолына верстак, бір қолына біз ұстап, әріптерді шұқылаумен көрер таңды көзімен атырады екен. Сол кезде Жұмат Досқараев, комсомол қызметкері Әбілхайыр Баймолдин, жазушы Зейін Шашкин, Ахмет Нұралин, ауыл мұғалімі Ахмет Жаманбаев, Ленин орденді мұғалім Әбдіуахит Нұрғожин газетке колхоздастыру туралы үгіт-насихат материалдарын жазған.

***

Мұхаметжан Дәуренбеков 50 жасқа келген мерейтойын «Құрылысшылар» мәдениет үйінде өткізді. Шығармашылық қызметіне отыз жеті жыл. Жетпіс алтыншы жылы ол кісі қырық жасқа толғанда мен газетке мақала жаздым. Онда сөзімді былай өрбіткен екенмін. Адамның бала кезіндегі алғашқы қуанышы өмір бойы ұмытылмайды. Өмірдің соқтықпалы соқпағымен жүріп келе жатқан жасөспірім — маған, сегізінші сыныптан кейін оқуымды

одан әрі жалғастыруға мүмкіндік болмады. Арман жетегінде жүріп, өзім үшін жазып жүрген өлеңдерім шынайы сезімнен туған болу керек. Бірін алдым да, облыстық газетке жолдадым. Көп ұзамай сыртында «Қызыл ту» деген тасқа басылған белгісі бар үлкен конвертті хат тасушы әкемнің туған інісі Иманғалы қолыма ұстатты. Ол кісі Байқоныстан хат-хабар, газет-жорналдарды ат арбамен әкелетін. Үлкен көк конвертті ұстап тұрғандағы, ондағы Байғалина Ш-ға деген жазуды оқығандағы қуанышты сезімімді сөзбен жеткізу мүмкін емес еді. Ішін жасқана ашып, жазылған сөзді емес, жазған адамды «ағаң Мұхамеджан» деген сөзді оқығанда көздің жасы тамған қолымдағы хат жерге ұшып түсті. Қазір ойлап отырсам, сол бір алғашқы қуаныш сезімі, менің жасып жүрген жанымды жанып, бүкіл өмірімді өзгерткен екен.

Қаладан едәуір алыс бір түкпірдегі ауылда, жасқанып, жасырынып, бұйығып қала жаздаған балауса арманымның орындалуына себепкер болған, штаттан тыс тілшіліктен журналистикаға жетелеген де осы ағам деп білемін. Себебі бұл кісі менің жазған хаттарыма жігерлі ақылын айтып, жаңа бір жолға түсуіме ықпал етті. Мен Мұхаң болмаса, орта мектепті бітіріп, алғашқы қызмет жолымды аға газет -«Қызыл тудан» бастамас едім. Тіпті телевидениеде 16 жыл редакторлық қызметте болып, өзім тұңғыш еңбек жолымды бастаған қасиетті қара шаңырағыма қайта оралуыма себепкер болды десем, тағы да артық болмас. Шәкірттің ұстазынан үйренері көп. Оның қаламынан туған әрбір мақаласын, өлеңдерін, очерктерін, шығармаларын газеттен оқып, зердеме тоқимын. Мұхаңның шәкірттері өте көп болды. Олардың біразы әріптес болып, бірге қызмет жасап жүрсе, біразы ағаның жоғары адамгершілігін түсініп, ұшқыр қаламынан әлі де талай туындылар күтіп, жер-жерлерде, ауылдарда тілшілікті жалғастыруда. Елу жас — жігіт жасы. Творчестволық еңбегі кемел кезеңге шығатын толысқан шағы. Маған арман жолын нұсқаған, алғашқы журналистік жолымды ашқан облыстық «Қызыл ту», қазіргі «Сарыарқа самалы» газеті болатын.

***

1938 жылы «Колхоз» деп аталған облыстық газетке Әубәкір Аяпбергенов редакторлыққа тағайындалған. Жауапты хатшы Әнуар Әукенов, партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Бәзіл Исабеков, ауыл шаруашылығы бөліміне Арын Әміров, әдебиет қызметкері болып Шәйім Башаров қызмет істеді. Бұл қызметкерлерден кейін Әбдіш Баймұрзин, Зейнолла Мұқанов қызметке келді. Газет жаңа ғана кемеліне келе бастаған кезде соғыс басталып, журналистердің көпшілігі соғысқа аттанады. Редакцияны ұстап қалған Хамза Сыздықов, Қаби Көпбаевтар газеттің шығуын тоқтатпады. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталған соң, редакцияға майдангерлер Жылқайдар Қарпықов, Кәрмұхан Бекбергенов қайта оралады. Газет күнделікті елімізде, облыс көлемінде болып жатқан игілікті хабарларды дер кезінде жазып, үн қосып отырады. Күнделікті газеттегі материалдардың тартымды, әсерлі, қызықты шығуына авторлар тобы өз үлестерін қосады.

1929 жылдың 15 ақпанында газеттің тұңғыш саны жарық көріпті. Әуелі  «Кеңес туы», соңынан «Колхоз», 1938 жылдан 1991 жылға дейін «Қызыл ту» деген атаумен шыққан. Мен 1967 жылы Кереку қаласына келіп, ауылдан келген жалаңаяқ журналист қыз атандым. 1991 жылы «Сарыарқа самалы» деген аты өзгергенде мен осы газеттің бөлім меңгерушісі едім. Газет — көптеген жастың тәжірибе жинақтап, одан әрі өсуіне жолдама берген құтты шаңырақ. Еңбек жолын осы газетте бастаған қаламдастардың бірқатары республикаға танымал ақын, жазушы, ғалым болды. Газеттің алғашқы редакторы Бейсенбай Кенжебаев профессор, филология ғылымдарының докторы атанды. Қазақтың белгілі ақындары Қалижан Бекқожин, Мұзафар Әлімбаев, атақты жазушылары Әзілхан Нұршайықов, Рамазан Тоқтаров, Мейрам Асылғазин, Есентай Ерботин осы редакцияда қызмет істеді. Төлеубек Қоңыров, Қажымұрат Смағұл, Бақыт Баймұратұлы, Өскенбай Тастемханов, Сүлеймен Баязитов, Сәлімбай Ермұратов, Ғалымбек Жұматов, Фарида Бықай газетте бұрыннан қалыптасқан дәстүрді жалғастырды.

Тарихи газетке қатысым болғандықтан мерекелік шарж дейді ғой, сондай әзілмен жазылған, мынандай әзіл-сипаттамаларды оқып, езу тарттым. Әзілдің артында

шындық бар. «Бәкең молда десе егер, оған сірә кім сенер. Аза өлең жазуға, болып алды тым шебер». Бұл өлең Бақи Әбдіқадыровқа арналыпты. Дүниеден өткен жора-жолдастарына азалы өлең жазатын жалғыз ақын. Баянауылдың тумасы. Гүлбарам Жұмашева апамызбен мен қызметтес болдым. Ол кісі мен келгенде денсаулығына байланысты зейнет демалысына шығып кетті. «Елемей артық кеткен сөзін жұрттан, «өледі» дегендердің өзін құртқан. Қасиетті адам-ау Күлекең де, бойына мол жинаған төзімдікті». Шынында да, бұл кісі аты жоқ аурумен сырқаттанып, Алматыға барып, емделіп, жазылмайтын ауруды жеңіп қайтқан еді. «Мамандығы-журналист, жазушыға бұрады іш. Талай қанат қомдады, бірақтағы баспадан шықпай жатыр томдары»-дейді Мұхаметжан Дәуренбековке. Бұл кісі өте еңбекқор, қаламы қолынан түспейді, жаза береді, жаза береді. Тыным таппайды. Көшеде көрсең, иығында — суретке түсіретін фотоаппарат, қолында — сары сөмкесі, жүгіре басып кетеді. Бау-бақшаның бағбаны. Білмейтіні жоқ. Бақша өнімдері жайында сұрасаң болды, түрін түстеп, нені өсіруге болатынын, қалай өсіретінін тәптіштеп айтып береді. Жер қозғалса да салмақты қалпынан бір танбайтын сабырлы мінезі бар, жымиғаны жүрек жылытатын, елжанды Мұхамеджан Дәуренбеков жастайынан кітап оқуға құмар болып, тарихи жырларды оқып өскен, әдеби шығармаларды бала кезден газет бетіне жариялаған.

***

Әділбек Жұмаділденов, Әжібек Жүсіпов, Тұрсынбай Ибадуллин ағалармен қызметтес болдым. «Оқырмандар хаттарымен сырласқан, қуанышын бірге бөліп, мұңын бірге мұңдасқан. Әділдікті жанын салып қорғаған, әрқайсысы ағалардың бір дастан». Айтса айтқандай, бұл адамдар — маған ерекше тұлға. Олардың да ақыл-кеңестерін тыңдап, жазу ісіне үйрендім, қаламымның ұшталуына үлестерін қосты. Айтжан Бәделханов болса, зейнетке шыққанша редактордың орынбасары болды. «Батырлығы жоқ ондай, тілі мірдің оғындай. Талайларды сұлатты, етке сойған соғымдай». Езу тартасың. Бір өтірігі жоқ. Өзімді де құлатқан, жылатқан, жазған мақаламды қидалаған, летучкада өзі емес, өзгелерге сынатқан. «Өзгенің көсеуімен от көсеткен» керемет адам. Өскенбайға «Ұшып-ұшып айналып, осыншама ойланып. Болмады да бос орын, көп болжады өсерін. Аман-есен қонды, бәріне де көнді», — дейді. Бұл арада Өсекең газеттің жауапты хатшысы болған еді. Ал Фаридаға «Ана жайын жыр еткен, шығар сөзі жүректен. Фариданың талабын, құстай ұшқыр қаламын «Сарыарқа» ғой түлеткен. Бұл пікірің — шыққан шындық толассыз, Фариданың жазғанынан шексіз ләззат аласыз. Ара-тұра сызылтып ән салғанда, осы қызым әнші ме деп қаласыз». Керемет айтылған.

***

Мүбәрак Жаманбалинов ақынды мен алғаш 1967 жылы көрдім. «Бұл кісі тірі ме?» деппін. Себебі мектепте оқып жүргенде атақты ақындардың қатарында, балаларға арналған кітапшалары дүкен сөресінде тұратын. Мүбәрак ағаға: «Қазақтығы түйедей, айтқан сөзі киедей. Ал кітабын шығарса, құлындатар биедей», — деп әзіл жазыпты. Бұл кісінің кітаптары «Жазушы» баспасынан жиі шығып тұрады. Республикадағы жалғыз баспа кез келген ақынның кітапт

арын шығара бермейді. Жазушылар одағы арқылы сұрыпталады. Жаңадан келген бас редактор Әлқожа Мұхамеджанов өзі жазғаннан гөрі, басқаларға тапсырма беріп, басқаша жұмыс істеді. Осының алдында редактор болған Балтабай Сейсенбековтің кезінде газеттің әр нөмірінде бірінші бетке бас мақала берілетін. Оны негізінен редактордың өзі жазатын. Газеттегі мықты журналистер газет редакторы жазған бас мақаланы сынай бергендіктен, ол кісі бөлім меңгерушілерінің де жазуына жол берді. Негізі, осы бас мақаланың гонорары қомақты еді. Сондықтан ба екен, әлде, мамандығы журналист емес редакторды төмендеткісі келді ме екен, әйтеуір летучка сайын талас туып жататын. Әлқожа ағамыз редактор болып келген күннен бастап, бас мақаланы газет бетінен мүлде алғызып тастады. Өзі де жазбады. Негізі, ағамыздың түсі суық, мінезі өте қатал, жаңашыл, талапшыл еді… Көпті көрген, білімді аға келген күннен бастап кез келген мәселені өзі шешіп беретін болды. Әрине, газет шығаруға деген талап күшейді. Ол кісі жастардың жазуына еркіндік берді. Түсі ызғар шашып тұрса да, мінезі қатал көрінгенмен әйел-қыз журналистерге қамқорлық көрсетіп,  қанатының астына алды. Бағыт-бағдар берді. Тақырыптарды кеңейтіп әр журналистің тақырыпты меңгеріп, жазуына жол ашты. Жаңалықты қолдады. Редакцияға Қазақтың Киров атындағы университетінің журналистика факультетін бітіріп, жолдамамен Нұртөре Жүсіпов, Ғалым Омарханов, Фарида Бықай келді. Бұл жас түлектер Балтабай Сейсенбековтің кезінде менімен қатарлас редакция есігін ашқан болатын. Қаламдары жүйрік. Жаңа редактор Нұртөреге ауыл шаруашылығын, Ғалымға өндіріс тақырыбын жазуды тапсырды. Ауыл шаруашылығы мәселесін Қажымұрат Смағұлов, Нәсіполла Есімов те өндіріп жазатын еді, себебі оқырмандарымыз ауылда, әрі ауыл шаруашылығына аса жоғары мән беріледі. Екібастұздан меншікті тілші Амангелді Қаңтарбаев, Ертіс ауданынан Мүбәрак Жаманбалиновтер де өндірте жазды.

Қазақ халқының атадан — балаға, ұрпақтан үрім-бұтаққа мирас болып келе жатқан мызғымас төрт дәстүрі бар. Олар: Отанды қорғау, әйелді ардақтау, қарттарды сыйлау, достарды қадірлеу. Осы төрт заңды орындамаған қазақ ежелден қазақ деп есептелмеген. Ұлттық тарихымыз өшіп бара жатқан кезде еліміз егемендік алды. Әлқожа Мұхамеджанов бас редактор болып келгелі газеттің түрі, көркемделуі, беттелуі де өзгерді. «Қызыл ту» деген газеттің атауы жаралы жанымызға, естір құлағымызға, қазақи жүрегімізге шаншудай қадалды. Өткенсіз тарих жоқ. Алайда, жаңа заманның жаңасы мен жаңалығы болу керек. Газет қызметкерлері арасында газеттің атауына байқау жарияланды. Бірі қалмай ойларын айтты. Бірі «Сарыарқа» деді, екіншісі «Ертіс өңірі», «Баянтау», тағы да сол сияқты атаулар тізбектелді. Соңғы сөзді редактор Әлғожа алды. «Сарыарқа» атауы әдемі, бұл аймақтың мағынасын береді. Өңірімізде үнемі самал жел соғып тұрады, осы Сарыарқаға «самалын» қосайық деді. Біздің жазған дүниелеріміз оқырмандарға самал желдей ессін деген тілек болды. Содан бәріміз мақұлдадық. Газет атауы «Сарыарқа самалы» деп шыға бастады. Бұрын аптасына жеті рет шығатын газет екі күнге қысқарды. Күндері қысқарғанмен, көлемі, берілетін материалдарды сыйғызу сол қалпында қалды. Газетке жастар келіп орналасты. Әділбек Жұмаділденов пен Төлеубай Төлеубеков зейнет жасынан асып кеткендіктен демалысқа жіберілді.

Фототілші Еренбақ Әлжановтың жасы зейнеткерлікке жеткенімен, уақытша жұмыс орнында қалды. Еренбақ аға Қытай Халық республикасы Шыңжаң ұйғыр автономикалық республикасында туған болатын. Қабанбай батырдың үзеңгілесі болған Боранбай бидің ұрпағы. Еренбақ ағамыз 1954 жылы бір күнге ғана шекара ашылғанда Алтайдан бері асып, Керекуге жетіпті. Міне, содан бері отыз жылға жуық осы газетте суретші-фотограф. Еңбекқор, елгезек жан. Ол кісіні үлкен де, бала да жұмсайды. Алайда қабағын шытып, кейіс көрсеткенін көрген емеспін. Иығына фотоаппар

атын асып алып, ылғи зырылдап жүреді. Газет бетіндегі анық та таза, кең көлемді суреттердің авторы осы кісі. Еңбек адамдарын да қай қырынан түсіретінін, тіпті түрі келіссіздердің өзін керемет етіп шығарып береді. Әрине, зейнетке кеткен қарт журналистердің орны жастарға тиді. Әлеумет және тұрмыс бөліміне Нұртөре Жүсіпов меңгеруші болды. Мені жарнама бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындады.

***

Газетке оралғаныма екі-үш жылдың жүзі болды. Мен де жазғыш журналистердің қатарынан көріне бастадым. Газетке мақалаң көбірек шыққан сайын, тыныштық болмайтын. Бұрын да сынға ұшырап жүретін басымыз, жазылған жайдан таяқ жемеймін десең де, бір ұшы келіп тиетін. Әрине, Қажымұрат пен Айтжан ағамыз бір жерден ілік тауып отырады. Лездемеде шымшып алады. Фарида Бықаеваның тәп-тәуір жазылған дүниелері де сыналады. Өкінішті. Редактор өзімен бірге алып келген Әділбек Жақыпов та өз ойын жеткізгенше шыр-пыры шығады. Нұртөре Жүсіпов алыстан орағытып, сөзін дәлелді деректерге құрып, жөн сөздерді айтып отырады. Редактор Әлқожа газетке шығып кеткен мақаланы ақтап алады. Өзінің тапсырмасымен орындалғанын айтады. Басыңды төмен салып, шыдамдылық көрсетіп, бәріне төзіп отырған кезде редактор тарапынан жақсы сөзді естіп, еңсең көтеріледі. «Ее, бәрі дұрыс екен ғой» деп көңілің орнына түседі.

Бөлімге келген соң, әйелдеріміздің ең өткір мәселелерін, оларды толғандырып жүрген жайларды, әсіресе, әйелдердің қоғамда атқаратын ролін және проблемаларын жан-жақты көрсетіп жазу үшін бет ұйымдастырдым. Әйел тек қана отбасы, ошақ қасында отыратын жан ғана емес, олардың ерлермен қатар еңбек ете алатынын, ерлерге серік, жолдас бола алатынын жазғым келді. Жаңадан шығатын арнаулы беттің атауына «Ақ баян», «Кестелі орамал», «Бәйшешек», «Ертіс әйелдері» деген тағы да бірнеше ұсыныстар болды. Алайда Әлғожа редактор «Ардақ» деген атауды таңдады. Бұл атау арыңа дақ түсірме деген мағынаны береді. Сонымен «Ардақ» қыз-келіншектер клубы деп айдар тақтық. Өмірде кездесіп жататын көлеңкелі көріністерге, келеңсіз жағдайларға назар аудардық. Қыз-келіншектер творчествосы, іс тігу, қол өнері, тағамдар дайындаудың қыры мен сыры және басқа да жайлар туралы кеңес берілді.

«Сарыарқа самалы» газетінде еңбек еткен жылдары өмірімнің ұмытылмас, өнегеге толы кезеңі еді. Мен өзіме тәлім үйреткен ағаларымды әркез еске алып жүремін.

 

Шолпан Байғалы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Павлодар облысының
Құрметті азаматы.