Ғалым Малдыбаев – 1930 жылдан 1933 жылға дейін Павлодар облыс-
тық «Saryarqa samaly» (ол кездегі атауы – «Колхоз») газетінің редакторы болған адам. Ол 1902 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Октябрь ауданы Жамбыл колхозында дүниеге келген, 1927 жылы Петропавлдағы партия мектебін бітірген. «Колхоз» газетіндегі қызметінен кейін Мәскеудің мемлекеттік университетінде білім алған. Ол Павлодар өңіріндегі қазақ газетінің басшылығын алғашқы редактор Бейсенбай Кенжебаевтан қабылдап алып, оның  игі ісін одан әрі жалғастырған.

Біз газеттің 95 жылдық мерейтойына орай Ғ.Малдыбаевтың ұлы –
бүгінде республикалық «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Сәбит Малдыбаевтың әкесі туралы естелігін оқырманға ұсынып отырмыз.

Редакция.

Әке аманатына адалдық

Өткен күнде белгі көп… Менің көз алдыма сонау бір алыстағы ауылым елестеген кезде, құлағыма анамның әлдиі, әкемнің қоңыр дауысы келіп жетеді. Тап сол сәтте бал дәурен балалық шағым есіме түсіп, кіндік қаным тамған туған жерім мен тал бесікке бөленген Әке шаңырағы ойыма оралады. Арада қаншама жылдар өтсе де, бас-аяғы екі-үш көшеден ғана құралған шуақты елді мекен менің балғын балалығымды есіме салады да тұрады. Кезінде Кеңестер одағының көсемі  Лениннің атын алған бұл  ауыл – Солтүстік Қазақстанда алдымен Октябрь, содан соң Сергеев, бүгінгі күнде Шал ақын атындағы ауданның іргелі елдерінің бірі. Қазір Ұлы Отан соғысының батыры, жерлесіміз  Ысқақ Ыбыраев атындағы шаруа қожалығы. Қысқасы, 1945 жылдан бастап менің әкем, қазақтың көрнекті ақыны, жазушысы, жорналшы қаламгері Ғалым Малдыбаев пен анам Зураш Ерғали қызының отыз жылдан астам түтін түтеген мекенжайы.

Тап осы ауылда маған дейін тоғыз құрсақ көтерген сүйікті анашымның өмірге әкелген соңғы перзенті мен болдым. Әкем: «…Сәбитім – ең көпейім, кішкене ұлым әлі жас, мамасына ерке құлын. Маңдайын иіскемесем тұра алмаймын, бұл сырым айтылмаған бұдан бұрын…» деп маған деген әкелік махаббатын көзі тірісінде жазып кеткен.

Біздің үй – осы ауылдың солтүстік бетіндегі ең шеткісі. Іңір үйіріле біздің үйдің барлық жаны есік алдына жиналамыз.  Әрине, күнде болмаса да, күнара осындай көрініс. Аула іші құрақ шөп шыққан  өте таза болды. Әкем бейсауат мал-жанға, қаз-үйрекке бастырмайды. Біз, балалар, аунасын, ойнасын деп, арнайы күтіп ұстайтын. Бәріміздің басымыз қосылған кезде менен үлкен қызы Ғалия үйден домбырасын алып келеді.  Жапа-тармағай көк майса шөпке жағалай отыра қаламыз. Ортамызда – Әкем. Шанағының өңі кетіп, сағағына дейін ақжем болған қол тоқпақтай ғана домбырасын шертіп-шертіп жіберіп, ол «Бір бала» әніне салатын. Дауысы қоңыр, құлаққа жағымды естіледі. Аса зорланбай, майдалатып айтқанды ұнататын. Бізге де тап осылай орындағаны тиімді, өйткені бәріміз бала дауысымен қосыла кетеміз. Менің меншікті орным Әкемнің оң жақ тізесі болатын. Бұл жер мен үшін патша тағына тең. Себебі оған ең жақын өзім, дем алысы мен жүрек қағысын сезіп отырам. Құлағымның түбінен білінетін ыстық лебі өне бойыма қан жүгіртіп, әке махаббатының құдірет-күшін аңғартатын.  Тап осындай күй кешіп, өмір бақи отыра бергім келуші еді. Ән біткен соң әкем менің маңдайымнан иіскеп, бетімнен сүйеді, мен құлдыраңдап қоямын. Үлкен ұл-қыздары қызғаныңқырап қалады, бірақ білдірмейді. Тек Ғалия ғана: «Сәбит әлі өлең айта алмайды» деп келіспеушілік танытады, себебі ол өзін «мен – қыздың, сен – ұлдың көпейісің» деп менімен тең тісуге тырысатын.

Бірде әкем тартып отырған домбыраның әбден көнергенін көзім шалды. Шынымен–ақ тақтайшасы жарылып, сағағына құрт түсе бастапты. Күрең қошқыл бояуы да кетіп, өңі тарғыл тартып барады екен.

– Әке, жаңа домбыра неге алмайсың? Үнемі Қызылжарға, Алматыға барып-келіп жүресің, – дегенім бар. Ол менің тосын сұрағымды күтпеген болу керек, сәл ойланып қалды. Содан соң:

– Ә, балам, бұл домбыра тегін домбыра емес. Ескі болса да ескерткіш домбыра. Сондықтан маған қымбат, әрі аманат болған аспап, – деді.

Менің құлағым елең ете қалды. Бұл сөздің ар жағында әдемі бір әңгіменің жатқанын ішім сезді.

– Айтпайсың ба, әке…

– Айтайын, балам, тыңда ендеше…

Әңгіме бірден өрби қойған жоқ. Әкем ойланып-толғанып біраз үзіліс жасады. Өткен өмір жолына ой жүгіртіп отырғаны айтпай-ақ түсінікті болды. Оның үстіне жасы да жетпіске жетіп қалған кезі. Менің өзім Әкемнің пайғамбар жасына қараған шағында  өмірге келген
ұрпағымын.

–  Мен 1949 жылы мамыр айында Москваға, қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне – декадасына бардым, – деп бастады Әкем. – Сол сапарда Алматы – Москва поезының бір купесінде қазақтың өнер, өлең жұлдыздары Шашубай Қошқарбаев, Нартай Бекежанов, Нұрпейіс Байғанин аталарыңмен төрт тәулік  бірге отырдым. Жасым кіші болған соң жол бойы ақсақалдарға қызмет көрсеттім. Анаң салып берген  ас-суымды қарттардың алдына тартып, бірге ішіп, бірге жедік. Содан соң  Шашекең бата берді. Алдымен сүрағаны: «Ғалым, үйдегі келіннің аяғы ауыр емес пе еді?» болды. Мен «ауыр еді» деп жауап қаттым. Шынымен-ақ анаңның аяғы ауыр болатын. Содан соң Шашекең қолын жайып жіберіп, ақ батасын ағылтты-ай келіп. Соңында «келін ұл туады, атын Шашубай қоясың» деп бетін бірақ сипады. Ұшқыр ой мен көркем сөздің көсемі, ұлттық өнердің жампозы, орақ ауыз, отты тіл сәуегей қартқа қарсы сөз айту қайда, «болсын» дедім. Міне, сенің ағаң сол жылы қазан айында дүниеге келді, есімі Шашубай болды. Ал енді домбыраға көшейін. Осы әңгімені  көрші купедегі, тіпті вагондағы ақын, жазушы, әнші, күйші біткеннің бәрі естіді. Іштері пысып отырған өнерпаз қауымға жақсы жаңалық, ойнап-күлуге себеп болды. Жағалай кеп құттықтасын.Сол бір сәтте қазақтың белгілі ақыны, өнер қайраткері, көкше-таулық тілектес інім Жұмағали Сайын осы домбыраны әкеп тұрып: «Мына қазақтың қасиетті қара домбырасын болашақ өмірге келетін ұлыңызға тарту етемін. Аға, сізге аманат, алыңыз» деп қолыма ұстатқан-ды. Міне, балам, қоңыр үнді күрең домбыра – сол күндердің куәгері. Есіңе бірде аларсың, – деп әкем әңгімесін үзді.

Ағамның есімі қалай аталғанын естігеннен кейін, өз атым туралы да ойлана бастадым. Бірде ретін тауып бұл жұмбақтың да жауабын сұрадым. Сондағы Әкемнің әңгімесі…

– Мен көркем әдебиеттің кемеңгері, жерлесім, қаламдас досым, сырласым Сәбит Мұқановпен 1925 жылы Қызылжарда таныс- тым. Алыстағы ауылдан қалаға оқуға келдім. Ол кезде Төңкеріс болысында комсомол жетекшісі едім. Сәбитті Ямская көшесіндегі партия-совет мектебінде көрдім. Ол осында сабақ береді екен.

Әкемнің осы сөзін растайтын С.Мұқановтың «Өлеңдері өміршең» атты мақаласынан мына жолдарды оқыдым. «Ғалым Қызылжардағы Совпартта оқыған жылдары мен осы мектепте саяси сабақ жүргіздім. Сол кезде қаланың  ынталы жастары көркем әдебиет үйірмесін құрды. Белсенді мүшелері: Мәжит Дәулетбаев, Ғалым Малдыбаев, Есмағанбет Ысмайылов, т. б. Ғалым – ұйымның хатшысы…»

– Сәбит екеуіміздің арамыздағы достыққа ешқашан сызат түскен жоқ, – деп жалғады әкем әңгімесін. Ол көз жұмғанша сыйластық. Елуінші жылдардың ортасында Сәбең біздің үйде алғаш рет қонақта болды. Сол жолы бір жасап қалып едік.  Ол кеткен соң туған ұлымның есімін «Алтай» деп атадым. Бұл есім – Сәбеңнің «Сұлушаш» поэмасының бас кейіпкерінің аты. Сүйікті ұлыма ат беру – менің жазушыға көрсеткен құрметім болды.   Алпысыншы жылдары Сәбең тағы да келіп, біздікінде бір апта жатты. Анаңның аяғы ауыр болатын. Соған қарамай, Зукен жазушыға көп қызмет етті.   Ол аттанып кеткен соң сен өмірге келдің. Досымның құрметіне, оның үстіне жазушының өз ұсынысымен  сен Сәбит атандың.

Мен Әкемнің осы әңгімесінен кейін өзімді ерекше сезінетін болдым, тіпті тез есейіп кеттім десем де артық емес. Өмірге көзқарасым  өзгергендей. Бойымда жауапкершілік сезімі пайда болды.

Иә, мен оның өмірінің жалға-сымын… Өзімнің алғашқы еңбек жолымды журналистикадан бастадым. Сөйтіп, әке жолын қудым. Бүгінге дейінгі отыз жыл өмірім осы салаға арналды. Әкеміз көз жұмғанша қолынан қаламы түскен жоқ. Сонау өткен ғасырдың  жиырма бесінші жылынан бастап жазған еңбектері тегіс жарық көрді. Ол туралы талай естеліктер, жыр жолдары, әңгіме, повесть жазылды. Есімі де ескерусіз емес, ақын атында Шал ақын ауданындағы туған ауылы – Жаңажолда мектеп, екі қалада көше аты  бар. Ғ.Малдыбаевтың 120 жылдығына орай Петропавл қаласының орталығында – тарихи ғимараттың қабырғасында мемориалдық тақта орнатылды. Ең ғанибеті оның жыр әлемі көптеген оқырман жүрегінде жатталған, терең тамыр жайған ұрпағының санасында сақталған. Қаламгер үшін одан асқан құрмет жоқ.

Биыл  ақын, жазушы, жорналшы, қоғам қайраткері Ғалым Малдыбаев қызмет еткен Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газетіне 95 жыл толуына орай  әкеміз туралы қалам тербеуді перзенттік парызым деп біліп, оқырман қауыммен бөліскен сырым осы болды.

 

Сәбит  МАЛДЫБАЕВ,

«Казахстанская правда» газетінің бас редакторы,

Арнайы «Saryarqa samaly» газеті үшін, Астана қаласынан.