Жақында «TikTok» әлеуметтік желісінде 30 жастағы немересінің туған күніне ақша берген атаның әрекеті қалың көпшілікті сүйсінтіп қана қоймай, оқырмандардың көзіне еріксіз жас үйірді. Немереге деген атаның шынайы махаббаты мен мейірімі дүйім жұртшылықты баурап алғандай болды. Оны сол видеоға жазылған оқырман пікірінен аңғару қиын емес…
Иә, қазір жастар арасында ең танымал әлеуметтік желі – «TikTok». Қалың көпшілік оны шығармашылық пен жаңа мүмкіндіктердің бастауы деп санаса, енді бірі тек уақыт өткізетін парақша ретінде бағалайды.
Жалпы, «TikTok» платформасы қысқа видеолар арқылы шығармашылықты дамытудың жаңа жолын ұсынады. Мысалы, Қазақстанда мыңдаған жас блогер би, музыка, тағам және білім саласында контент жасап, өз талантын көрсетуде. Кейбір видеолар миллиондаған қаралым жинап, авторларға жаңа мүмкіндіктер ашуда. Сонымен қатар, платформаны дұрыс пайдаланып, жеке брендін дамытқан жастар кәсіби деңгейде танымалдыққа жетіп, өз жобаларын насихаттауда. Аталмыш желі арқылы танылған қойшы бала да есімізде болар. Тіпті, үй шаруасымен айналысатын көптеген ауыл келіні де танымалдыққа ие болған.
Дегенмен, цифрлық платформаның кері жағы да бар. Сарапшылар жастардың заманауи медиа алаңын тек көңіл көтеру үшін пайдалануын алаңдататын фактор деп бағалайды. Мұндай тәуелділік уақытты тиімді өткізбеуге, оқу немесе жеке даму жүйесінен алыстап кетуге әкелуі мүмкін. «TikTok» қазіргі медианың жаңа трендтерін қалыптастыратын алаң дер едім. Бұрын тек теледидар немесе кәсіби студия арқылы танымал болу мүмкін болса, бүгінде қарапайым смартфон арқылы-ақ кез келген адам өз аудиториясын таба алады. Бұл – ақпарат таратудың бір жолы. Әсіресе, ауыл жастары үшін бұл үлкен мүмкіндік, себебі, олар өз ортасын, мәдениетін, тұрмысын бүкіл әлемге таныстыра алады.
Тағы бір маңызды аспект – білім беру контентінің дамуы. Соңғы жылдары «TikTok»-та қысқа әрі түсінікті фор-
матта сабақ түсіндіретін, тіл үйрететін, мотивациялық видеолар жасайтын блогерлер көбейді. Бұл формат жастарға ақпаратты тез қабылдауға көмектеседі. Дегенмен, мұндай контенттің сапасы әрдайым бірдей емес, сондықтан ақпаратты сүзгіден өткізу қабілеті аса маңызды.
Психологтар да бұл платформаның әсерін жиі зерттейді. Олардың пікірінше, қысқа видеоларға үйреніп қалған адамда зейіннің тұрақтылығы төмендеуі мүмкін. Яғни, ұзақ мәтін оқу немесе терең ойлануды қажет ететін істерге көңіл бөлу қиындайды. Бұл – қазіргі цифрлық дәуірдің басты мәселесінің бірі. Сондықтан жастарға платформаны саналы түрде қолдану маңызды.
Жансая ЕРМЕКҚЫЗЫ,
Торайғыров университетінің студенті.
