Білім мен еңбек қатар жүргенде…

Қар 5, 2026

Бүгінде оқу мен жұмысты қатар алып жүрген студенттер аз емес. Бірі білім ақысын төлеу үшін еңбек етсе, енді бірі баспана мен күнделікті тұрмыс шығындарын өтеуге мәжбүр. Мұндай жағдайда сабақ кестесінің қолайлылығы мен оқу талаптарының икемділігі жастар үшін айрықша маңызға ие. Алайда білім алу мен табыс табуды қатар алып жүру әрдайым оңай емес. Соның салдарынан студенттер оқу процесін ұйымдастыруға, сабаққа қатысу талаптары мен білімді бағалау жүйесіне қатысты түрлі қиындыққа тап болып жатады.

Мәселен, Павлодардағы Торайғыров университетінің қысқартылған оқу бағдарламасында білім алатын студенттер екінші курсқа өткенде оқу форматының өзгеруіне байланысты қиындықтарға тап болғанын айтады. Жұмыс пен білімді қатар алып жүруге кедергі келтірген бұл жағдайға байланысты жастар Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековке жүгініп, оқу процесін ұйымдастыру, сабаққа қатысу талаптары мен бағалау жүйесінің әділдігіне қатысты мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, олар ықтимал сыбайлас жемқорлық деректеріне назар аударуды сұрайды.

Білім алушылар Threads әлеуметтік желісінде жариялаған үндеуде бірінші курста оқу процесі екі апта күндізгі, төрт апта сырттай оқу нұсқасында ұйымдастырылғанын жеткізген. Алайда екінші курсқа өткенде мұндай мүмкіндік болмаған. Соның салдарынан жұмыс істеп, оқу ақысын өз күшімен төлейтін жастардың жағдайы күрделене түскен.

Олардың айтуынша, олар оқу ақысынан бөлек, баспана, жолақы және күнделікті тұрмыс шығындарын да өздері өтеуге мәжбүр. Сондықтан оқу кестесінің өзгеруі жұмыс пен білімді қатар алып жүруге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр.

Бұдан бөлек, жастар жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін білім алушыларға сабаққа қатысу талаптары бірдей қойыла ма деген мәселені көтерді. Олардың пікірінше, жұмыс істейтін студенттердің жағдайы ескеріліп, оқу процесін ұйымдастыру кезінде бұл мәселе назардан тыс қалмауы керек.

Әлеуметтік желідегі жазбаға пікір білдірген өзге қолданушылар да студенттерді қолдап, кешкі оқу форматының жойылғанына наразылықтарын білдірді. Сонымен қатар, кейбір пікір иелері мәселенің себебін тек университет шешімінен іздеуге болмайтынын атап өтті. Олардың айтуынша, Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында жоғары оқу орындарындағы сырттай оқу нысаны қарастырылмаған. Дегенмен, университет сайтында бұрын жарияланған кейбір бағдарламалардың сипаттамасында сырттай оқу форматы әлі де көрсетілген. Алайда ескі ақпаратты талапкерлерге арналған қазіргі оқу ұсынысы деп қабылдауға болмайды. Бағдарламалардың қолданыстағы форматы мен қабылдау талаптарын университеттің ресми өкілдерінен нақтылаған жөн.

Студенттер оқу кестесінен бөлек, білімді бағалау жүйесіне қатысты да мәселелер көтерді. Олардың мәлімдеуінше, кейбір жағдайларда бағалар негізсіз төмендетілуі мүмкін. Сондай-ақ, жекелеген оқытушылар баға үшін ақша талап етеді деген күдіктерін жеткізген.

Әзірге бұл мәліметтер студенттердің әлеуметтік желіде айтқан уәждері деңгейінде қалып отыр. Сондықтан ықти-
мал заңбұзушылықтарға қатысты әрбір дерек тиісті тәртіппен тексеріліп, нақты дәлелдер негізінде бағалануы қажет.

Студенттердің үндеуіне кейін Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков назар аударды. Ол өтініш авторларынан жеке хабарласып, байланыс деректерін қалдыруды сұрап, жағдайды анықтап, мәселені қарастыруға уәде берді. Ал облыстың студенттік омбудсмені Дәурен Шәріпов білім алушылар үшін басты басымдық білім алу екенін атап өтті. Оның пікірінше, жұмыс істеу оқу талаптарын орындаудан босатпайды. Сонымен қатар, ол ықтимал сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша нақты деректер мен дәлелдер болса, тиісті орындарға жүгінуге шақырды.

Торайғыров университетінің баспасөз қызметі де жағдайға қатысты түсініктеме берді. Университет өкілдерінің мәліметінше, дуалды оқытуға ауыстыру студенттің жеке өтініші негізінде қарастырылады. Оқу процесіне қатысты сұрақтар туындаған жағдайда білім алушылар деканаттарға немесе академиялық қызмет департаментіне жүгіне алады.

Студенттер көтерген мәселе оқу кестесімен ғана шектелмей, жұмыс істейтін жастардың білім алу мүмкіндігіне, оқу талаптарының түсіндірілуіне және академиялық адалдыққа қатысты сұрақтарды да қамтып отыр. Сондықтан өтініштерді жан-жақты қарастырып, оқу форматының өзгеру себептерін түсіндіру, сондай-ақ айтылған күдіктерді тиісті тәртіппен тексеру маңызды. Бұл студенттердің жағдайына қатысты түсініспеушіліктерді азайтып, білім беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айдана БОРАНБАЕВА.