Ақпарат пен айып

Қыр 24, 2026

Әлеуметтік желілерде ақпараттың таралу жылдамдығы қоғамдық пікірдің қалыптасу үдерісін айтарлықтай өзгертті. Кез келген оқиға туралы мәлімет қысқа уақыт ішінде кең аудиторияға жетіп, бастапқы ақпаратқа қосылған пікірлер мен түсініктемелер оның қабылдануына айтарлықтай әсер етуде. Сондықтан әлеуметтік желідегі ақпаратты қабылдауда оның жылдам таралуынан гөрі, қаншалықты нақты әрі негізді екеніне мән беру маңызды секілді.

Бұрын белгілі бір оқиға туралы мәліметтің таралуы үшін біршама уақыт қажет болса, қазірде оқиғаның куәсі болған кез келген адам оны сол сәтте көпшілікке ұсына алады. Мұның қоғам үшін пайдасы аз емес. Көпшілікке маңызды мәселе тез көтеріледі, азаматтардың пікірі жедел көрінеді, түрлі оқиға туралы ақпаратты бір жерден ғана емес, бірнеше көзден алуға мүмкіндік туады.

Алайда ақпараттың жылдам таралуы оның дұрыс қабылдануына әрдайым кепіл бола бермейді. Керісінше, мәлімет неғұрлым тез тараған сайын оны толық тексеріп, мән-жайын анықтауға уақыт аз қалады. Әлеуметтік желідегі ақпараттың басты ерекшелігі де осында: оның таралу қарқыны жоғары, ал бастапқы нұсқасының өзгеруі өте оңай.

Кез келген оқиғаның әлеуметтік желіде қалай ұсынылғаны оның көпшілікке қалай қабылданатынына әсер етеді. Әдетте алдымен қысқа видео немесе бірнеше сөйлемнен тұратын жазба жарияланады. Кейін оған түрлі пікір қосылады. Бір қолданушы өз түсінігін білдірсе, екіншісі сол пікірге сүйеніп, жаңа тұжырым жасайды. Осылайша бастапқы ақпаратқа түрлі бағалар қосылып, уақыт өте келе нақты дерек пен пікірдің ара-жігін ажырату қиындай түседі.

Сондықтан әлеуметтік желідегі ақпаратты қабылдағанда нақты дерек пен жеке пікірді ажырата білу маңызды. Әр жазбаның сенімділігі бірдей емес. Бір материал ресми мәліметке немесе нақты дерекке сүйенуі мүмкін, ал екіншісі автордың жеке байқауы мен болжамына негізделеді. Екеуі де әлеуметтік желіде бірдей форматта жарияланғанымен, мазмұны мен дәлелінің деңгейі әртүрлі.

Ақпаратты қабылдауға адамның жеке көзқарасы да әсер етеді. Бір оқиғаны әр адам өзінің тәжірибесі мен түсінігіне қарай бағалайды. Сондықтан белгілі бір пікірдің көп таралуы оның міндетті түрде дұрыс екенін білдірмейді. Сол сияқты қаралым мен пікір саны да ақпараттың шындыққа қаншалықты жақын екенін көрсететін нақты өлшем емес.

Кейде эмоция тудыратын немесе дау туғызатын материалдар көбірек назарға ілігеді. Адамды таңғалдыратын, ашуландыратын немесе алаңдататын ақпарат бейтарап мәліметке қарағанда тезірек тарауы мүмкін. Бірақ оның көп талқылануы ақпараттың дәлелденгенін білдірмейді.

Ақпараттың адамға жетуіне әлеуметтік желідегі алгоритмдер де әсер етеді. Қолданушы белгілі бір тақырыпқа жиі қызығушылық танытса, оған сол мазмұндағы материалдар көбірек ұсынылады. Соның салдарынан адам бір мәселе бойынша әртүрлі пікірді емес, өз көзқарасына жақын ақпаратты жиі көруі мүмкін.

Тағы бір ескеретін жайт, ақпарат уақыт өте өзгеруі мүмкін. Оқиға болған сәтте тараған алғашқы мәлімет толық болмауы ықтимал. Кейін жаңа деректер анықталып, ақпарат нақтыланады немесе өзгеруі мүмкін. Бірақ алғашқы нұсқа сол уақытқа дейін көпшілікке тарап үлгереді. Сондықтан жедел тараған мәліметті бірден соңғы шындық ретінде қабылдамаған дұрыс.
Бұл әсіресе адамға немесе қоғам назарындағы белгілі бір оқиғаға қатысты ақпараттан маңызды. Толық мән-жайы анықталмаған мәлімет көпшілікке тарап кетсе, кейін оның қате екені белгілі болған жағдайда да алғашқы әсерді өзгерту қиын. Ақпаратты түзетуге болады, бірақ оны көрген адамдардың ойын бірден өзгерту оңай емес.

Сондықтан әлеуметтік желідегі ақпаратты қабылдағанда асықпау қажет. Ақпаратты бөліспес бұрын оның қайдан алынғанын, қашан жарияланғанын және толық нұсқасы бар-жоғын тексерген жөн. Мүмкін болса, сол мәліметті бірнеше дереккөзден салыстырып көрген дұрыс.

Әлеуметтік желіден ақпарат алмау мүмкін емес. Сондықтан басты мәселе – одан бас тарту емес, көрген ақпаратты дұрыс бағалай білу. Ақпарат көбейген сайын оны саралап, нақты деректі пікірден ажыратудың маңызы да арта түседі.

Айдана БОРАНБАЕВА.