Жаз – студент жастар үшін жай ғана тынығатын мезгіл емес, жаңа оқу жылына күш жинап қана қоймай, уақытты тиімді пайдаланып, еңбекке араласатын, тәжірибе жинақтайтын маңызды кезең. Әсіресе, ауылдан қалаға келіп білім алып жүрген жастар үшін жазғы жұмыс – өз бетінше өмір сүруге бейімделудің, жауапкершілікті сезінудің және алғашқы еңбек тәжірибесін қалыптастырудың тамаша мүмкіндігі.
Мәселен, аймағымызда жазғы демалысын еңбекпен сабақтастырып жүрген студенттер аз емес. Олардың атқаратын жұмыстары әртүрлі болғанымен, мақсаттары ортақ – бос уақытты тиімді өткізу, еңбек етіп тәжірибе жинау және өз еңбегінің жемісін көру. Солардың бірі – Айым Сәрсенова. Ауылдан Павлодарға білім іздеп келген жас бүгінде жоғары оқу орындарының бірінде екінші курста оқиды. Оқу жылы аяқталған соң ауылға барып, жайбарақат демалуды емес, жазғы уақытын еңбекке арнауды жөн көрген. Қазір ол қаладағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінде даяшы болып жұмыс істейді.
Ауылдан қалаға алғаш келгенде Айымға жаңа ортаға бейімделуге тура келген. Қала тіршілігінің қарқыны, оқу мен күнделікті тұрмысқа қатысты мәселелер – мұның бәрі ауылда өскен жас үшін өзінше сынақ. Алайда уақыт өте келе ол студенттік өмірге төселіп, өзіне жүктелген жауапкершілікті сезіне бастады.
– Ауылдан қалаға оқуға келгенде көп нәрсені өзім шешуге тура келді. Алғашында оңай болған жоқ. Қазір екінші курста оқып жүрмін. Жазғы демалыста бос отырмай, жұмыс істеп, өзіме қажетті қаражатты тапқым келді. Оның үстіне, еңбек тәжірибесін жинау да маңызды деп ойлаймын, – дейді ол.
Жас даяшының жұмыс күні де оңай өтпейді. Әсіресе, демалыс күндері дәмханаға келушілер қатары көбейіп, қызметкерлердің қарбаласы арта түседі. Мұндай сәтте шапшаңдықпен қатар сабырлылық пен жинақылық та қажет.
– Даяшының жұмысы сырт көзге жеңіл көрінуі мүмкін. Бірақ оның жауапкершілігі көп. Тапсырысты дұрыс қабылдау, уақытында жеткізу, келушімен сыпайы сөйлесу, жұмыс орнын таза ұстау – күн сайын орындауың тиіс міндет. Кейде бір мезетте бірнеше үстелге қызмет көрсетуге тура келеді. Сондай кезде өзіңді жинақтап, жұмысты ретімен атқаруға үйренесің, – дейді Айым.
Ол үшін бұл жұмыстың тағы бір маңызды қыры – адамдармен тіл табысу тәжірибесі. Күн сайын түрлі мінезді, әртүрлі талғамдағы адамдармен қарым-қатынас жасау жас студенттің өзіне деген сенімін де арттырған.
– Бұрын бейтаныс адамдармен сөйлескенде қысылатынмын. Қазір ондай жоқ. Әр адамның мінезі әртүрлі екенін түсіндім. Біреумен сөйлескенде сабырлы болу, ескертуді дұрыс қабылдау, өз ойыңды сыпайы жеткізу керек. Бұл да – өмірлік тәжірибе, – дейді ол.
Ал Данияр Қасымов үшін бұл жаз – еңбек жолындағы алғашқы белес. Биыл бірінші курсты тәмамдаған ол жазғы демалысын бос өткізбей, курьер болып жұмыс істеуді таңдаған. Ол тапсырыстарды скутерімен тез жеткізуге тырысады.
– Бірінші курсты аяқтаған соң жазды бос өткізгім келмеді. Жұмыс істеп, өзіме тәжірибе жинағым келді. Курьерлік қызметті студентке ыңғайлы болғандықтан таңдадым. Сонымен қатар, қала ішінде жүріп, жаңа жерлерді танып, өз бетімше жұмыс істеуге мүмкіндік бар, – дейді Данияр.
Курьердің жұмысы да ұқыптылық пен жауапкершілікті талап етеді. Тапсырысты қабылдап алған соң оны белгіленген уақытында тиісті мекенжайға жеткізу – басты міндет. Сондықтан Данияр күн сайын қала көшелерін аралап, түрлі мекенжайға жол тартады.
– Бұл жұмыс маған уақытты бағалауды үйретті. Тапсырысты кешіктірсең, клиент күтіп қалады. Сондықтан алдын ала бағытты қарап, уақытыңды есептеуің керек. Кейде күн ыстық болады, кейде жаңбыр жауады. Соған қарамастан жұмысты орындауға тура келеді. Осындай жағдайлар шыдамдылыққа үйретеді, – дейді ол.
Алғашқы еңбек тәжірибесі Даниярдың өмірге деген көзқарасына да өзгеріс енгізген.
– Бұрын ата-анамның күнделікті еңбегін толық түсіне бермейтінмін. Қазір өзім жұмыс істеп көрген соң еңбектің оңай емес екенін түсіндім. Күні бойы жұмыс істегенде шаршайсың. Бірақ өз еңбегіңмен ақша тапқаныңды сезіну ерекше қуаныш береді, – дейді Данияр.
Екі жастың еңбек жолы – екі бөлек. Дегенмен, екеуін біріктіретін бір қасиет бар. Ол – еңбекке деген жауапкершілік пен ұмтылыс. Олар үшін жазғы жұмыс – тек табыс табудың көзі емес, өмірлік тәжірибе жинақтайтын үлкен мектеп.
Шын мәнінде, студенттік шақта еңбекке араласудың берері мол. Жұмыс жас адамды тәртіпке үйретіп, уақытты бағалауға баулиды. Адамдармен қарым-қатынас жасау қабілетін қалыптастырып, қиындыққа төтеп беруге шыңдайды. Бастысы, өз күшіне сенуге жол ашады. Жаз аяқталып, студенттер оқу орындарына оралғанда олардың қолында тек маңдай термен тапқан қаражаты емес, одан да қымбат дүние – еңбекпен келген тәжірибесі болады. Өз еңбегінің қадірін түсінген, уақытты бағалауды үйренген, қиындықтан қашпайтын жас кез келген ортада өз орнын таба алады. Сондықтан жазғы еңбек – уақытша жұмыстан әлдеқайда биік ұғым. Бұл – жастың өз мүмкіндігін сынап, өмірге бейімделіп, болашағына нық қадам басуына жол ашатын үлкен мектеп.
А.БОРАНБАЕВА.
