«Жанкешті ерліктің еленбей, батырлықтың бағаланбай қалғаны жанымызға батады». Отан үшін от кешкен әкесі жайлы ой қозғаған Ертіс Сембайұлының әңгімесі осылай басталды. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жерле-сіміз Сембай Қалиевтің бүгінгі жоқтаушысы – ұлы. Ол қан майданнан аман оралып, небары 56 жыл өмір сүрген әкесінің ерлік жолына әбден қанық. Оны дәлелдейтін құжаттарын көзінің қарашығындай сақтап келеді. Ал әкесінің ерен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, сол кездегі солақай саясаттың кесірінен жоғары марапаттан қағылып қалғаны әлі күнге дейін өзегін өртеп келеді. Ендігі мақсаты – әкесі Сембай Қалиевке Халық қаһарманы атағының берілуіне қол жеткізу.

 

Сембай Қалиев 1916 жылы Павлодар облысы, қазіргі Аққулы ауданы, Қазы ауылында дүниеге келген. Ел қатарлы білім алып, ауылдық қым-қуыт тіршілігімен ер жетеді. Отан алдындағы әскери борышын Қиыр Шығыстың 66-шы артиллерия полкында өтеген. Кіші командирлер даярлайтын полктік мектепте оқып, оны үздік бітіріп шыққан. Соғыстың дәмін 1938 жылы, Халкин-Гол аймағында жапондарға қарсы соғыста татты. 1940 жылдың күзінде әскери міндетін абыроймен атқарып, елге аман-сау оралған болатын. Туған жерге келісімен, аудандық оқу-ағарту бөлімінің жанындағы әскери іс жөніндегі инспекторы болып қызметке алғаш араласа бастаған беті еді. Ұлы Отан соғысы басталып, Сембай Қалиұлы қайтадан майдан шебінен табылды.

– Алдымен Қиыр Шығысқа артиллерия полкіне жіберілді. Кейін Мәскеудің түбінде десант бригадасындағы барлаушылар даярлайтын қысқа мерзімді курсқа қабылданды. Бірер жұма ішінде, әсіресе түнде самолеттен парашютпен секірудің тәсілдерін оқытып, үйретті. Бұрын да әскери тәртіпті меңгеріп шыныққан әкеме парашютпен жерге секіру онша қиынға түскен жоқ, – дейді Ертіс Сембайұлы.

1943 жылдың қаңтар айы ішінде әскери жаттығудан өткен сержанттар тобы Н-ші әуе-десант дивизиясының артиллерия полкына жіберілетіні жайлы бұйрық оқылды. Бірінші батареяның №1 зеңбірек командирі болып Сембай Қалиев тағайындалды. Оның соғыс даласындағы ерліктері талайға үлгі бола алады. Мына бір оқиғасына ерекше тоқталып өткен жөн. Құрамында кейіпкеріміз бар батальон Днепр өзенінен өтіп, арғы жағаға бекініп алғанды. Бірақ жау оқ жаудырып, бет қаратар емес. Әрі Черкасск қаласының шығыс жағына қат-қабат траншея қазып, тікенді сымдар тартып тастапты. Оның үстіне ашық алаңның бәріне мина көмілген. Бүйірден немістің бірнеше танкі бермен қарай бұрылып, оның төртеуі тұп-тура Сембай Қалиевтің зеңбірегін нысанаға алып келе жатыр. Командир зеңбіректі әп-сәтте әзірлетті де, танктерді аса жақын келтірмей, бірінен соң бірін дәл көздеп атты. Сол жерде зеңбірекшілер жаудың екі танкісін өртеп, екеуін істен шығарды.

Черкасск қаласына жақындағанда, полктің немістің қоршауында қалғаны белгілі болды. Екі барлаушы «ертең таңертең «катюшалар» шабуылға шығып, полкты қоршаудан босатады» деген хабар әкелді. Ол екеуінің айтқанындай-ақ, таңертең ерте «катюшалар» зіркілдей жөнелді. Үш күндей қоршауда қалып, зығырданы қайнаған полк жауынгерлері жаудың құрсаулы қоршауын бұзып шығып, Черкасск қаласын азат етті. Міне, осындай шайқастардағы Сембай Қалиевтің жауынгерлік ерлігі полкқа, армияға белгілі болды.

Сол кездегі әскери «Советский воин» газеті зеңбірек командирі, Сембай Қалиевтің жауынгерлік ерлігі жайында сан рет жазды. Осы газеттің 1945 жылғы 18 қарашадағы 169-нөмірінде «Біздің құрамалардың мақтанышы» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Онда гвардия аға лейтенанты М.Мельситов былай деп жазыпты:

«…1945 жылдың 11 қаңтары. Будапешт үшін ауыр шайқастар жүріп жатқан шақ. Немістер біздің қорғаныс шебімізді бұзып өтіп, маңызы зор тас жолды басып алу мақсатында Сембай Қалиев пен Николай Любченконың зеңбірек-тері тұрған участокқа бір рота автоматты десанты бар 36 танкті және 24 бронды транспортерлерді әкеп төкті.

Бірақ батыл да ержүрек зеңбірекшілер бұдан тайсалған жоқ. Жау техникасын батыл тойтарыс берумен қарсы алды».

Осы бетпе-бет айқаста С.Қалиевтің зеңбірекшілері немістің болат құрсанған бір «Тигр», екі «Пантера» танкі мен жеті брондытранспортерін атып, өртеп жіберді. Алдарынан атқылаған күштің өздерінен зор екенін сезген басқа танкілер мен бронетранс-портерлер оқтарын алыстан атып, кері шегінуге мәжбүр болады. Гвардия сержанты С.Қалиевтің жеке ерлігінің арқасында тегеурінді шабуылға тойтарыс беріледі. Сол күні-ақ, артиллерия полкінің командирі, гвардия подполковнигі С.Коннов қол қойып, С.Қалиевті Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынып, Алтын Жұлдыз ордені мен Ленин орденін қатар беруін өтініш етеді.

1990 жылы 20 мамырда Ертіс Сембайұлы КСРО Қорғаныс министрлігінің «Қызыл Жұлдыз» орденді Орталық мұрағатынан хат алады.

Сембай Қалиевтің жеке ерлігін жете бағалама-ғанға, әділетсіздікке оның қарулас достары да наразы болған сияқты. Өйткені оның майдандос достары кейін өздерінің естелік жазбаларында Сембай Қалиевті ізетпен естеріне алып, оның басқаларға үлгі болған ерліктерін атамай кеткен емес.

Құрамында С.Қалиев соғысқан бұрынғы 1-батареяның командирі, запастағы майор С.Г.Марков 60-жылдардың соңында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті арқылы С.Қалиевті іздеп табады да, төмендегідей хат жолдайды:

«Армысың, Сембай! Сен, әрине бұл хатты алғанда қапысыз таңданарың анық. Өз басым 7-дивизияның 10-артиллерия полкында бірге ұрысқа қатысқан жігіттерді әлі де ұмытар емеспін. Зеңбірек командирі, әрі батарея партия ұйымының секретары сені де жиі еске аламын. Сенің шайқастарың әлі күнге менің жадымда. «Сенің» деп отырған себебім, қазақтың павлодарлық қарапайым жігіті танкілерге қарсы шайқастардың нағыз батыры болған еді. Бұл – 1945 жылдың қаңтарында Венгрия жеріндегі оқиға. Тап осы кез менің жараланып, іле госпитальге түскен бетім болатын. Сол шайқас жайлы сенің батареяңда болған жауынгерлер айтқан еді. Батареядағылар асып-сасқан шақта барлық жауапкершілікті өзің алып, қан майданға бастап кірген екенсің», – делінген хатта.

Сергей Григорьевич Марков Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Компартиясы Павлодар облыстық комитетінің хатшысы, Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевқа хат жазып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының алдында әділеттілікті қалпына келтіріп, гвардия аға сержанты марқұм С.Қалиевке Кеңес Одағының Батыры атағын беру жөнінде мәселе көтеруге кеңес береді.

С.Қалиевтің ерлігі туралы отставкадағы полковниктер Н.Гладков пен И.Шинкаревтің «На поле ратном», Кеңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант Н.Бирюковтың «Трудная наука побеждать» деген кітаптарында, т.б. көптеген әдебиеттерде жақсы жазылған. С.Қалиев қызмет еткен дивизияның Ардагерлер кеңесі (төрағасы – мәскеулік И.Тафея) тәуелсіз Қазақстан Үкіметіне Сембай Қалиевке елдің ең жоғарғы атағын беруді өтініп хат жазған.

Гвардияның аға сержанты Сембай Қалиев соғыс жылдары ерлігінің арқасында бірнеше Орден, медаль иеленді. 10-шы десанттық гвардиялық артиллериялық полктің 1-батарея зеңбірегінің командирі атанды. «Қызыл ту», «Қызыл жұлдыз», «І дәрежелі Отан соғысы» ордендері, екі мәрте «Ерлігі күшін» медалін иеленді.

– Ендігі кезекте, тарихи әділдік орнап, әкеміз лайықты марапатын алса деп армандаймыз. Отан үшін от кешкен, ерлік көрсеткен Сембай Қалиевке «Халық қаһарманы» атағы берілсе деген зор үмітіміз бар, – дейді баласы Ертіс Сембайұлы.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен қан майданға аттанған жерлесіміздің ерен ерлігі бағаланып, лайықты марапатқа ие болса деген тілегіміз бар. Жаудың танкілерін тойтарған Сембай Қалиев ерлігі ешқашан ұмытылмасы хақ.

Айдана ҚУАНЫШЕВА