Ертіс-Баян өңірі үшін академик Әлкей Марғұланның әрбір құжаты, жеке заты – баға жетпес қымбат жәдігер, құнды мұра. Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында академикке қатысты 50-ден астам құнды жәдігер сақталған. Олардың қатарында киімдері, жеке заттары, құжаттары және тарихи фотосуреттері бар.

Г.Н.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Әлия Жомартованың айтуынша, Әлкей Марғұланның зерттеу материалдары музейге алғаш 1950 жылдан бастап түскен. Сол тұстағы музей басшысы Дмитрий Багаев Әлкей Марғұланмен жақсы қарым-қатынаста болған. Бір-біріне үнемі хат жолдап, пікір алмасып тұрған екен.

Ал Әлкей Хақанұлы дүниеден өткеннен кейін киімдері мен жеке заттары түсе бастаған. Бүгінде онда академиктің өзі киген тақиясы, жейдесі, шляпасы, жилеткасы, портфелі, көзілдірігі, сағаты бар. Сонымен қатар, Мәскеудегі Ленин атындағы кітапхана берген оқырман билеті құнды құжаттар қатарын толықтырып тұр. Тарихи жәдігерлердің жартысы Потанин музейінде, жартысы «Ертіс» музейінде сақталған. Одан бөлек, Потанин музейінің Екібастұз қалалық бөлімшесінен академиктің домбы-расын және басқа да қолданған заттарын тамашалауға болады. Бұл экспонаттар бойынша еліміздің көптеген өңірлерінде – Түркістан, Шымкент, Астана, Қарағанды қала-
ларына көшпелі көрмелер ұйымдас-тырылды.

– Бізде Ертіс-Баян өңірінің тарихи тұлғаларына қатысты мемориалдық кешен бар. Соның бір бөлігі академик Әлкей Марғұланға арналған. Бұл біз үшін және біздің көрермендер үшін өте құнды мұра болып саналады. Биыл Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуына орай каталог шыға-
рып жатырмыз, – деді Г.Потанин музе-йінің қызметкері Әлия Жомартова.
Академиктің заттарын Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінен де тамашалауға болады. Онда ғалымның жейдесі, тақиясы және көзілдірігі сақталған. Музей басшысы Ербол Қайыровтың айтуынша, жерлесіміздің заттарын Алматыға арнайы барып, академиктің қызы Дәнел Марғұланның қолынан алған.

Тілеуберді САХАБА.