Бес бағыттың мүддесі

Қар 3, 2026

Үкіметтің жиынында ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов «Заң мен тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілету жөніндегі тұжырымдаманың негізгі бес бағытын жүзеге асыру туралы баяндады.

Біріншісі — заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру және құқықтық хабардар болу деңгейін арттыру.

Жыл басынан бері Қазақстанда қылмыс 15%-ға төмендеп, қылмыстардың ашылуы 5%-ға өсті, 13,7 млн әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық тәуекелдерін бағалаудың жаңа стандарты бойынша 58 мың адам тексеріліп, оның 2 мыңы тәуекел тобына жатқызылды. Жастарды құқықтық және патриоттық тәрбиелеу үшін мектептерге 8 мың полиция қызметкері бекітілді.

Екінші бағыт — қауіпсіз және қолайлы өмір сүру ортасын құру. Қоғамдық орындарда қауіпсіздікті арттыру шеңберінде бейнебақылау жүйесі кеңейтілуде. ІІМ мәліметтері бойынша, елімізде 1,8 млн камера орнатылған. Бейнебақылаумен 65 мың аула қамтылған. Нәтижесінде 13,8 мың қылмыс ашылып, 763 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Қалалар мен аудан орталықтарындағы жедел басқару орталықтарының желісін кеңейту жалғасуда.

Үшінші. Билік органдарының ашықтығын қамтамасыз ету. Полиция халықпен өзара іс-қимылды кеңейтуде: азаматтармен кездесулер өткізілуде, учаскелік инспекторлар үй чаттары арқылы тұрғындармен тұрақты байланыс жасап отыр. Мобильді қосымшалар арқылы 138 мың өтініш келіп түссе, оның 80 мыңы eGov және банктік қосымшаларда қолжетімді «Заң мен тәртіп» сервисінің көмегімен жүзеге асқан.

Төртінші және бесінші бағыттар – «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету, азаматтық белсенділікті ынталандыру мәселелері бойынша азаматтық қоғамдастықпен әріптестікті дамыту. Құқық бұзушылықтың алдын алуға еріктілер мен қоғамдық көмекшілер тартылуда, олардың көмегімен 20 мың әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 300 қылмыс ашылды. «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бизнес те атсалысуда.
Қоғамдық қауіпсіздік жүйесін цифрландыру шеңберінде полиция қызметкерлерін олардың іс-қимылдарын жедел үйлестіруге және ЖИ технологияларын қолдануға мүмкіндік беретін смарт-жетондармен жарақтандыру жалғасуда. Елімізде бейнеаналитика функциясы бар 51 мың камера жұмыс істейді, жыл соңына дейін олардың санын 60 мыңға дейін ұлғайту жоспарлануда, сондай-ақ ұлттық бейнемониторинг жүйесін құруға дайындық жүргізілуде.

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алудың кешенді моделіне көшу, сондай-ақ қоғамдық және жол қауіпсіздігіне жоғары қауіп төндіретін адамдарды бақылаудың бірыңғай ведомствоаралық тетігін құру қажеттігін атап өтті. Қабылданатын шаралар қылмыстың алдын алуға бағытталуы тиіс.

Ішкі істер және Қаржы министрлігімен бірлесіп, қолдан жасалған алкогольді заңсыз өндіру мен айналымына қарсы қылмыстық-құқықтық тетіктерді күшейту тапсырылды. Ішкі істер министрлігі құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмысты күшейтеді.

Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.