Бұл күн – қаза тапқандарды еске алу күні. Бұл – қазір өмір сүріп жатқан батырларға құрмет. Бұл – азат етілген халықтың қуанышы. Бұл – Ұлы Жеңістің қандай бағамен келгенін жастарға Мәңгілік ескерту! 

 

Ұлы Отан соғысы кезінде кеудесін фашистерге қорықпай тоса білген батырлар жетерлік болған. Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспановалар, Рахымжан Қошқарбаев, Қанаш Қамзин сияқты хас батырлар жаудың қарула-рына, қаһарына қарамастан, батылдықтарымен, өзіндік тактикаларымен батырлық көрсеткен. Отан үшін жандарын пида еткендердің бірегейлері болды. Міне, сондай ерлік пен батырлықтың иесі жерлесіміз Нұрмакин Жанақ Ахметрашидұлы болды.

Нұрмакин Жанақ Ахмет-рашидұлы 1924 жылы 15 сәуірде Көкшетау қаласында дүниеге келген. Жанақтың әкесі Нұрмакин Ахметрашид, Көкшетау қаласында прокурор болып қызмет істеген. 1937 жылы халық зиялысы бола тұра халық жауы деп ұсталып, 10 жылға сотталады. 1958 жылы Мәскеуден ақталды деген қағаз келеді. Батыр ағамыздың әкесі азапталып, қуғын–сүргін азабын көріп, Қарағанды лагерінде қаза тапқан. Жанақ ағамыз анасынан ерте айырылған. Өгей шешесі, атамыз соттал-ғаннан кейін, Алматы жақтағы төркіндеріне кетеді. Жанақ ағамызды тума-туысқандары Павлодар облысы, қос батыр шыққан Жолқұдық ауылына жібереді. Сол кезде Жанақ аға бар-жоғы 13 жаста болған, ауылдағы туыс апасы Бикен апамыздың қолында ер жетеді, еңбекке ерте араласады.

Елге неміс басқыншылығы соғыс ашқанда Жанақ ағамыз 1942 жылы Ұлы Отан соғысына  аттанады. 1942 жылдың тамыз айынан 1943 жылдың наурыз айына дейін 6 айлық командирлік курсынан дайындықтан өтеді. Ұлы Отан соғысында аға сержант, «Катюша» машинасының командирі болып артиллерияда қызмет етеді. Жанақ ағамыз соғыс даласында өзінің батырлығымен, батылдығымен көзге түсіп, майдан даласын жаудан тазартудың күрделі тактикасын меңгерген жауынгер бола білген. Ол кейін Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзин атындағы ауылда қызмет жасап жүргенде, ауыл тұрғындары мен мектеп оқушыларымен кезде-сулерінде, аталып өтетін ерлік сабақтарында өзінің майдандас жауынгерлері туралы сыр шерткенде үлкен толқыныспен талай әңгімелеп берген еді.

Ұлы Отан соғысының жеңісін 1945 жылы Берлин қаласында Рейхстагта қарсы алады. Тағы екі жыл Берлинде тұрып, 1947 жылы елге оралады. Оның соғыс даласындағы ерлігі мадақталып, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, І жане ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «1941-45 жж Германиямен соғыста жеңіске қосқан үлесі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталады.

Жанақ ағамыз туған елге оралып, бейбіт өмірдің майданына кіріседі. Соғыстан кейін тұнжырап, әлсіреп қалған ауыл тынысы өте қиын жағдайда еді. Ертеңгі күннің күн сәулелі болашағы үшін Жанақ ағамыз да білек сыбана еңбекке бар ынтасын салды. Ал 1948 жылы ағамыз көркіне ақылы сай Қамажай Аушахманқызына үйленеді. Отбасы бақытына бөленіп, ұрпақ сүйеді.

1950 жылы Петропавл қаласында колхоздарды басқаратын кадрлар дайындайтын ауылшаруашылық техникумын үздік бағамен аяқтап шығады. Сол жылдан 1980 жылға дейін Жолқұдық елді мекенінде, кейін Қанаш Қамзин атын-
дағы совхозда №1,2 бөлім-шелерінің басқарушысы болып еңбек жолын бастап, совхоз директорының орынбасары қызметін атқарып, ауылымыздың қадірлі аза-маты, ақылшысы ретіне танылады. Жанақ ағамыз өте білімді, өз ісінің майталманы, ел құрметтісі болды. Өте еңбекқор, адал, әділ мінезімен ерекшеленіп, әрқашанда қол ұшын беруге дайын тұратын қайырымды жан болды. Ел ағасы ретінде Жанақ ағамыздың ақыл–кеңесін тыңдаудан халық жалықпайтын, осы күнге дейін Жанақ ағамыздың жарқын бейнесін, әкелерімізді жақсы естелікпен еске алып отырамыз. Олардың биік адамгершілік қасиеттері, әкелік қамқорлықтары, ағалық ақылдары жадымызда мәңгі сақталады. Әкелеріміздің өнегелі ұлы істері туралы жақсы пікірді айта жүру – біздің басты аманатымыз!

Жанақ Ахметрашидұлы еңбек жолында да ерен еңбегі еленіп, көптеген медаль, грамоталармен марапатталды. Қос батырдың, яғни Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзин мен Социалистік Еңбек Ері Мәжен Қабылбековтің кіндік қаны тамған  батырлар ауылының мектеп мұражайында Жанақ Ахметрашидұлының майдан мен еңбек ерлігі  туралы бұрыш орналасқан. Жыл сайын Павлодар қаласында ең үлкен көшенің басында Жанақ ағамыздың барлық орден-медальдарымен түскен баннер орнатылады.

Жанақ ағамыз бен Қамажай анамыз екеуі 7 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, білім беріп,өсірген үлгілі отбасы болды. Бүгінгі таңда ұлдары Қанат, Қуат, Бағдат, Тілектес, қыздары Мәрзия, Қаламқас, Жанар өз отбасын құрып, ардақты әке жолын жалғастырып, Тәуелсіз Қазақ Елінің кемел келешегі үшін қызмет жасап, бақытты ғұмыр кешуде. Жанақ ағамыздың немерелері мен жиендері, тіпті шөберелері де Қазақстанның әр түрлі жақтарында қызмет етіп жүр. Жанақ ағамыз өмірден ерте озды, бірақ әке тәрбиесі мен ерлігі баршамызға үлгі өнеге болып қалды. Жақсының шарапаты – өмір жалғасы деген осы шығар.

Біздің ата-әжелеріміздің ерліктері мен жанқиярлық-тары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі ұрпағы үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл – бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі. Сондықтан да, еліміз үшін 9 мамыр мерекесінің орны ерекше. Өйткені, Қазақстан тарихындағы Жеңіс күні – бұл бабаларымыздың ерлігі мен батырлық даңқы айшықталған күн. Сондықтан да ел басына күн туған сәтте туған жердің намысы үшін майданға аттанып, Отан үшін жанқиярлық ерлік көрсеткен жаужүрек қаһарман бабаларымыздың ерлігін естен шығаруға болмайды. Сол үшін де 9 мамыр күні – қайсарлықтың, қайтпас рух пен жалынды жігердің хас үлгісін көрсеткен барша соғыс және тыл ардагерлерінің алдында тағзым етуге тиіспіз. Осы күні болашақ үшін құрбан болған миллиондаған адамды еске алып, мерекені Отанға деген сүйіспеншіліктің нышаны ретінде атап өтуге де тиіспіз! Ер есімі ұрпақ есінде мәңгі сақталады!

Айман Зейнулина, ф.ғ.к., профессор,  «Құрмет» орденінің иегері, Ақсу қаласының Құрметті азаматы.