Биыл адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың аяқталғанына
79 жыл толады. Қазақ халқының қаһарман перзенттері ұлы Отан соғысының қан майданында ерліктің ғажайып үлгісін
көрсеткен еді. Олардың қайтпас қайсарлығы мен батырлығына ел куә, тарих дәлел.

«Ежелден ер деген даңқымыз шықты ғой». Әнұранымыздың осы жолына келгенде ерекше рухтанатынымыз белгілі. Ал рухымыздың асқақтауына сонау көк түрік заманында  «Тізеліні бүктірдік, бастыны жүгіндірдік» деп тасқа қашап жазып кеткен бабаларымыздан бастап, Ұлы Отан соғысында халқымыздың даңқын асқақтатқан Бауыржандай баһадүрлеріміздің өр намысы мен шексіз батырлығы себеп.

Қазақ тарихы – ұлт ретінде сақталып қалу жолында жан алысып, жан беріскен алапат майдандардан тұратын қаһармандық тарих. Ұлы Отан соғысында қашан да ар-намысты бәрінен биік ұстап, ұрпақ үшін, ел үшін қан майданға түскен батырлар қазақтың даңқын жер-жаһанға жайды.

Орыстың жазушысы Илья Эренбург 1942 жылы сол кездегі Кеңес Одағының бас газеті – «Правдада»: «Бір фриц маған былай деді: «Бізге қарай от-жалын да тоқтата алмайтын, қайтпас-қайсар солдаттар қарсы шапты. Кейін мен олардың қазақтар екендігін білдім. Даланың аптап ыстығы мен қақаған суығына шыныққан бұл ержүрек халық Шығыста тұрады. Олар үшін ар-намыс бәрінен жоғары», – деп жазды.

Иә, Ұлы Отан соғысына қазақ азаматтарының сіңірген еңбегі ерен. 1941-1945 жылдары майданға 1 млн. 200 мыңға жуық қазақстандық азамат аттанған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық полктар мен батальондар жасақталған.

Павлодар облысына келер болсақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941-1945 жылдары) аймағымыздан әскер қатарына 40 мыңнан астам адам алынды. Олардың жартысы қан майданнан оралмады. Павлодарлық майдангерлер сапынан 10 мыңға жуығы соғыс наградаларына ие болды. 23 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағын алды, 8 адам «Даңқ» орденінің толық иесі атанды.

Қандастарымыз бұл соғыста көбіне майдан даласының ең қауіпті аймақтарында жүріп жаумен айқасты. Сонымен қатар, әрқашан алдыңғы шепте тұрып, аянбай күресті.

Бүгінде Екінші дүниежүзілік соғысқа деген көзқарастың өзі қым-қиғаш. Бірақ бір нәрсенің басы ашық: ата-бабамыздың асыл қаны төгілген бұл соғыс біз үшін қашан да қастерлі болып қала бермек.

Қазақтың қайтпас-қайсар ұл-қызда-рының ерлігі – жас ұрпақ үшін өшпес өнеге. Отан үшін отқа түскен батырла ешқашан ұмытылмайды, ұмытылмауы тиіс. Майдан даласында жан алысып, жан беріскен әр сарбаздың есімі тарихымыздың төрінде алтын әріптермен сақталады.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.