Кереку өңірінен түлеп ұшқан өнер майталманы Шахан Мусин туралы қазақ қайраткерлерінің қалдырған естеліктері баршылық. Бүгін оқырман назарына Тұңғышбай Әл-Таразидің «Наз» ғұмырнамалық хикаяттар кітабынан (Алматы: «Нұрлы әлем», 2001) алынған мына бір құнды дүниені ұсынамыз.

…Қайран, Шахан!..

.. Мен үшін бұл адам кісіліктің, кіршіксіз тазалықтың мысалындай. Тазалық деген кең мағынасындағы ұғымды айтып отырмын. Оған жеке басының, ой-пиғылының тазалығы, жағасында кір, үстіне шаң жұқтырмайтындығы да жатады. Оған қоса, Шаханда асқан бір сырбаз, серілік қасиеті бар еді. Ол майда-шүйдеге бармайтын, пендешіліктен сәл жоғары тұратын паң, сұлу көрінетін және онысы өзіне әбден жарасатын. Шаханның басынан өткен сол бір нәубет он сегіз жыл көрген азапты жылдарынан алған сабағы өмірдегі күйкі тіршіліктің бәрін тәрк етіп, бәріне жоғарыдан қарайтын биіктікке көтеріп жібергендей. Сондықтан да, анау-мынау ұсақ-түйекке күйіп-піспейтін, біреудің жасаған сатқындығын көріп, азғындығын байқаса да, жанына тиетін қиянатты сезсе де, оған тап беріп араласып кетіп, ара жігін ашып берейін деп өзін-өзі әуреге салып қинамайтын, биік тұратын. Бәріне қалжыңмен қарайтын. Өйткені қазір ойлап қарасам, қасаң тағдыр оның бүкіл жастығынан айырған ғой. Жастық шағының бал дәуренін талайына кездескен кер заманы өртеп жіберген. Жоқ, тіпті өмірінің тұтас бір кесек кезеңін заманы тартып алған. Өмірінің ең әдемі шағын… Бұл кезеңде ол да тентектік, бозбалалық жасауы, қателесуі, басын тауға ұруы мүмкін еді. Алайда, өмірдің сондай бір белесінен Шахаң түс көргендей өтіп кеткен. Мен мұны қазір ғана ой безбеніне салып, салмақтап отырмын, ал шындығында, сері ағамыз өміріндегі бұл аралықты саналы түрде, өзі өшіріп жіберген. Он сегіз жыл көрген қорлығын ұйықтап тұрғандай ішкі сарайынан сызып тастаған. Сонда жаңағы «он сегіз жыл өмірім бекер өтті-ау» дейтіндей ақжарқын жанның жүзінде қандайда бір мұң, маңдайында сызат, бетінде әжім жатпайтын, тіпті іштей бір  өкінішін сездірмейтін еді-ау! Қашанда жарқырап, сұп-сұлу, тап-таза, мұнтаздай күйінде, үсті-басының сыны кетпей, мойнынан галстугі түспей, бәтеңкесінің бауы үзілмей, қобырамай, салақтық жасамай, жинақы, әдемі жүріп, қазақ өнерінің бір серісі, нар тұлғасы көз алдымызда фәниден бақиға өтті… Үлкен театр – үлкен өнер жарығы. Нағыз өнер – бәсеке, бәйге. Бәйгеде, әрине, «Неге қалып қойдым?» деп ашыну, опыну, «неге анау озды?» деп көре алмау, өкпе, іштарлық болмай тұрмайды. Ал Шаханда, міне,  осылардың бірі жоқ еді. Ол – ондайға мүлде араласпаған кісі. Өзінің құдай берген табиғи талантына сенген, қолынан келетін шаруасын ғана білген, айнала ортасына қасиеті мен қадірі барын сезген адам. Шаханның «Неге осылаймын, неге бұлай?» деп қамығып, налып жүргені есімде жоқ. Ағамыз әдеттегі әзіл-қалжыңымен замандас құрдастары болсын, өкшесін басқан іні-қарындастары болсын, бізден де кейінгі буынның өкілдері болсын – бәрімен де таза көңілмен сыйласты. Мұндай «ұлық болсаң, кішік бол» дейтін қасиет аспаннан өзі түсе қалмайды ғой, туа бітеді. Өмірдің көкпарында жүре пайда болатыны да бар шығар. Мен оны талдап, талғамай-ақ қояйын. Алайда он сегіз жыл қорлыққа төзіп, адамгершілік қасиетін қашырмау, іштей іріп бұзылмау – ердің еріне ғана тән мінез. Демек, Шаханның ағзасында, негізінде керемет тектілік бар. Ол өмірдің «тар жол, тайғақ кешуіндегі» басынан кешірген оқиғалардың керексіздерін зерде сүзгісінен өткізіп, алып тастаған сияқты. Ағамыздың ірілігі сол – біреуге бұлданып, ренжіп жүргенін мен көрген емеспін, әйтеуір. Және «Мен осындай болдым, жігіттер! Ой, біз не көрмедік! Сендердің заманың жақсы ғой, сендер бақыттысындар! Ой біз…» – деген сияқты артық ауыз сөз айтпайтын, бәлсініп ешкімге міндет қылмайтын. Ал егер әлгі он сегіз жыл көрген қуғын-сүргіні туралы сұрай қалсаңыз, Шахан әзілдеп, ертегі етіп баяндайтын. Бәлкім, өткенді еске алғанда өзінің  де, өзгенің  де жанын ауырпайтын амал іздегені болар. Қолайлы сәтін тауып, абақтыда не бір қылмыскерлер арасында болғанда, олардың түрлі мінез-құлықтарына куә болғанын білгіміз келіп, сыр суыртпақтаймыз. Бұл өтінішімізге де қуана-қуана абақтының жаргон тілімен, небір сөз кестелерімен ішек-сілемізді қатырып, өзі де күліп отырып, орысша боқтықтың пәшкі-пәшкісін боратады-ау кеп. Сонда да «Қиналдым-ау! Не сұмдық күндер болды-ау!» – деп, қара аспанды төндіріп, қара басының мұңын ғана айтпайды. Парасат биігінен ел-жұртына еңсесін көтертпеген замана сырын шертеді. Байқағанға Шаханның «Он алты жол өлең үшін он сегіз жыл қуылыппын!.. деген лирикалық тебірінісінде ел мен жеріне шексіз берілген патриоттық сезімі тайға таңба басқандай ап-айқын. «Білемісің, наромым!.. – деп басталатын өлең жолдарында азаматтық ашыну болғанмен, таусылу, күйзелу жоқ. Әлде менің жадымда Шахан бейнесі осылай қалды ма, әйтеуір, әлгі жыр шұмақтарын оқығанда отаншылдық жоғары пафос үні естіліп тұратын сияқты… Шаханды бәріміз жақсы көрдік. Мен енді қоян-қолтық көп аралас- тым деп айта алмаймын. Ол кісі өзі де біреуге жабысып қалатын әдеті жоқ еді, бәрімізге бірдей болатын. Негізі, мен Шаханды ерекше құрмет тұттым, қатты сыйладым. Ол жастарды туған балаларындай еркелететін. Рабиға апамыздың білетін-білмейтінін білмеймін, Шахаң театрға ақшасыз келмейтін. Және ақшаны жан қалтасына емес, галстуктің қатпары арасына салып қоятын. Оны жастар жағы, әсіресе, марқұм Әнуар Боранбаев, Уайс білетін. Шахаң театрға келгенде алдынан шығып, құшақтап:

– Аға-ау… көке… галстугыңыздан айналдым!.. – деп, еркелей, галс-тугын сипалай бастаған жігіттерге:

– Өй, күшіктер-ай, ала қойыңдар! – деп әдейі салып қойған 10-15 сомын қолдарына ұстататын. Оған ол кезде әжептәуір нәрсе келетін еді ғой.

Бір күні жігіттер тойда болып, бастары ауырып, сыра-пыра ішуге ештеңе таппай тұрса керек. Ойламаған жерден ақ костюм, ақ көйлек, ақ туфли, шашы да аппақ Шахан жарқ етіп театрға кіріп келеді ғой. Дертке дауа табылғандай жігіттердің жүзіне де үміт оты жүгіріп, көңілдері шуақтанып, рахатқа енді кенелетіндей:

– Оу, Шаха, ағатайым, айналып қана кетейін!.. – деп, галстугын ұстап сипалап көрсе, бірдеңе шықыр-шықыр етеді дейді:

– Уһ! – деп шыдамы таусылған Уайс суырып алса, төрт бүктелген бір жапырақ қағаз екен. Жалма-жан апыл-ғұпыл әлгі қағазды ашып қалса «Ни хрена!» – деген орысша жазудан басқа түк болмай шығады. Жігіттер қапелімде не айтарын білмей, сасқандарынан ішек-сілелері қатып, ал келіп күлсің, ал келіп күлсін. Сол күні бастарын тек күлкімен ғана жазса керек… Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының мен көрген аға буын актерлері ішіндегі ең мәдениеттісі, ең зиялысы, ең бекзаты Шахан аға Мусин болатын. Менің санамда жаратылысы бөлек, сыпайы ағаның болмыс-бітімі, аспандағы құс жолы сияқты жап-жарық болып сайрап жатыр. Науқасы дендеп, төсек тартып қалған кезінде бір-екі рет көңілін сұрай бардым. Көз алдымда семіп бара жатқан атпал азаматты, бекзат адамды көріп, менің жүрегіме кермек мұң ұялап, жан-дүнием құлазыды. Ол кісі болса, сол баяғы қалпы, дәлізде аяғын ілбіп әзер-әзер басқанына қарамай «сыраға жіберейін бе, шампан алдырайын ба? Шахан жүрген жерде шампан жүретінін білесің ғой!» деген сияқты бірдеңелерді айтып әзілдейді. «Әй, мен қалдым ғой, жігіттер! Мен бүйттім ғой, мен ана дүниенің адамымын ғой!» – дейтін пенделік осалдықтың нышаны да жоқ…

«Алдыңғы толқын – ағалар

 Кейінгі толқын – інілер,

 Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер»,  –  деген ғой Абай атамыз. Сол айтпақшы, осы «әкемтеатр» шаңырағына қызметке келген жиырма екі жасымнан бері Қаллекейді ғана қойған жоқпын, қалған Елағаңнан бастап бақиға кеткен ағалардың бәрін соңғы сапарға шығарып салдық. Жербесікке арулап тапсырдық. Солардың ішінде «Қалыңыз қалай?» дегенде. «Ей, бізден несін сұрайсың! Біз арғы дүниенікіміз ғой!» – дейтіндер болды. Мысалы, Асқар Тоқпановтай өнер пайғамбарының алдында мен өзімді кінәлі сезінем. Қатты ауырып жатқанда ауруханадан телефон шалды:

– Қарағым, сен маған неғып келмедің? Сен өлмейсің бе? – деді! Маған бұл сөз ауыр тиді. Барғанымша ол кісі жүріп кетіпті. Бітпейтін күйкі, қу тіршілік қой! Барып, «Қалыңыз қалай, аға?!» – деп басын сүйеуім керек еді, маңдайынан сипауым керек еді, арқасын көтеріп, қымтауым керек еді. Соны жасай алмай қалғаныма қазір қатты өкінемін. Мен ол кісінің алдында қарыздармын… Өнердегі де, өмірдегі де өр мінезі үшін көбіміз қарыздармыз… Ондай ұлы ұстаздың орны толмайды!..

Шахаң – театрдың романтикалық кезеңінің суреткері еді.Еліміздегі жеке басқа табыну-шылықтың зардаптарынан соң, соғыстан кейінгі жаңа өмірді аңсаған дәуірдегі ақындықтың, әдеміліктің әнін айтатын романтикалық уақытқа Шахаңның шығармашылық қызметі тұспа-тұс келді. Шынында, Ақан сері мен Сырым ролін сол кезде Шахан аға ойнауы керек еді. Солай болды да.

Өнердегі бақтың жануы оңай емес. Кейде ол адамға да байланысты болмай қалады. Қазақ «бап шаппайды, бақ шабады» дейді. Бұл кісі – бағы да, бабы да шапқан жан. Сонан соң Рабиға апай сияқты керемет адамға жолығып, шаңырақ көтерген. Рабиға апамыз ғұлама ғалым бола тұрып, Шахаңды күтіп, баптаған адал жар да бола білді. Ғабеңнің (Мүсірепов) «Кездеспей кеткен бір бейне» дегені сияқты Рабиға апамыз да кездеспей кетуі мүмкін еді ғой. Бұл да – Шахаңның басына қонған бағы. Қисапсыз қорлығының азғантай өтемі… Яғни, әу баста–ақ Шахаң Алла тағаланың ерекше назары түскен пендесі тәрізді маған… Алланың назары әркімге түсе бермейді…

Иншалла, жұмақта жүрген болар…

Тұңғышбай Әл-ТАРАЗИ.

 

Шахан Мусин

Ақын, актер Мусин Шахан Әлімханұлы 1913 жылдың 27 желтоқсанында қазіргі Павлодар облысы, Май ауданы, Үлкен Ақжар ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық әртісі.  1930 жылы Алматы ауылшаруашылық институтында оқыған. 1931-32 жылдары Семей облысының Бесқарағай ауданы атқару комитетінде хатшылық қызмет атқарған. Актерлік жолын 1934 жылы Семей облысы қазақ драма театрында (қазіргі Семей қазақ музыкалы драма театры) бастаған. Мусин – осы театрдың іргетасын қалаушылардың бірі. Ол саяси қуғын-сүргін азабын тарта жүріп (Колымада, 1937-46; Сібірде, 1948-54) көптеген өлеңдер жазды. Ш.Мусиннің айдауда жүріп жазған бірнеше өлеңі «Сөнбеген сенім» деген атпен «Қазақ әдебиеті» газетінде (16 қазан, 1987 жылы) жарияланған. 1999 жылдың 26 желтоқсанында Алматы қаласында дүниеден өткен.

 

Бір жендетіме

Қайран өмір, қиялымда тәттісің,

Әттең, сорым, кезеңің тым мазасыз.

Көлгір күлкі көрсетсе де ақ тісін,

Ақ жанымды жаралайсың жазасыз.

Сен сұрланып, жарқылдап сұм кездігің,

Күле қарап, күңірене шыққанда,

Сезді жаным, сезді дүнием, сезді күн,

Сезді мені ұқпаған да, ұққан да.

Сен шыққан соң, шөп сындырып артыңнан,

Ептеп басып, есігімді жауып ем.

Есіңнен тыс, құшағынан артылған

Оңаша бір бұрышымды тауып ем.

Жаздай жайлы, күндей жарық, биік, кең,

Сол бұрышта өзімменен өзім ем.

Сол бұрыштан, сол бір жарық биіктен

Өзгесіз-ақ тауып едім өзіме ем.

Дертіме ем, көңілге күй, жанға азық

Сұрап алып, сыр алысып сөзіммен,

Жатқанымда оңашада құлазып,

Бұрышыма телміріп сұм көзіңмен.

Тағы келдің, тағы төндің, тағы да

Түн ішінде сықыр етті есігім.

Тағы бұздың тыныштығымызды қағына,

Тағы сынды аялаған бесігім.

                                * * *

Тағы отырмыз сүмірейіп вокзалда,

Кім? Кім қол сұқпақ құдай жазған «ақ заңға!».

Шіркін өмір, өткенің бе шынымен

Қолжаулық боп арсыздар мен арзанға?!

 

Колыма

Барса келмес, қиыр шет

Колыма, дүлей Колыма!

Дүлей деппін, ғафу ет,

Сен емессің, налыма.

Менің кінәм – қайдағы,

Қайғысы еді халқымның.

Сенің кінәң – сайдағы

Ат басындай алтының.

Алтыныңды мықшыңдап,

Жазықсыздар қазармыз.

Қара жүріп, «күш шыңдап»,

Ашығып, жүдеп, азармыз

Үскіріп сары аязың,

Үсінерміз, көнерміз.

Қазысып көрдің таязын,

Көне алмасақ, өлерміз.

Дүреден ұшып үрейлер,

Көре алмай өттік жаз айын…

Дүреленген дүлейлер

Тарта жатар сазайын.

Менің анам Арқада,

Сен де өгей емессің.

Шөгіп қалсам, арқала,

Сен дұшпаным демессің.

Болсаң-дағы мұз зындан,

Қараңғы сыз көрдейін,

Пана берші құзыңнан,

Жазықсыз ем, өлмеймін.

Маңдайымнан сен сипа,

Сен сипашы, Колыма,

Болар ма екен аз шипа

Бір шыбындай жаныма.

Қиыр шығыс, алыс шет,

Өкіл ана – Колыма,

Кінәсіз ем, ғафу ет,

Сен де өкінбе, налыма!

                        * * *

Әділетсіз құлдық күнге, сірә мұндай

Көнгеннен отқа өртеніп өлген оңай.

Мен емес жалбарынып, жалынатын,

Мақсатсыз, мәнсіз өмір, сені қимай.

                        * * *

Жалыныңмен мұз еріткен,

Қайда отты күндерің?…

Енді еңіреп мұн шерткен

Қалды ма құр сүлдерің?!

Азап пен ащы азаға,

Ашынушы еді жанымыз.

Қорлықтан туған қазаға,

Қараюшы еді қанымыз.

Ал аяқ-қол егерде

Үсісе, құрт жейді екен.

Дәрігер мұны лагерьде

Гангрена дейді екен.

Дәрісіз я бір дерексіз,

Болмай жәрдем ерекше,

Аяқ-қолды еріксіз

Кеседі екен терекше.

Енді ажалмен бетпе-бет,

Арпалысып жекпе-жек,

Домаланып, дөңбекшіп,

Қала берді сорлы зек.

 

Түрме түндері

Түрме түні түнере,

Өңменіме төнуде.

Төнген сайын үдере

Ойдан ойлар өруде.

Үнімді ұрлап жасырын,

Түкпіріне көмуде.

Түңілген жан асылын

Көмуге де көнуге.

Күдігі көп көңілдің,

Нұры сөйтіп сөнуде.

Күдерін үзген өмірдің

Көбі солай өлуде.

Жоқ! Мен өлмен, өлмеймін,

Арманымда сенім бар.

Түтіксем, тасқын селдеймін,

Арқамда туған елім бар!

                        * * *

Ұлылығын халқымның,

Азасынан таныдым.

Ызасына талқының

Төзімімді жаныдым.

Еркін сатқан бас ұрып

Емес едім «белсенді».

Төзген сайын ашынып,

Көтере түстім еңсемді.

Өршісін өрт, төнсін дерт,

Батсын дүре жаныма,

Болсам да мерт, бердім серт,

Жаным құрбан жолыңа!

                        * * *

Түрме күңгірт,

Түн де жым-жырт,

Уақыт демі тынғандай

Түнерген бұлт,

Түңілген жұрт,

Сенім сағы сынғандай.

                                                * * *

Бүгін, міне, түн жамылған мен-дағы,

Бір ұлыңмын «халық жауы» атанған.

Сұрап едім: «Менен басқа кім тағы,

Тура қарап төрден теріс «бата» алған?»

Жазықсызда көп болыпты кезінде,

Кезеңнің бір ережесін аттаған.

Тұра жүріп уағдалы серт сөзінде,

Ар-намысын, елін жұртын сатпаған.

Мен түнеген түрме жым-жырт моладай,

Дүниені бір дүлей күш басқандай.

Адам түгіл, аруағын да жоламай,

Ағараңдап әлдеқайда қашқандай.

Әділеттің үні ғана кезіп,

Жақындағы жардан лебіз бергендей.

Жан лепіріп, жас тыйылып, мұң безіп,

Айналамды керемет күш кергендей.

Жаңғырығы, қыры-сыры көбейген,

Жалғыз үннің жарықсыз дыбысы.

Жанға медеу, дәтке демеу, көңілге ем,

Тыңдай білсем, кеңейгендей тынысым.

                                                * * *

Түсіну үшін бар сырды

Керегі жоқ көп сөздің.

Лебізін күтіп «тақсырдың»,

Түн күзеттім, көп төздім.

Жылдар бойы табынып,

Пір тұтып ем тұлғанды.

Сөйткен тұлғаң малынып,

Ел қанына былғанды.

                                                * * *

Тал түсте таласаң да табысымды,

Аяусыз атсаң-дағы арысымды.

Апыр-ай, айуан емес, адамсың ғой,

Теппеші менің ұлттық намысымды.

 

Қуаныш

Қансыраған сонау соғыс жылдары

Бірге болдық ондаған ұлт өкілдері.

Ұлы борыш еңсемізге ен салған,

Азаттығы еді Ұлы Отанның мұң-зары…

Колымада жасымыз бар, кәріміз,

Таусылса да қажыр, қуат әліміз,

Жанымыздың түкпірінде құндақтап,

Жеңіс күнін тілей жүрдік бәріміз.

Атқан күні көптен күткен таңымыз,

Қуаныштан қайнап жылы қанымыз.

Атша тулап бүкіл ГУЛАГ тойладық,

Болмаса да жарты тілім нанымыз.

 

Ертісім менің, Ертісім

Жазғытұрым үздігіп

Қызыл суша жүрмеп ем.

Суат ойып қызығып,

Қыста етегім түрмеп ем.

Тек шілде мен тамызда

Толқыныңа жармасып,

Төсімді тосып аңызға,

Ағыныңмен арбасып.

Жүздім күндіз-түн демей,

Еркелеп, сүңгіп шабақша…

Кете бардым үндемей,

«Қош!» дей алмай қазақша.

Амал жоқ, бүгін жекемін,

Ертісім менің, Ертісім.

Еркелеткен мекенім,

Сорлы ұлыңның дертісің.

                        * * *

Жол-жөнекей таныс көп,

Туысқан жоқ, туған жоқ.

Жақын Арқа, алыс көк,

Аят оқыр «дұғаң» жоқ.

Жолдасым көп, досым жоқ,

Жанашыр жоқ, жалғызбын.

Жау сабаса тосын кеп,

«Үні шықпас жалғыздың».

Рақатсыз, қызықсыз

Жас өмірді алғыздық.

Бүгін қалған күдіксіз

Жалғыз досым – жалғыздық.

Долы дүлей тағдырдың,

Дүресінен қансырап,

Севлагта қаңғырдым,

Сыңар тілім нан сұрап.

Енді бездім бәрінен,

Дос та демен, қас демен.

Заманымның зәрінен

Қатты үсінді жас денем.

                        * * *

Аспаса да ақылымен, ойымен,

Басқандар көп өзгелерді бойымен.

Ақ сұңқарды тұғырынан тайдырып,

Қарақұстар қалды қанды тойымен…

                        * * *

Түсімде елге қайтыппын,

Көрсемші, дүние-ай, өңімде.

Шырқап өлең айтыппын

Шығып тұрып дөңіне…

                        * * *

Тағдырымның талқысынан безем бе…

Бірнеше жыл түрме болды мекенім.

Кенет төнген мейірімсіз кезеңде

Еркіндік пен бақыт менің не теңім?!

Амал қанша, ғұмыр тезі – таразы.

Тіршілікте көрермін де көнермін.

Көне алмасам, күрсінуден наразы

Бола-бола шырағданша сөнермін.

Әзірлеген –
З.ЖАЗКЕНОВА,

Май ауданының орталықтандырылған
кітапхана жүйесінің кітапханашысы.