Домбырама

(марқұм Шайқы
Тілеуқабыловқа арнаймын)

Бірге жасап өмірімен қазақтың,

Жаныменен араласқан қазақсың.

Ашу, қайрат, кек толқынын тулатып,

Дауылпазша самғатуға  жарапсың.

 

Бөлеп күйге той мен  думан арасын,

Лепіртіп от көкірекке жағасың.

Сыбырласып шерлі жанмен мұң жұтқан,

Жылы тілеп жаздың жүрек жарасын.

 

Ескерткіш ең, «көр – деп берген – көзімдей»,

Құшаққа алсам, Шайхы марқұм өзіңдей.

Күмбірлеген сазды үнің сыр шертіп,

Құйылады құлағыма сөзіңдей

Қожагелді Шайқы Тілеуқабылов Қарағанды мұғалімдер институтында 1-курста оқып жүрген кезімізде денсаулығы сыр беріп, дәрігерлер «Енді сенің денсаулығың оқуды жалғастыруға жарамайды, елге, үйіңе қайт» деген екен. Жанында тағы бір екі адам бар, мені домбыра сататын киоскіге шақырып, «Мынаның ішінен тәуірін таңдашы» деді. Таңдаған домбыраны қолына бердім. Сондағы айтқаны, енді біз бір-бірімізді көреміз бе, мына домбыра менен ескерткіш болсын саған, – деп қолыма ұстатып, қош айтысып, елге жүріп кетті. Бұл 1948 жылдың 7 қарашасының қара суығы еді. Содан қыс жатып, келесі жаз дүние салыпты. Осы домбырамен екі ән жаздым. Бірінші ән – Совет Одағының батыры, ұшқыш Нүркен Әбдіровтың рухына  арналған «Қыран туралы жыр». Жатақханамыз сол көшеде орналасқан еді. Сөзі Әбу Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» кітабынан. Екіншісі – Сәбит Дөнентаевтың «Балалық» деген өлеңіне. Қазіргі күні сахналарда айтылып жүр. Домбыраның өзі қазір Павлодар қаласының «Бұқар жырау» атындағы музей қорында сақтаулы.

Адамға алғашқы асу – жігіттік шақ,

Балалықты білмейсің, сор менен бақ.

Іліп алар жез қармақ тіл менен көз,

Қамыс сырнай, жез таңдай бір қу сұр жақ.

 

Шоқан жұлдыз, ғылым ед дос көргені,

Абай Әбіш ауылына  бос келмеді.

Сұлтанмахмұт білімге жанын үзді,

Бәрі бір, патша – құдай қош көрмеді.

 

Емдене алсам түсіп тұр бір сапар жол,

Біле алмаймын  жағдайды қысқарақ қол.

Деді де Шайхы марқұм  жүре берді,

Ал, мен кеттім, Зекебай,  қош, аман бол!

 

Мен кеттім «Жолдауменен» Омбы, Есіл көл,

Мұрынға су жетпейді бір  батпақ шөл.

Халқының күнкөрісі шаруасы мол,

Мамандар жоқ жұмыста, кадрлар ноль.

 

Он жылда елге оралдым аман-есен,

Көз алдымда тұрады Шайқы десем.

Әбікен ағаларға көңіл айтып,

Зираты шеттеу екен, іздеп келсем.

 

Мойнымда жүргендей бір қарыз парыз,

Тоқсан бесте айтайын кімге арыз?

Суретін елден іздеп зорға таптық,

Әлияның қолында қалған жалғыз.

 

Бұйрық боп жарық көрсе «Алғашқы асу»

Қолыңда дайын жүрсін шашар шашу.

Өшкен жанып, өлгенің тірілгендей,

Алладан жүрек жарды болсын тасу.

 

Дүние-ай, жан қадырын білмедік пе,

Сақтық сөзді құлаққа ілмедік пе?

Тоқсанда атқа мініп қой баққанға,

– Ақсақал, Хал қалай – деп күлмедік пе?

 

Не дұрыс, не қатені айыра алмай,

Мән бермей мәңгүрт болып жүрмедік пе.

Ел не болса, сол болам деген сөзбен,

Жауапсыз бейқам өмір сүрмедік пе.

 

Ақыры осы болды көрген өмір,

Бәйге аттай жеткізбей тұр, қайран көңіл.

Артыңда атыңды атар адам болса,

Бұл өлім өң мен түстей болар жеңіл.

 

Жалғаннан тірі жанның бәрі де өлмек,

Ажал жүр құтқармастай  құрған өрмек.

Дүниеге кім келіп, кім кетпейді,

Жаратушы Алланың өзіне ермек.

 

«Баста ми ақыл-естен аудырарсың,

Қайран көз жан шығарда  жаудырарсың.

Қағазға аттай шапқан он саусағым,

Астында қара жердің саудырарсың.»

 

Деп Мәшһүр әулие ата  қандай жаста,

Айтты екен таңбадай сөз басқан тасқа.

Ойласам айна, ешбір қатесі жоқ,

Түсетін хикмет қой біздің басқа.

 

Бұл сырқаттан айығу маған қайда?

Ішкен дәрі қонбай тұр, қылған айла.

Өкпені жегі құрттар  жеп тауысу да,

Бұл күй де қояр емес ешбір жайға.

 

Көз жұмсам алда-жалда, қош болыңдар,

Ұйымшыл, тату – тәтті дос болыңдар.

Тілеуқабыл ұрпағы Азат-мұрат

Біреуге пәнда болмай  бос болыңдар!

Мәкен, Ажар,  бар аналар ұрандай,

Мәлен, Мүсен, Әбікендер қырандай.

Есімдерің менімен бір кетеді,

Оқылатын бақилыққа  құрандай.

 

Жасыбай

 

Күзетші қарт атайға,

Тілеп барсақ ертегі.

Таусылмайтын алты айға,

Әңгімесін шертеді.

 

– Білеміз бе жылдарын

Болса керек әрірек.

Жайлап қыс-жаз  қырларын,

Сарыарқаның дәлірек.

 

Шауып-шаншып шаңдатып,

Қалың жоңғар – қалмағы.

Қан сасытып таңдатып,

Қазақта мал қалмады.

 

Қуып шығып қоныстан,

Тауды алыпты әуелі.

Қазақ қаша соғысқан,

Болып қалмай тәуелді.

 

Батыр бегі Шойынды,

Орнапты кеп осында.

Жасап сауық-ойынды,

Тіккізіпті қосын да.

 

Жасақ құрып Жасыбай,

Хабар сапты досына.

Олжабайлап ойда жоқ,

Ат қойыпты тосында.

 

Қиян-кескі арпалыс,

Содан былай болыпты.

Тізе қосып алты арыс,

Адамы атқа қоныпты.

 

Қалың қолдан қайысқан,

Солқылдапты қара жер.

Шаңқай боздар шабыстан,

Болған екен қара тер. 

 

Қылыш-найза шартылдап,

Соғылып күрс-күрс күрзілер.

Жебе зулап жарқылдап,

Қалыпты жандар құр сүлдер.

 

Кездесіп қап жекпе-жек,

Шойынды мен Жасыбай.

Аспан түсіп, тау құлап

Соқтыққан жар тасындай.

 

Ат үстінен айқаста,

Шірей сілтеп сойылды.

Жасыбай ап жамбасқа,

Түсірді аттан Шойынды.

 

Өліктерін тасыпты,

Оба соғып тас үйіп.

Баян таудан қашыпты,

Тізе бүгіп бас иіп.

 

Жасыбай, Көшет, Жалаңтөс

Үш асуда жатыпты.

Жауырын ашып бір бақсы,

Жау кетті деп шатыпты.

 

Тыным кеткен ертеден,

Ұйқы мен қол қатыпты.

Жасыбайды ертемен,

Қарауылдан атыпты.

 

Көшет батыр, Жалаңтөс

Олжабайлар қуыпты.

«Қалмақ қырған» жерінде,

Қанды қанмен жуыпты.

 

Сын тастар көп қойылған

Өлген жерде бектері,

Былшита кеп ойылған

Бектерінің беттері.

 

Осы көлді ертеде

Дейтін содан «Шойынды»

Ел келген соң еркіне,

Шойынды аты жойылды.

 

Елге ауған тілегі

Батыр екен Жасыбай.

Қорқынышсыз жүрегі

Жолбарыстың басындай.

 

Қына шыққан тасына

Қабыры сонау қарсаңда.

Жалғыз қайың басында

Қазір көре барсаң да.

 

Емес пе ол күн Серменде,

Бас қорыған бар шара.

Міне, Отан сендерде,

Бақыт берген баршаға.

 

 

Зекебай СОЛТАНБАЕВ.

1965 жылы түптеген «Алғашқы асу» кітабынан үзінді.
Кітап Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер
музейінің қорында сақтаулы.