Биыл Ақтоғай ауданының құрылғанына 85 жыл  толып отыр. Осыған орай Ақтоғай ауданының көлемінде әр түрлі мәдени іс-шаралар өткізіліп жатыр. Сонымен қатар, ақын-жазушылардың мерейтойлары ерекше тойланып, халыққа рухани азық сыйлауда.

 Қазақ – сөз өнерін, жыр құдіретін бағалай білген халық. Сондықтан болар, халқымыз аялап ардақтаған, қадірін білген, мақтан ететін бір-туар ақын жазушыларымыз, асыл сөздің інжу-маржанын тізіп, туған еліне, жұртына ет жүрегімен қоса ұсынатын. Сондай ақындарымыздың бірі де бірегейі, Өтес ауылының тумасы Қабдыкәрім Ыдырысов осыдан 95 жыл бұрын дүниеге келген. Мен жерлес ақын туралы кітапханада мәдени іс-шаралар өткізіп, ақын туралы бірнеше мақалалар жазған болатынмын. Зейнеткерлікке шыққанға дейін де, кейін де осы бағытта біраз іздендім. Бүгінгі тақырыбым ерекше ақынның әкеге сағынышы, сол арқылы ауылының ақсақалдарына деген құрметі хақында болмақ. Өмірден жастай озған тағы бір тума талант Төлеген Айбергенов «Ақын болып өмір кешу оңай деймісің, қарағым? Аузында болу ол сыздаған барлық жараның…» деген екен. Қабдыкәрім ақын өз естелігінде 1937 жылы қыркүйек айының 17 жұлдызында әкесін «Халық жауы» деп алып кеткенін айтады. Қазақтың қасіреті Қабдыкәрім ақынның өзегінен өтті. Осы қайғы Қабдыкәрім Ыдырысовтың кейін жазған «Әке жолы» атты репрессия жайлы даңқты поэмасының арқауы болды. Осы поэма оны ақын ретінде халыққа танытты. 1967 жылы «Армысың, ауылымның ақсақалы» атты мақа-ласын жазды. Сол мақалада: «Міне, менің көз алдымда ашаңдау келген, ұзын бойлы, жанары теңіз түсіндей көк, кексе адамның кейпі тұр. Бұл – Нұрқожа ақсақал. Бұл кісімен түйдей құрдас Әбдіғалым қария. Ауылымдағы ардақты ақсақалдарымның бірі Әшімбек Ақажанов, Тілеубердин Ыдырыс…өмірдің талай қырлы белестерін басынан өткерген ақсақал. Бір кездегі атақты тракторшы Шахман қарт, темірді тісімен шайнаған «білгір қара ұста» атанған Әубәкір ата, бір кездері ауылымыздың төрағасы болған қызыл шырайлы Қайырбай – «Дөден» ағайды ұмытқам жоқ. Ауылымыздың осы күнгі  ақсақалдары Сейтханның Арыны, Жұмаштың Сәрсенбайы, Арынжанның Саматы. Аталған қариялардың қай-қайсысы болсын басынан өткерген 30-40 жылдың бейнеті, зейнеті, еңбек жолы осы күні «дайын асқа тік қасық» кейбір жастардың көбіне ой саларлық. Мақаланың соңында ақын мен ауылдағы аталарым мен ағаларыма әрқа-шанда «Армысың, ауылымның ақсақалы» деп иіліп сәлем бергім келіп тұрады. Мен солардың қатарының шетінемегенін тілеймін. Өмір бар жерде өлім бар. Бүгінде бұл қариялар жоқ, о дүниелік болып кетті. 1978 жылдың тамыз айында ақын елге келді. Алдыңғы машиналарды өткізіп жіберіп, өздері Өтес ауылына бұрылды. Ақын аға мінген машинада Жұбан Молдағалиев, Әсет Бейсеуев, Сағи Жиенбаев болатын. Олар Байғабылов Темірболат пен Күләннің шаңырағына барды. Мен сол үйде болатынмын. Біз шай бердік. Мен шайды құйып отырдым, ал ақын аға әперіп отырды. Сонда менің кітапханада жұмыс істейтінімді білген соң Жұбан Молдағалиев: «Қарындасым, кітапханада менің кітаптарым бар ма?» деп сұрады. «Әрине бар, біз поэзияны жеке бөліп орналастырамыз» деп, қандай кітаптары барын айтып, бір өлеңін оқып бердім. Отырғандардың ортасында масаттанып қалды. Оқырман ойлар басқалар қайда болған, – деп. Елдің бәрі, үй-ішіндегілер орталықтағы мектепке кеткен, сол жерде тосып тұрған. Ақын аға шаңыраққа сәлем беремін деп бірінші сол үйге бұрылған. Ақын 1978 жылы Алматыға барғаннан кейін «Ауылымның аялы алақаны» атты ой-толғауын жазған.

– Міне, мінбеге ауылдағы құрметті қарияларымыздың бірі Қайкен Жармакин шықты. Бұл кісі – менің әкем Ыдырыспен тұстас қызметке араласқан алғашқы коммунистердің бірі. Көзіме өз әкем елестеп кетті. Бойымды жинап алдым. Қакең жалынды сөзін маған қарап тұрып, өлеңмен мәнерледі.

Іргелі келеді елің совхоз болып,

Жібек жүнді қойларға қора толып.

Жүлде алған озат шопан Мәдетім  бар,

Әкесі герой Мұқан Шажанқанов!

 

Дайынбыз, балам, сіздің жолыңызға,

Табыс пен жарыс туы  өз қолымызда.

Ауылыңның абыройы  артып отыр,

Партия мол байлықтың  жолын сызған.

Осындай, Қабдыкәрім, ауылыңыз,

Совхоздың орта буын тәуіріміз.

Он жеті ұлт ақ шатырлы төрт жүз үйде,

Барлығы бір туғандай бауырмыз біз.

Осы елде өзің, туып, өстің жастан,

Жаңалық көп ауылыңда алға басқан.

Ұштай бер, қажымастан қаламыңды,

Жетерлік жемісті еңбек  жазсаң дастан!

Сыры да, жыры да осы ауылымның.

Ал мен не демекпін? Не бітіріп тастадым демекпін мен?  «Қошеметтеріңе рахмет» деп зу етіп шығам ба? Жоқ. Оған перзенттік парызым, мойнымдағы әлі көбі өтелмеген қарызым жіберген емес.

Ендеше, ақыным, сөйле.

Ақтал кәне, туған еліңнің

алдында, туған ауылдың  алдында.

Мен сөйлеп тұрмын.

Ауылдастарыма,

туған ауылыма арнаған өлеңімді оқып тұрмын,

Бәрі де… бәрі есімде,

Ұмытсам мені кешірме,

Көтерген жерден өзіңсің

Талпынтқан алға, өсуге.

Бәрі де… бәрі есімде,

Ұмытсам мені кешірме.

Балапан жырым бал жинап,

Қанатын қақты төсінде…

Таңсынам саған несіне,

Сен берген толы несібе              

Көркіңді көріп көсілген,

Түседі бәрі есіме…

Маған салса, қазір мінбеден жүгіріп түсіп, мына отырған қарттарымның төсіне басымды төсеп, алдарына құлай түсер ме едім. Шіркін дүние-ай деймін, әкесін бір иіскеуге зар болып, әкенің құшағын сағынған, әкеге деген махаббаты ешқашан сөнбеген… «Әке жолы» поэмасын әр оқыған сайын әр түрлі ойға қаламын. Шіркін бүгінгі тәуелсіздікке жеткенде ақын аға «Әке жолы» поэмасын басқа да қырларымен жазған болар еді… «Әттеген-ай» дейтін тағы бір дүние бар, сол жолы әкем Қайкен Жармакин Қабдыкәрім Ыдырысовқа бір папка өлеңін берген болатын. Өйткені Қ.Ыдырысов ол кезде «Жалын» баспасының директоры еді. Сол себепті де әкем біраз өзі жазған өлеңдерін баспаға басуға берген. Кейін Бәтіш жеңгейге сол папкалар туралы айттым. «Кел, көп папкалар бар» деді. Бірақ сол кезде мен бара алмадым. Ақын аға елден барған соң біраздан кейін ауырып, өмірден озды. Біз Қабдыкәрімді елінің жыры, жігіттің гүлі есебінде әлі талай еске аламыз. Қазақ даласының бар жерінде Алатау басында, Ертіс жағасында, Баянауыл баурайында, туған кіндік қаны тамған ауылында, өз елінде аяулы ақынмен әлі талай кездесетін боламыз.

Мақаламды ақынның өз өлеңімен түйіндегім келеді.

Ақын мінез – көңілдегі арға сын,

Ақын сенің ақыл досың  жолдасың.

Аялаңдар, ағайындар, ақынды,

Ақын оты жолда сөніп қалмасын!

Ауылымыздың ел еңсесін биіктеткен жерлес аға, қасқайып сарыарқаның кең төсінде, қол бұлғайды келешекке Ақын аға.

Дана ЖАРМАКИНА,

ҚР Құрметті кітапханашысы. Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, Әуелбек ауылы, Ақтоғай ауданы.