Салтанат ЫДЫРЫСОВА, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының басшысы (пікір ғаламтордан алынды):

- Психо-эмоционалдық тұрғыда жұмысы ауыр дәрігерлердің зейнетке ерте шығу мүмкіндігі болуы керек. Ол тізімге хирургтер, акушер-гинеколог және неонатологтар кіреді. Біз заңға осындай өзгерістер енгізуді қарастырып отырмыз. Кеңестік кезеңде жұмысы ауыр дәрігерлерге мұндай мүмкіндік берілетін болған. Зейнетақы қорында ақшасы жеткілікті болса, жоғарыда аталған санатқа жататын дәрігерлерді 55 жастан зейнеткерлікке шығаруды ұсынып отырмыз. Бұл ретте, жұмыс өтілі де маңызды. Оның қанша жыл болуы керегі қазір талқылануда.


Әмина ҚАБЖАМИТОВА, Павлодар қаласындағы №4 емханасының хирург-дәрігері:

- Бұл – көптен бері шешімін таппай келген мәселелердің бірі. Хирургтердің жұмысы күрделі екені айтпаса да түсінікті. Олар қашанда алдыңғы шепте жүреді. Адамның денсаулығына, өміріне тікелей жауапты мамандардың бірі. Ота жасайтын үстелдің үстінде өмір мен өлім арасындағы арпалыс- тар кезінде қаншама күш-жігерін жұмсайды. Хирург үшін әрбір ота психологиялық тұрғыдан ауыр тиеді. Сондықтан аталған сала мамандарына зейнетке ерте шығу құқығы берілуі тиіс деп есептеймін. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысында белгілі бір мөлшерде еңбек өтілі есептелетіні айтылады. Бұл да - дұрыс. Алайда, дәрігердің жалпы еңбек өтіліне денсаулық сақтау мекемелеріндегі нақты жұмыс уақыты ғана емес, уақытша жұмысқа жарамсыз болған кезеңі, жыл сайынғы еңбек демалыстары, декрет және бала күтіміне байланысты демалыстары да есепке алынуы қажет. Сондай-ақ, дәрігерге жүктелетін негізгі міндеттердің бірі біліктілікті арттыру екенін ескерсек, кадрларды қайта даярлау, біліктілігін арттыруға бағытталған оқу курстарына жұмсалатын уақыт та еңбек өтілі ретінде есептелсе дейміз. Қорыта келе, хирург дәрігерлер зейнетке жасына қарап емес, еңбек өтіліне орай ерте шығуы қажет деп есептеймін. Атап өтерлігі, мұндай тәжірибе көрші Ресей елінде қолданылады.


Гүлден ӘУБӘКІРОВА, ұстаз:

- Бұл бастама дәрігерлердің тапшылығына алып келуі мүмкін. Онсыз да елімізде хирург, неонатолог сияқты мамандар зор сұранысқа ие. Олардың салалары күрделі. Адамдарға, соның ішінде кішкентай нәрестелерге ота жасау үшін тәжірибелі мамандар қажет. Ал егер елімізде тәжірибесі толысқан дәрігерлерді зейнетке ерте жібере беретін болсақ, кадр тапшылығы мәселесі туындайтыны сөзсіз. Онымен қоса, бейнетінің зейнетін ерте көремін деген ақ желеңділерге зейнетақы қорына көптеп қаражат жинауға тура келеді екен. Себебі, ертерек зейнетке шығу үшін дәрігердің зейнетақы қорында ақшасы жеткілікті болуы керек. Онда ай сайын жалақыдан ұстап қалатын тиісті 10 пайыздан бөлек, қосымша қаражат салуға тура келеді. Дәрігерлердің жалақысы соншалықты көп деп айтуға келмейді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегінше, бүгінде атқарған қызметіне қарамастан еркектер 9,1 млн. теңгелік қормен 55 жастан, ал әйелдер 13 млн теңгемен 51 жастан зейнетке шыға алады екен.

 

«Алаңды» үйлестірген – Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz