Биыл – Кеңес Одағының батыры, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына – 100 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтулы датаны кең көлемде атап өтуді тапсырған болатын. Президент  даңқты батыр Сағадат Нұрмағамбетовтің мерейтойы екенін тілге тиек етіп, әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» орденінің бірінші дәрежесіне хас батырдың есімін берді.

 

Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Еліміздің жылнамасында есімі алтын әріппен жазылған батырларымыз аз емес. Мен халқымыздың осындай  даңқты перзентіне жеке тоқталғым келеді. Майданға взвод командирі ретінде аттанған Сағадат Нұрмағамбетов соғысты Берлин түбінде батальон командирі болып аяқтады. Сұрапыл соғыстың барлық қиындығын көрген ол Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі болды» деп қазақтың қадірлі ұлының еңбегіне зор баға берген болатын.

Облыс орталығында да Кеңес Одағы батырының мерейтойын атап өту шаралары бастау алған. Жуырда С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов» атты кездесу кеші өтті. Армия генералына арналған кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Кітапхана сөресінде даңқты қолбасшыға арналған кітаптар молынан топтастырылған. 2020 жылы Павлодар қаласындағы Чкалов көшесіне Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілгенін де ерекше атап өткен жөн.

Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы
25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында өмірге келген. 1942 жылы өз еркімен Қызыл армия қатарына шақырылып, Түркіменстанның Кушка қаласындағы әскери училищеге жіберіледі. Оқуын бітірген соң 1943 жылдың сәуір айында лейтенант шенінде майданға аттанды.

Екі жыл бойы пулемет взводының, пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі лауазымында жауға қарсы шайқасты. 1945 жылы 27 ақпанда Польша аумағында жаудың мықтап бекінген қорғанысын бұзуға жауынгерлік тапсырманы үлгілі орындағаны, ерлік пен батылдық көрсеткені үшін оған Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Осыдан кейін майор Сағадат Нұрмағамбетов басшылық еткен батальон рейхсканцелярия ғимаратына шабуыл жасап, қаһарман қазақ жігіті соғысты Германия астанасында аяқтады.

«Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер» демекші, 22 жасында қан кешкен алапат соғысқа қатысып, батыр атағын алып, жауды Берлинге дейін түре қуып, фашистердің ордасын талқандаған батыр еді. Одан кейін әскери қызметке көп еңбек сіңіріп, сонау Кеңес Одағы кезінде генерал-лейтенант атағын алған.

Ол 1946–1949 жылдар аралығында Мәскеудегі М.И.Фрунзе атындағы әскери академияны тәмамдап, Орта Азиядағы Түркістан әскери округіне полк басқаруға жіберілді. Содан соң әртүрлі штабтық, командалық лауазымдарда, оның ішінде Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік топ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары (Венгрия) қызметін атқарды. КСРО Қарулы Күштері Бас штабының академиясындағы курстарда оқыды. Сағадат Нұрмағамбетов 1989 жылдан бастап Қазақ КСР соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіндегі Ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектері істері комитеті төрағасы қызметтерін атқарды.

1991 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мемле-кеттік Қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы 7 мамырда республика Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Осы орайда мол әскери білім мен тәжірибе иесі Сағадат Қожахметұлы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің Қарулы Күштерін құруға, сондай-ақ оның жаңа заңды құжаттарын, алғашқы қорғаныс доктринасын қалып-тастырып, күрделі саланың негізін қалап, жүзеге асыруда айрықша қызмет етті. Жас мемлекетіміздің Қарулы Күштерін кәсіби тұрғыдан бәсекеге лайықты сапаға бейімдеді. Сөйтіп өзінің дарынды қолбасшы екендігін бейбіт өмірде де көрсетіп, ұрпақтар ұмытпайтын ұлағатты іс атқарды.

1994 жылғы 23 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетовке Халық қаһарманы атағы мен №1 «Алтын жұлдыз» табыс етілді. 1995 жылғы қарашада Армия генералы атағымен отставкаға шығып, ел Президентінің кеңесшісі болды.

Бүгінде Қазақстан астанасындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектебі Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атында.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.