Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласындағы ұрыста жерін жаудан қорғап қалған батырлардың елге деген махаббаты – ұранды елдің ұрпағына үлгі. Сол тұста қиындыққа қайыспаған ерлер көп. Олардың бірі – менің атам Мұхтар Адамжанов.

Мұхтар Адамжанұлы 1907 жылы 2 қаңтарда Павлодар облысы Май ауданында дүниеге келген. 1941 жылдың тамыз айында оған Май аудандық әскери комиссариатынан шақыру қағазы келеді. Қызыл Еңбек ауылынан өзінің жүк машинасымен соғысқа аттанады. Сталинград шайқасына қатысып, осы машинасымен оқ-дәрі, снарядтар тасыған. 1943 жылдың маусымынан қыркүйек айына дейін 254-жеке автокөлік транспорты батальонында жүргізуші, сол жылдың қыркүйегінен 1945 жылдың желтоқсанына дейін 75-жеке автокөлік транспорты батальонында жүргізуші болып бейбіт күнді жақындатуға сүбелі үлес қосқан.

Елге аман-есен оралған соң да еңбекке араласып, көппен бірге жұмыла жұмыс істеді. Қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, бірнеше орден, медальдармен марапатталды. Айталық, 1967 жылы 19 сәуірде «Ленин» ордені, 1970 жылы 22 қаңтарда «50 лет Вооруженным силам СССР» мерейтойлық медалінің иегері атанды. Сондай-ақ, «За доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941-1945», «За освоение целинных земель», медаль «За Победу над Германией в Великой Отечественной войне 1941-1945гг» және «Ударник социалистических соревнований» белгілері табысталды.

Өкінішке қарай, 1970 жылы өмірден өтті. Әжемнің қазір тұрып жатқан көшесіне атам Мұхтар Адамжановтың есімі берілді. Осындай азаматтың ұрпағы болу – біз үшін мақтаныш әрі абырой.

 

Дәурен ИБРАЙКИН, Павлодар станциясы ЖПБ ЖКТ аға криминалисі, полиция капитаны.