Қазақстанда көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталды. Қазіргі таңда шақырту пункттерінде азаматтарды медициналық тексерістен өткізу және құжаттарын нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Осы бір жауапты кезеңде әскерилердің борышын өтеуге дайындау қалай жүргізілетіні жайлы Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің орынбасары Қуат Жақановпен тілдескен едік.
— Қуат Тілеуқабылұлы, көктемгі әскерге шақыру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Меди-циналық комиссия жұмыс-тарының жағдайы қалай?
— Қазірге дейін өз борышын өтеуге аттанғандар саны 51-ге жетті. Олар Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан өңірлеріне шекара қызметі бойынша борыштарын өтеуде. Жалпы, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінен берілген тапсырмаларды орындадық. Әскерге шақыртылған азаматтар тіркеу бойынша аудандық мекемелерде тексерістен өтеді. Қорғаныс министрлігінің бұйрығында-
ғы талаптарға сәйкес медициналық куәландыруларын қолдарына алады. Облыста арнайы құрылған комиссия бойынша әскерге жасақталған азаматтардың денсаулықтары бойынша жеке-жеке сараптау жүргізіліп, оларды әскери борышын өтеуге дайындайды. Кішкентай кезінен смартфон қолданып өскен буынның көптігі сол, қазіргі таңда көру қабілетінің нашарлауы ескерілместен қызметке қабылдауда. Бұл — тек арнайы комиссияның шешімімен болатын жағдай. Жалпы айтқанда, бұған дейін де әскери борышын өтеушілер ішінде көру қабілеті нашар азаматтар болған. Сондықтан қалыпты жағдай деп ойлаймын.
— Қандай жағдайда әскери борышын кейінге қалдыру орындалады?
— Әскери борышын өтеуді кейінге қалдыру Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес нақты негіздер бойынша жүзеге асырылады. Ең алдымен, әскери қызметті кейінге қалдыру денсаулық жағдайына байланысты беріледі. Медициналық тексеру нәтижесінде азамат уақытша жарамсыз деп танылған жағдайда, емделу немесе оңалту мерзіміне сәйкес шақырту кейінге шегеріледі. Сонымен қатар, отбасылық жағдай да маңызды фактор болып саналады. Егер азамат асыраушы болып табылса немесе күтімді қажет ететін жақын туысына қарайтын басқа адам болмаса, онда заң аясында оған кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылады. Сондай-ақ, үйленген екі не одан да көп баласы бар азаматтар бұл жауапкершіліктен босатылады. Тағы бір негізгі себеп — оқу. Күндізгі бөлімде білім алып жатқан азаматтарға оқуын аяқтағанға дейін әскери борышн өтеуді кейінге қалдыру беріледі. Бұл колледж, жоғары оқу орны, магистратура және докторантурада оқитын жастарға қатысты. Айта кету керек, әскери қызметті кейінге қалдыру мүмкіндігі автоматты түрде берілмейді. Ол үшін азамат әскери басқару органына тиісті құжаттарын тапсырып, медициналық және шақыру комиссиясының қорытынды шешімінен өтуі қажет.
— Азаматтардың әскери борышын өтеу барысында олардың денсаулықтарына қандай көңіл бөлінеді?
— Әскери борышын өтеушілерде қызмет барысында денсаулық жағдайы бойынша шағымдар болса, арнайы әскери ауруханада тексеріледі. Сондай-ақ, күн сайын әскери бөлімдердегі медбикелер оларды тексеріп отырады. Бұл — азаматтардың жеке қауіпсіздігі мен денсаулығына деген қамқорлық мақсатында жүргізілетін шаралардың бірі. Арнайы психолог мамандар да борышын өтеушілерді жіті қадағалап отырады.
— Медициналық комиссия жұмысына тоқтала кетсеңіз…
— Әскери қызметке шақыры-лушылардың медициналық комис-сиясы олардың денсаулығын толық тексеріп, әскери қызметке жарамдылығын анықтауға арналған. Процесс бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен азаматтың құжаттары қабылданып, жалпы медициналық тексеру жүргізіледі, кейін профильдік дәрігерлер – терапевт, хирург, офтальмолог, ЛОР, невропатолог, психиатр және стоматолог қарауынан өтеді. Сондай-ақ, қан, зәр талдауы, ЭКГ, флюорография сияқты зерт-ханалық және диагностикалық тексерулер жасалады. Қажет болған жағдайда қосымша тексеруге жіберіледі. Барлық нәтижелер бойынша комиссия соңғы қорытынды жасап, азаматтың әскери қызметке жарамдылық санатын белгілейді және шақыру комиссиясына ұсынады. Дәл қазір борышын өтеуге дайын азаматтармен арнайы психолог маман жұмыс істеуде. Ол азаматтармен психологиялық тест өткізіп, олардың қызметтік өмірге қаншалықты төзімді екенін анықтайтын анкеталар ұсынады.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан — Сара ӘБДОЛ.
