Дала төсін дүбірге бөлеген Ертіс-Баян өңірінің диқандары егін жинау науқанын қызу қарқында жүргізуде. Егілген өнімді төкпей-шашпай жинап алу қарекетіне көшкен диқандар қауымы биылғы науқанда мол өнімге қол жеткізуді межелеп отыр. Жалпы, ағымдағы жылы облыс бойынша егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 1 657,3 мың гектарды құрады. Бүгінде оның 20 пайыздан астамы жинап алынды. Қыр басындағы қызу жұмысқа тоқтала кетейік…

Ала жаз бойы агрономдар мен шаруалар таңнан кешке дейін тоқтаусыз еңбек етті. Енді бірер аптадан кейін қырман басындағы қызу тірлік түйінделіп, диқандар өнімдерін түгел жинап алады. Алты ай төккен тердің жемісін көретін күн де алыс емес. Ерте көктемнен басталған тіршілік, ала жаздай еткен еңбектің басы күзге дейін тіреліп, айға жуық егінші қауым қарекет етуде. Тынымсыз жасалған жұмыстың берекелі болуы — үлкен қуаныш. Бүгінгі таңда павлодарлық фермерлер егін дақылдарын жинау науқанын жалғастыруда. Шаруашылық мамандары қолайлы ауа райының арқасында әр астықты ысырапсыз жинау үшін күндізгі сағаттың әр минутын тиімді пайдаланып жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта облыс бойынша барлығы 286,4 мың гектар немесе ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егілген алқабының 20 пайызы (1406,2 мың гектар) жиналды. Оның ішінде астық – 278,6 мың гектар немесе 30 пайыз жиналды. Жалпы түсімі — 310,5 мың тонна, орташа өнімділігі гектарына 11,1 центнерді құрайды.

— Бүгінгі таңда облыс бойынша 4,9 мың гектар алқаптан картоп жиналды, жалпы өнім 174,2 мың тоннаны құраса, түсімділігі гектарына 354 центнерді құрады. Сондай-ақ, көкөніс 1,6 мың гектар жерден жиналып, жалпы өнім – 54,0 мың тонна, өнімділігі гектарына 347 центнерді құрады. Жалпы орылған алқап 1406,2 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар, ағымдағы жағдайға сәйкес облыста дәнді дақылдар – 928,5 мың гектар, майлы дақылдар – 374,4 мың гектар, мал азықтық дақылдар – 70,8 мың гектар, көкөніс және бақша дақылдары – 7,8 мың гектар жерден жиналуда, — деді басқармада.

Егін орағы қарсаңында ауыл шаруашылығы техникаларының ең қажетті жанармайы – дизель отыны екені мәлім. Биыл күзгі дала жұмыстарына облыс бойынша 30,7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,9 мың тоннаға артық (2023 жылы – 28,8 мың тонна). Дизель отынының орташа бағасы тоннасына 271 493 теңге, операторлық қызметтерді есепке алғанда 282 493 теңге немесе литрі 238 теңгені құрайды. Бүгінде 21 475 тоннаға өтінім берілді. Оның 13 103 тоннасы төленіп, 11 274 тоннасы жөнелтілді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жалпы сыйымдылығы 277,3 мың тоннаны құрайтын 6 элеватор, сыйымдылығы 912 мың тоннадан асатын 263 қойма алаңы бар. Атап өтсек, 65 мың тонналық «Агример Жолқұдық» ЖШС, 48,5 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік беретін «АТО Щербактинский элеватор» ЖШС, 50 мың тонналық «Павлодарская Нива» ЖШС, сыйымдылығы 30 мың тоннаны құрайтын «Арго» фирмасы ЖШС. Сондай-ақ,
46,8 мың тонналық «Ертіс Агро» ӘКК» ЖШС және 37,0 мың тонна астық сақтауға мүмкіндігі бар «Групп КСМ» ЖШС.

— Бүгінгі таңда элеваторлардағы астықтың көлемі 49,0 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде бидайдың 3 класы 40,9 мың тонна. «Азық-түлік корпорациясында» АҚ 3 класты бидайдың көлемі 18,3 мың тоннаны құрайды. Егін жинау жұмыстарына жұмылдырылған жалпы өнімділігі тәулігіне 49200 тоннаны құрайтын 85 бірлік астық кептіретін техника бар, оның 52 бірлігі 2015 жылға дейін, 33 бірлігі 2015 жылдан кейін сатып алынған. Дизельдік отынға қажеттілік 2,8 мың тонна, сұйытылған газға 4270 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда ылғалды астықты кептіруге 2800 тонна арзандатылған дизель отыны, 1008 тонна газ бөлінді, — деді баспасөз қызметінде.

 

А.МҰҚЫШЕВ.